Қоғам • 24 Тамыз, 2020

«Қазақфильмге» қасақана өрт қойылған ба?

431 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

14 тамыз күні Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының аумағы өртке оранды. Алты жүз шаршы метр аумақты шарпыған қызыл жалынды ауыздықтауға 53 өрт сөндіруші қызметкер мен 16 техника жұмылдырылды. Дүйім елді дүрліктірген төтенше жағдай салдарынан құрылыс материалдары мен 2 қабатты ағаш декорация түгел жанып кеткен болатын. Түрлі болжамдар айтылғанымен, өрттің неден болғаны әлі де белгісіз.

«Қазақфильмге» қасақана өрт қойылған ба?

Абырой болғанда алапат өрт салдарынан адам шығыны болған жоқ. Десе де «Қазақ хандығы», «Көшпенділер», «Батыр бабалар» сынды көптеген тарихи фильмдердің негізгі эпизодтары түсірілген декоративті алаңқайдың сау тамтығы қалмаған. Өрттің шыққаны туралы хабар қалалық өрт сөндіру қызметіне 14 тамыз күні кешкі сағат 21:33-те хабар­ланған. Оқиға орнына шұғыл жеткен мамандар тілсіз жаудың одан әрі өршуіне жол берген жоқ. Төтеншеліктер оттың екі жерден шыққанын мәлімдеді. Жедел арада қабылданған шаралардың арқасында аумағы 400 шаршы метр ошақ сағат 23:10-да, екінші 200 шаршы метрлік өрт ошағы 23:26-да толық сөндірілген.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Төтенше жағдай департа­менті мен полицияға өрттің шығу себебі мен шығынын шұғыл арада анықтауды тапсырған еді. Кейіннен оқиға орнына келген Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова да қазақ кино­сының қара шаңырағына баланатын қас­терлі мекенде орын алған бұл жағдай жіті бақылауда болатынын жеткізді. Ми­нистрд­ің қатысуымен өткен жиында өрттің алдын ала шығыны 48 миллион 981 мың теңгені құрайтындығы айтылды. Сондай-ақ жауапты мекемелердің өкілдері өрттің пайда болуының себебі мен хронологиясы туралы баяндама жасады.

Киностудияның әлеуметтік желідегі парақ­шасында өрт шығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. Онда: «Киностудия әкімшілігі ішкі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Белгілі болғандай, ең алдымен өрт орман қоймасының ашық аумағында басталған. Шамамен 20 минуттан кейін «Қазақ хандығы» тарихи фильмі үшін жасалған «Шайбан шахтың ішкі аула­сынан» өрт шыққан. Бұл ағаш құры­лым алғашқы ошақтан 300 метр қашық­тықта орналасқан. От шыққан қоймада жануға бейім материалдардың болмауы мен электр тоғының тартылмауы өрт­тің өздігінен шығу фактісін жоққа шы­ғарады», – деп жазылған.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ директоры, белгілі режиссер Ақан Сатаев өрттің қасақана қойылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

– «Қазақ хандығы» декорациясы түгел өртеніп кетті. Бұл әдейі жасалған қылмыс деп есептеймін. Мұндай әрекет­ке барған қылмыскерлер тез арада қол­ға түсер деген үміттеміз. Тарихи деко­рация мен кино түсіруге арналған бұ­йым­дарды өрттен құтқару ісі жарым түнге дейін жалғасты. Төтенше жағдай департаменті және полиция қызметкерлері мен Алматы әкімдігіне жедел әрекет еткендері үшін алғыс біл­діреміз. Өртті сөндіруге көмектескен «Қазақфильм» қызметкерлері мен Nomad тобының каскадерлеріне де ерекше алғыс айтуға болады, – дейді Ақан Сатаев.

Тосын оқиға қолдан жасалды деген азаматтардың сөзінше, декора­ция мен қойма бір-бірінен алыс орналас­қан­дығына қарамастан өрт екі нысанды да шарпыған. Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та бұл пікірді қуаттай түсті.

«Қазақфильмді әдейі өртеді дегенге мен толықтай қосыламын. Әрине, кинода жүрген адамдар мұндай қадамға бара қоймас. Бірақ сыртта осы киностудияға көз алартып жүргендер көп. Өртенген декорацияда қыруар ақшаның ізі жатыр. Ол декорацияда «Қазақ хандығы» және тағы басқа біраз фильмдер түсірілген. Сол кезде қыруар ақша жоғалған. Соның барлығын декорацияға жауып, орысша айтқанда «списать» ету үшін әдейі жасалған қастандық болуы мүмкін. Өнерге суық қол араласқанда ол өнер бол­майды. Өнер білекпен емес, жүрекпен істеледі», дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Ал аталған киностудияға 2002-2007 жыл­дар аралығында басшылық еткен Сергей Әзімовтің пікірінше, қасиетті өнер ошағы әдейі өрттелді деу мүлде қисынсыз. «Киностудияның аумағы дұрыс қоршалмаған. Ойын қуған жас балалар кіріп, өртеп жіберуі де мүмкін. Өзіміздің ұжымнан біреу әдейі өрт қойды дегенге сенбеймін. Қазіргі індет кезінде жұмыс істейтіндер де азайды. Киностудияда жұмыс істеп жүргендер шамамен 15-20 пайызды құрайды. Мүмкін, күзеттің адамдарын да қысқартып, аумақ қараусыз қалған шығар?», дейді ол.

Ал белгілі кинопродюсер Қанат Төребай «декорация жымқырылған қаражатты жасыру үшін жойылды» деген пікірдің негізсіз екенін айтады. Оның ойынша, бұған дейін тексеріс жүргізген Республикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі есеп коми­теті атал­ған фильмнің декорациясынан еш мін таппаған.

– Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына жеті минутта жетті. Жанудың жүктемесі өте жоғары температураны тудырып өрттің тез таралуына ықпал етті. Арнайы сарап­­тама тағайындалды. Полиция депар­таменті­нің жедел-тергеу тобы және өрт зерт­хана лабораториясы зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізді. Материалдар жинақ­талып, бір тәуліктің ішінде полиция депар­таментіне жолданды. Істің мән-жайы құзырлы орынның тергеу амал­дары аяқ­талған соң анықталуға тиіс, – дейді Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі Гүл­дана Нұрымбетова. Полиция депар­та­менті­нің өкілдері де тергеу амалдары әлі жалға­сып жатқанын жеткізді. Сондықтан оқиғ­аның неден болғаны туралы кесіп-пішіп айту қиын.

Бұған дейін де басынан дау арылмаған «Қазақфильм» аумағында болған өрт­тің нақты себеп-салдары алдағы уақыт­та анықтала жатар. Бастысы өнер орда­сының ғасырға жүк боларлық бай мұрасы сақталған бірегей музейі мен әкімшілік ғимараты дін аман. Қазақ мәдениетінің жауһар туындыларына баланатын қаншама кинотуындылар дүниеге келген «Қазақфильм» киностдудиясын тек кино саласынының мамандары ғана емес, күллі жұрт – қазақ киносының алтын тұғыры деп есептейді. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов секілді дара тұлғалардың ізі қалған өнер ордасының іргесі берік болғай.

 

АЛМАТЫ