Аймақтар • 25 Тамыз, 2020

Қашқын таудың қойнауындағы қазына

821 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген «Көкшетау» ұлттық паркінің аумағында 22 туристік маршрут жұмыс істейді. Бұл соқпақтарда жеңіл көлікпен, атпен, жаяу өтуге болады. Су маршруттары да бар. Көгілдір нұрға малынған өлкеде саф ауамен тыныстап, қазыналы өңірдің ілкідегі сырына үңілген адам көп нәрсеге қанығар еді.

Қашқын таудың қойнауындағы қазына

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдар­ламасын ұсы­­нып, жас ұрпақтың бойына сү­йіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өткен болатын. Мақаланың бас­ты бөлігі туған жердің ұлттық құн­дылықтарын қа­дір­леуге ар­налған. Иә, туған жерге деген сү­йіспеншілік төл тарихыңды те­рең­нен білуден басталады. Ақмола өңі­рінде әр төбесі, әр белесімен жас ұрпақ­тың бо­йына туған жерін сүю сезімін қалып­тас­тыратын құнарлы өлкенің бірі әрі бірегейі – «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі.

– Туристік маршруттардың жалпы ұзындығы 639,3 шақы­рымды құрайды,–дейді «Көк­шетау» ұлттық паркінің бас­шысы Ербол Сағдиев, – міне, осы жол­­дың бойындағы әр белес пен әр жотаның астында туған елдің тарихы бұғып жатыр. Жай ғана сырт­қы сұлу бейне, қайталанбас ажарлы көркемдік қана емес, санамен салмақтаған адамға айрықша әсер ететін аңыз ертегілер де жетерлік.

Шынында да, жалпы аумағы 1,3 гектар жерді құрайтын Қашқын шоқысына көз салыңызшы. Осы шоқы арқылы туған жердің тарихын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге арналған маршрут өтеді. Мәні мол, мазмұны те­рең мақсатты көз­деген. Тылсым та­би­ғаттың жеңіл шы­мылдығын желпіп ашып, шоқының үстіне шықтыңыз екен делік. Атшаптырым аймақ құдды алақаныңызға салғандай жанарыңыздың алдында жарқ ете түседі. Бір ауыз сөзді шоқы атауына байланысты сабақтай кетелік. Есте жоқ ескі кезең. Құба қалмақ қырдағы елді қамаған. Бейбіт ауыл­дар қол жиып үлгермесе керек. Қапыда басыпты. Сол кезде ат жалын жаңа тартып мінген жас батыр амал жоқ атаусыз шоқының ит тұмсығы өтпейтін қалың орманына сүң­гіп кеткен. Жай жатпапты, торғайдай тозып бара жатқан, сай-саланы паналап босып кеткен жалпақ жұртқа хабар салыпты. Туған жерін жау табанында таптатпауға бекінген, кеуделерінде намыс оты жанған азаматтар аты жоқ шоқының бауырында бас қосса керек. Қол жиып, серттесіп, дандайсыған құба қал­мақты қақырата жусатып, түре қуған. Кіл қашқын бас сауғалаған аты жоқ шоқы кейін Қашқын шо­қысы атанып кетіпті. Міне, мынау жүзжылдық қарағайлар, діңіне құшақ жетпейтін қарт қайың есіл ерлердің ел қорғаған ерлігін кейінгі ұрпақтың құлағына құйып, сыбдырлап сыр шертіп тұрған тәрізді. Елдік пен ерлікке баулитындай, туған жерді сүйе білуге шақыратындай.

Көз салып қарасаңыз, таби­ғаттың шеберлігіне тәнті болар едіңіз. Міне, жалпы аумағы 3,9 гек­тар жерді құрайтын Қазан шо­қысы. Қозыкөш жерге таяп келіп, сәл жітірек көз салсаңыз, сайын да­ладағы жел мен жаңбыр­дың әсері­нен пайда болған жақпар тастардың бүрілген алақан іспетті біртұтам ауқымы кәдімгі қазан бейнесіне қатты ұқсайды. Жартастардың өзі өзгеше пішінді. Қыл­қалам шебері кенептің бетіне майлы бояумен өргендей анық, ажарлы сипатқа ие болыпты. Дәл осы жерден қапысыз шеберліктің қарымын тануға әб­ден болады. Дала қазанының төрт құбыласы тегіс қылқанды орман. Ит мұрын, таңқурай, таң шығымен мөлдіреген қарақат көздің жауын алады.

