Менің ойымша, елімізге тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі жылдарда қолымыз жеткен ең үлкен жетістігіміздің бірі – сырттағы ағайындардың елге оралуы. Оған негіз болған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын ашып, әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап жүрген ағайындарды елге шақыруы еді. Сол саясаттың арқасында елге ел қосылып, ортамыз толды. Отанына оралған қандас-бауырларымызды жас мемлекетке қосылған адами ресурстар ғана емес, сонымен бірге, әлемнің әр шалғайынан елімізге құйылып жатқан рухани, ғылыми және экономикалық күш-қуат деп қабылдаған жөн. Өйткені, елге оралған ағайындар елімізге қазақтың дәстүрлі мәдени құндылықтарымен қоса, өздері өмір сүрген елдердің небір озық мәдениет, өнер, білім үлгілерін әкеліп жатыр.

Менің ойымша, елімізге тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі жылдарда қолымыз жеткен ең үлкен жетістігіміздің бірі – сырттағы ағайындардың елге оралуы. Оған негіз болған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын ашып, әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап жүрген ағайындарды елге шақыруы еді. Сол саясаттың арқасында елге ел қосылып, ортамыз толды. Отанына оралған қандас-бауырларымызды жас мемлекетке қосылған адами ресурстар ғана емес, сонымен бірге, әлемнің әр шалғайынан елімізге құйылып жатқан рухани, ғылыми және экономикалық күш-қуат деп қабылдаған жөн. Өйткені, елге оралған ағайындар елімізге қазақтың дәстүрлі мәдени құндылықтарымен қоса, өздері өмір сүрген елдердің небір озық мәдениет, өнер, білім үлгілерін әкеліп жатыр.
Деректерге қарағанда, тарихи Отанына оралған қандастарымыздың арасынан бүгінге дейін 70 шақты ғылым докторы, 300-дей ғылым кандидаты шығыпты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ елге оралып, халқымыздың әдебиеті мен өнерінің, ғылым-техникасы мен экономикасының дамуы жолында аянбай тер төгіп, шетелден алып келген білімі мен өнерін Қазақ елінің дамуына арнап келе жатқан қандас-бауырларымыз аз емес. Солардың бірі – белгілі ақын, талантты аудармашы, ұстаз, қытайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы.
Мен 90-шы жылдардың соңына таман Дүкенді алғаш рет ұстазы, әдебиетші-ғалым, академик, марқұм Рымғали Нұрғалидың қасында көрген едім. Рекең жанында тұрған қара торы, көзі бақырайған бала жігітті: «Дүкен Мәсімхан, менің шәкіртім, Шыңжаңдағы үш аймақ төңкерісі кезіндегі әдебиеттен диссертация жазып жүр. Өзі мықты ақын», – деп таныстырған болатын. Кейін мен Астанаға – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне ауысып кеттім. 1999 жылы аталған оқу орнынан шығыстану факультеті ашылып, өзім сол факультеттің деканы болдым. Оған араб, парсы, қытай, жапон тілдері бойынша студент қабылдадық. Сол жылдың күзінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетін бітірген бес-алты жас маманды бірден жұмысқа қабылдадық. Солардың ішіндегі қытай тілі бойынша мұғалім болып келген жас мамандардан: «Қытай тілін кімнен үйрендіңдер?» – деп сұрағанымда: «Дүкен ағайдан», – деп бәрі мақтанышпен жауап берген-ді. Содан кейін Дүкеннің өзін жұмысқа шақырдық.
Бұл жігіт жас болғанымен, оқығаны да, көңіліне тоқығаны да мол, тағдырдың біраз ыстық-суығын көрген, арғы-бергінің қыр-сырына қанық, ерте есейген азамат. Бұған көз жеткізу үшін оның өмірбаянын бір шолып шыққанның өзі жеткілікті.

1963 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Ақши деген елді мекенінде отырған Мәсімхан ақсақалдың шаңырағында шекесі торсықтай бір ұл өмірге келеді. Оған азан шақырып «Дулат» деп ат қояды. Кенжесі болғандықтан ба екен, ата-анасы сәбиді еркелетіп «Дүкен» атап жүріпті де, кейін құжатқа да солай жазылып кетіпті.
