Білім • 24 Тамыз, 2020

Университеттердің тәуелсіз рейтингісі жасалды

552 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде алғаш рет студенттер, магистранттар, докторанттар мен түлектердің тікелей бағалауымен жоғары оқу орындарының рейтингі жасалды. Білім алушылар мен түлектердің пікірін саралап, білім ордаларының үздігін анықтау – Қазақстан студенттері альянсының бастамасы.

Университеттердің тәуелсіз рейтингісі жасалды

«Әлеуметтік сауалдама туралы ақпа­ратты БАҚ, Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілерде, сонымен қатар Қазақстан студенттер альянсының өңірлік филиалдары, белсенділері күшімен студенттер арасында тараттық. Студенттер, магистранттар, докторанттар мен түлектер әлеуметтік сауалдамаға екі тілде онлайн-форматта қатыса алды», дейді альянс президенті Ілияс Түстікбаев.

14 мамырда басталған сауалдамаға 20 маусымда нүкте қойылған. Оған еліміз­дің 14 облысы мен 3 респуб­лика­лық маңызы бар қаласында орналасқан 110 жоғары оқу орнының білім алушылары мен түлектері атсалысқан.

«Ұлттық экономика министрлігі Ста­тис­тика комитетінің 2020 жылдың ақпан айын­дағы мәліметтеріне сәйкес 2019-2020 оқу жылында елімізде 604 345 сту­дент тіркелген. Оның 112 247-сі біз­дің әлеуметтік сауалдамаға қатысты. Бұл рес­публикадағы жалпы студенттер саны­ның 18,6%-ын құрайды. Біздің сауал­дамаға қатысқан 112 247 адамның 84.25%-ы бакалавр, 4,7%-ы магистрант, 0,8%-ы док­то­рант және 10,25%-ы түлектер», дейді ұйым бас­шысы.

Жоғары оқу орындарының арасын­дағы үздіктер 9 талап бойынша анық­талды. Атап айтар болсақ, сауал­дама университеттің білім беру бағ­дар­ламасы, материалдық-тех­ни­калық базасы, ондағы сыбайлас жем­қор­­лық, түлектерді жұмыспен қамту, жа­тақ­ханалардың жағдайы, асханалардағы тамақ сапасы мен бағасы, университет басшылығының ашықтығы, сту­­денттердің өзін өзі басқару дең­гейі және мамандық таңдау себебі сияқты сұрақтарды қамтыды. Ілияс Түс­тікбаевтың айтуынша, рейтинг жоғарғы білімді тәуелсіз бағалау, абитуриенттерге кәсіптік бағыт-бағдар беріп, жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету, еліміздегі білім жүйесін дамытуға үлес қосу және еліміздегі білім орындарына жа­уапты министрліктер мен ЖОО басшы­лық­тарына ұсыныстар әзірлеуді мақсат етеді.

Сонымен нәтижелерге тоқталсақ, тәуелсіз рейтинг бойынша Nazarbayev University, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті алғашқы үздік үш университет қатарында. Одан кейін студенттер мен түлектер С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Сүлеймен Демирель атындағы университетті, Astana IT университетін, М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гума­ни­тар­лық заң университеті мен Қазақ ұлттық хореография академиясын үздік деп таныды.

Ал Азаматтық авиация академиясы, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, О.А.Бай­қоңыров атындағы Жез­қазған университеті, Нархоз универ­сите­ті, Қазақстан инновациялық академия­сы, Халықаралық бизнес универ­ситеті, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар дос­­тығы университеті, Астана универ­ситеті, Қазақ қатынас жолдары универ­ситеті, Алматы экономика және статис­тика академиясы студенттер мен тү­лектердің көңілінен шық­пайтыны мә­лім болды. Аталған оқу орда­лары рей­тингтің соңғы орындарына жайғасты.

Қазақстан студенттері альянсының сауалдамасына М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­­ситетінің студенттері мен түлек­тері бел­сенді қатысқан. Рейтинг жа­сау­ға қатыс­қандар студенттердің өзін өзі басқару ұйым­дары белсенді жұ­мыс жасайтын университет ретінде Nazarbayev University-тін таңдаған. Ал керісінше Шет тілдер және іскерлік карьера университетіндегі студенттік ұйымдарға білім алушылардың көңілі толмайды екен. Нұр-Мүбәрак Еги­пет ислам мәдениеті университеті жем­қорлық фактілері кездеспейтін университет деп танылды. Дегенмен, сауалдамаға қатысқандар Нархоз университетінде сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғанын айтты. Білім алушылардың ұсыныстары мен шағымдарына құлақ түрмейтін, студентке бағдарланған білім беру қа­ғидасын ұстанбайтын білім басшылығы – Қ.И.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық тех­ни­калық зерттеу университетінің ректораты. Ең арзан және дәмді тағамдары бар асхана – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетінің асханасы. Бағалары қолжетімсіз асхана – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­лекеттік университетінің асханасы. Түлектерін жұмысқа орналастыру бо­йынша Абай Мырзахметов атындағы Көк­шетау университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттері көш бастап тұр. Ал Ө.Бай­қоңыров атындағы Жезқазған уни­верситетінде жұмысқа орналастыру көр­сеткіші төмен. Қазақ қатынас жолдары университеті еңбек нарығын ескермейтін білім бағдарламасымен оқытады деген ескерту түсті. Ал заманауи материалдық-техникалық базасымен озып шыққандар: Nazarbayev University, Сүлеймен Демирель атын­дағы университет. Студенттер үшін білім бағдарламасымен қатар ма­ңыз­ды мәселе – жатақхана. Осы орай­да Nazarbayev University, Қазақ ұлт­тық хо­­рео­­графия академиясының жатақ­ха­­­на­лары жоғары бағаға ие болды. Ал Ә.Қуатбеков атындағы Қазақ­стан инже­нерлі-педагогикалық Ха­лық­тар достығы университеті мен Аза­­маттық авиация ака­демиясының жа­тақханалары білім алушылар мен түлектердің көңілінен шықпайтын көрінеді.

Қазақстан студенттері альянсы ұйым­дастырған сауалдама ашық әрі ерікті түрде өтті. Бұған дейін га­зе­тімізде хабар­­лағанымыздай, оған отан­дық білім ордасында оқып не ке­зінде білім алған әр азамат қатыса алды. Жоғары білім беретін оқу орын­дарының қызметін тәуел­сіз баға­лау үшін жасалған рей­тингтің нәтижесі еліміздегі оқу орындарына жауапты министрліктер мен ЖОО басшы­лықтарына жолданып, тиісті шаралар қабылданады деген сенімдеміз.