Сәл әріректе Сарыарқаның сары бе­ліне ғайыптан тайып үзі­ліп түскен бір шөкім моншақ іс­петті Имантау көлі. Көл ортасында ашық күндері айқын, анық көрінетін, жалпы аумағы 36 гектарды құрайтын алаңды көруге болады. Әлгі алаң биіктен көз салсаңыз, кәдуілгі жүрек пішіндес болып көрінер еді. Бұл аралда өте сирек кездесетін қазақ аршасы өседі. Қарағай, қотыр қайың, шие мен таңқурай айрықша тартымды сипат береді. Табан астынан сусылдай жыл­жыған сұр жыланды, су жыланды кездестіруге болады. Ал құс түрі санап бол­майтындай. Кез келген уақытта барып құлақ салсаңыз дала күйін, дала сырын өзінше шырқап, тұтас бір оркестр құрып тұрады. Ұлттық паркке ат ізін салған адамның көңілін аулайтын тағы бір тылсым табиғаттың өзгеше өңді орны – Көкмүйіс. Ол жартылай ай пішіндес көркем дүние. Ландшафт жартылай ашық, жазықтау Көкмүйісте қалың қара­ғай, құба қайың қаулап өседі. Топырағы шымды, сәл құрғақтау балшықты болып келеді. Ұлттық парктің қойнауындағы көптеген қасиетті жерлер тәрізді Көкмүйіске қатысты да әдемі аңыз желісі ел жадында сақталған. Мың­ды ай­даған байдың бұлықсып өскен қызына жылқы баққан жарлы жігіт ғашық болған екен. Жігіттің жеке басының кемдігі жоқ, өр де өжет, өнерлі де талапты. Қыз да ат тонын ала қашып отырған жоқ. Сырласа келе бір-бірін ұққан. Бірге болмаққа анттасқан. Тек байлықтың буына бөккен бай ғана маңына жуытпапты. Ақыр соңында екеуі елден қашып, Көк­мүйісті паналайды. Сойылын сүй­реткен байдың жау түсіргіш жігіт­тері ат тұяғы жететін жердің бәрін адақтап шықса да, қалың жыныс көмкерген Көкмүйістің құс ұясындай жылы бауырындағы қос ғашық көзге түспепті. Осы жерді паналаған, ұзақ жыл мекен еткен. Қазір бұл ара махаб­бат аралы іспетті.

Сәл әрірек аумағы 10 гектардан астам Қостау шоқысы қылаң береді. Аты айтып тұрғандай егіз екі шоқы. Қос жотаның қақ ортасынан бұралған бел өтеді. Ілкі заманда қазақ топырағына, оның құнарлылығы мен көркемдігіне көз алартқан жау аз болмаған. Осындай бір ел басына күн туған алмағайып ке­зеңде ағайынды қос жігіт қол жинап, басқыншы жауға қарсы тұрды дейді. Жау қарамы көп екен, еңсеріп барады. Талай боздақ оққа ұшқан. Ағайынды батырлар да жараланыпты. Ағаларының халі мүшкіл болғанын көрген қа­рын­дастарының етегі жасқа толады. Көз жасынан тұзды көл пайда болады. Ел амандығы үшін басын оққа тіккен қос батыр қос шоқыға айналып кеткен екен деседі. Туған топырағы, өз Отаны үшін опат болған боздақтардың мәйіті жатқан жерлерге неше алуан ағаш өсіп шығады. Жалаңтөс батырлардың мәңгі өлмес белгісі іспетті. Аңыздың әсерлілігі сондай, тыңдай бергің келеді.

– Мемлекеттік ұлттық таби­ғи парк аумағында сонау 1904 жылы дендро­логиялық парк са­лынған. Осы парктің оңтүстік батыс жағында 1962-1963 жыл­дары аумағы 28,9 гектар алқапты құрайтын жеміс бақшасы ор­наласқан, – дейді парк басшысы Ербол Болатұлы, – бұл өңірге ал­ғашқы ағаш отырғызу 1904-1905 жылдары жүргізіліпті. Қазір паркте сүректі-бұта тұқымының отыздан астам түрі өседі. Оның ішінде қарағай, шырша, балқарағай, қайың, көктерек, ұсақ жапырақты жөке, терек, татар үйеңкісі, сүйір жапырақты үйеңкі, тал, шегершін, алма ағаштары бар. Жануарлар әлеміне де өте бай. Омыртқалы жануарлардың фаунасы 300-ге жуық. Бұлан, сілеусін, орман сусары, ақкіс жыртылып айырылады. Өзендер мен көлдерде су жануарлары да аз емес.

Әсем табиғаты ғана емес, тыл­сым тарихымен де қымбат, құнар­лы өлке алдағы қысқа қапысыз қамдануда. Үс­тіміздегі жылы 258,87 тонна шөп, 67,8 тонна дәнді мал азығы, 243,924 тонна дәнді да­қылдар, 4,975 дана азықтық сыпырт­қы және тұз дайындалыпты. Жұмыр жердің беті жаман тұмаумен алысып жатқанда дала сәні – аң-құс ашықпайтын болады.

Туған жердің топырағы, оның құт-қасиеті елге елеулі қызмет етіп, көркімен көңіл арбап, тари­хымен тәрбиелеп, саф, таза күйінде дәл осылай тұра бергей!

 

Ақмола облысы