Дүкеннің айтуынша, әкесі Мәсімхан Нақысбекұлы қарапайым шаруа адамы, ауыл молласы болған кісі екен. Ал атасы Нақысбек Жалпетекұлы 1916 жылғы Қарқара көтерілісіне қатысып, ол бас көтеру патшалы Ресей әскерлері тарапынан жанышталғаннан кейін елін бастап Қытай асып кетіпті. Оған дейін Қазақстанның Шәлкөде өңірінде, сосын 1917-1937 жылдары Қытайдың Іле аймағының Текес ауданында болыстық қызмет атқарыпты. Жалпы, бұл есім тарихта Нақысбек шешен деген атпен де белгілі. «Қазақтың әйгілі би-шешендері» атты энциклопедиялық жинақта Нақысбек шешеннің өмірбаяны мен ұлағатты сөздері енген. Ал Дүкеннің анасы да өз ортасының белгілі айтыскер ақыны болыпты. Әрі қазақтың қисса-дастандары мен ертегі-аңыздарын нақышына келтіріп айтатын кісі екен.
1982 жылы орта мектепті үздік бітірген Дүкен сол жылы мемлекеттік емтиханнан ең жоғары балл жинап, Қытайдың астанасы Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетіне қабылданады. 1987 жылы аталған оқу орнының филология факультетін аудармашы-филолог мамандығы бойынша үздік бағамен тәмамдайды. Сол жылы жолдамамен Үрімжі қаласындағы ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясына келіп, Әдебиет институтының ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастайды. Мұнда қытай, ұйғыр халқының әйгілі ғалымдарымен бірге, Нығымет Мыңжанұлы, Жақып Мырзаханов қатарлы есімдері Алаш жұртына кеңінен танымал қазақ ғалымдарымен істес-әріптес бола жүріп, ғылыми-зерттеу, әдеби шығармашылық, аударма салаларында өнімді еңбек етеді. Атап айтқанда, 1987 жылдан 1993 жылға дейінгі қысқа ғана бес жылда ҚХР-да 30-дан астам ғылыми еңбек жариялап, ондағы қазақ оқырмандарына «Жүрекке саяхат» атты жеке жыр жинағын ұсынады. Бұдан өзге сол уақыт аралығында «Жер шарының қызыл белдеуі» (роман), «Шыңжаңда өткен тарихи қайраткерлер» (зерттеу мақалалар жинағы), «Машина адам Л.М.» (фантастикалық әңгімелер жинағы) қатарлы көлемді дүниелермен қоса, көптеген қытай және шетел ақындарының өлеңдерін, көп сериялы телефильмдер тәржімалайды.
1990 жылы оның «Оғызнама туралы зерттеу» атты еңбегі ҚХР-дағы аз ұлт әдебиетін зерттеу саласындағы үздік шығарма сыйлығына ие болады. Ал 1991 жылы Дүкен Мәсімханұлына әдебиет пен ғылыми-зерттеу саласындағы көрнекті нәтижелері үшін Бүкілқытайлық жастар сыйлығы, 1993 жылы ҚХР Жазушылар одағының «Тың талант» сыйлығы беріледі.
1993 жылы наурыз айында Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетінің арнайы шақыруымен атамекенге келген Дүкен келісімшарт мерзімі біткеннен кейін тарихи отанында біржола қалып, ҚазМУ-дің шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаздық етті. 1999-2002 жылдары аталған кафедраның меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2002 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті шығыстану кафедрасына доценттік қызметке шақырылған ол 2010 жылға дейін аталған кафедрада доцент, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін атқарды. Қазір осындағы қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор.
Ол 1999 жылы академик Р.Нұрғалидің жетекшілігімен «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жж.)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. ХХ ғасыр басында Қазақ елінде өркен жайып, жалпыұлттық қозғалысқа айналып келе жатқан Алаш идеясы, оның ту ұстаушы көсемдері КСРО құрылғаннан кейін шектеуге, тіпті, қудалауға ұшыраған соң олардың біразы Шығыс Түркістанға барып бой тасалады. 1937 жылы Сталин мен Шэн Шицай ауыз жаласа отырып, ол жақтағы алашшылдардың көзін жойғанымен, азаттық үшін белін буып, атқа қонып алған халық ақыры Шыңжаңды азат етіп, 1944 жылы Шығыс Түркістан Республикасын құрды. Бұл мемлекет 1949 жылы ҚХР құрылғанға дейін бес жыл өмір сүрді. Осы уақыт аралығында Ақыт қажы Үлімжіұлы, Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы, Әсет Найманбайұлы, Көдек Маралбайұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Таңжарық Жолдыұлы, Шарғын Алғазыұлы қатарлы ақындар Алаш идеясының, ұлт-азаттық күрестің жанкешті насихатшылары болды. Дүкен Мәсімханұлының аталған ғылыми жұмысы, міне, сол кезең әдебиетіндегі ұлт-азаттық бағытты уақыт талабына сай азат сана, ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырған алғашқы іргелі зерттеу еді.
