Руханият • 24 Тамыз, 2020

Бұландыдан зілдің жілігі табылды

2005 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Ақмола облысы Бұланды ауданы Новобратск ауылдық окургіне қарасты Буденновка ауылы маңынан, нақтырақ айтқанда елді-мекенді жанай ағып жатқан Аршалы өзені бойынан зілдің (мамонт) жілігі табылды, - дейді Егеменнің редакциясына хабарласқан аудандық газеттің қызметкері, таланты ақын Жайнарбек Зандыбайұлы.

Бұландыдан зілдің жілігі табылды

Жәдігерді Валери Владимирович деген ауыл тұрғыны балық аулап жүріп тауып алған. Яғни, ол өзен жағасындағы қайрақ құмда көміліп жатқан сүйектің сұлбасын байқап қалып, қызығушылығы оянып қазып көрген. Өткен тарихтан азда болсын хабары бар балықшы бұл сүйектің тегін дүние емес екенін аңдайды да, жатқан орнына бұрынғыдай қайдан орналастырып, көргін-білгенін ауыл әкіміне келіп баяндайды.

Мән-жайға қаныққан әкім дереу облыс-ауданға хабарлаған. Сөйтіп, бүгін Ақмола облыстық Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының өкілі Рауан Ержанов бастаған адамдар жілікті көріп, өлшеген екен ұзындығы –1,05 метр екені анықталыпты. Маман археологтар бұл жілік зілдің сүйегі екені анық дейді. Жәдігер өзен жағасындағы қайрақ құмда жатуына қарағанда, көктемгі тасқанда басқа жақтан қарғын сумен ағып келуі де мүмкін деген болжамдар айтылуда.

Бір қызығы облыс аумағынан мұндай зілдің сүйектері бұрында бірнеше жерден табылған. Олардың бәрі қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде жеке бөлімде сақтаулы тұр. Мына жілікте бүгін музейге жеткізіліп, ондағы зіл сүйектеріне қосылды. «Келесі жылы жәдігер табылған аумаққа қазба  жұмысын жүргіземіз» депті облыстан келген өкілдер.