2008 жылы Дүкен Мәсімханұлы «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (М.Әуезов пен Лу Шүн шығармалары негізінде) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл ғылыми жұмысты талқылайтын негізгі жетекші ұйым М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты болып бекітілген екен. Ол кезде мен осы институттың директоры едім. Институт қызметкерлері, ғалымдар жұмыспен танысып шықты. Тақырып тың. Оның үстіне жұмыс «салыстырмалы әдебиеттану ғылымының» шифры бойынша орындалған. Еңбек жан-жақты, қызу талқыланды. Себебі, Қазақ еліне ХХ ғасырдың 30-40-жылдарында еніп, жайлап өркен жая бастаған салыстырмалы әдебиеттану ғылымы 50-жылдардан кейін мүлде сұйқыл тартып, сұйылып барды да, араға жарты ғасырдай уақыт салып, тек тәуелсіздіктен кейін ғана ғылым ретінде орнығып, қалыптаса бастады. Оның осынша кешеуілдеп, кенжелеп қалуының, әрине, өзіндік себептері болмай қалған жоқ. Ең басты себептердің бірі ретінде кеңестік кезең тұсында бір мезгіл салыстырмалы әдебиеттану ғылымына «буржуазиялық ғылым» деген айдар тағылып, оны арнайы қарастырудың, әдеби зерттеу тәсілі ретінде жандандырудың мүмкіндігі болмағандығын айтуға болар еді. Екінші бір себеп – ұлттық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін жаппай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным белең алды да, «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, тек қана осы идеяны «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Сөйтіп, ұлы Мұхаң (Әуезов) бастаған қазақ қаламгерлері «орыс қаламгерлерінен үйренген, үлгі алған» ретінде қарастырылып келді. Ал Дүкен Мәсімханұлының қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовті қытай қаламгері Лу Шүнмен салыстыруы, шынымен де қазақ әдебиеттану ғылымы үшін үлкен жаңалық болды. Сондай-ақ, сөздің осы тұсында аталған жұмыстың Қазақстанда «салыстырмалы әдебиеттану» ғылымы бойынша мемлекеттік тілде қорғалған тұңғыш докторлық диссертация екенін де атап айтқан орынды.
Бүгінде ақын, қытайтанушы ғалым, аудармашы ретінде танылған Дүкен іргелі 12 кітап пен 300-ден аса зерттеу мақала авторы. Сондай-ақ, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, Қазақстан Жазушылар одағының және Дүниежүзі синологтар қоғамының мүшесі. 2012 жылдан бері Дүкен Мәсімханұлы ҚХР ШҰАР Мәдениет министрлігіне қарасты Өнер институтының ұсыныс етілген профессоры.
Әдебиетке, жалпы шығармашылыққа о баста өлеңмен келген Дүкен Мәсімханұлын бүгінде республика жұртшылығы өз үні айқын, өз қолтаңбасы қалыптасқан талантты ақын ретінде танып үлгерді. Бұл арада оның поэзиялық шығармаларына талдау жасап отыруға уақыт тар. Дегенмен, оның ақындық талантын төмендегі деректер толық айғақтаса керек: бүгінге дейін ол бірнеше мәрте халықаралық және республикалық мүшәйралардың жеңімпазы; 2011 жылы қыркүйекте Түркияның Елазығ қаласында өткен «Түркі дүниесі жазба ақындарының фестиваліне» Дүкен Мәсімханұлы қазақ ақыны ретінде арнайы шақырылды. Бұл күнде ақын өлеңдері түрік, орыс, қытай, жапон, өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Оның елге оралған кезі сырттан келген ағайындарды былай қойып, Қазақстанда ауыл-ауылымен, қауым-бауырымен отырған жұрттың өзі тәлтіректеп, «шықпа жаным, шықпалап» зорға күн көріп отырған уақыт болатын. Ол аз десеңіз, онсыз да мардымсыз жалақы жарты жылдап, тіпті, жылдап берілмей қалатын. Есесіне қара базарда Қытайдан әкелген 100 теңгенің тауарын 100 АҚШ долларына ойланбай да қиналмай саудалауға болатын еді. Осындай «май шелпекті» көріп жұмысын да, оқуын да тастап саудаға кетіп қалған ағайындардың біразын өзім жақсы білем. Белшеден батар сол «батпан құйрықты» көре тұра Дүкен ұстаздықтан безінбеді. Сөйтіп, ол елімізге жүздеген қытайтанушы жас мамандар тәрбиелеп, қазақстандық қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына өзінің бір кісілік үлесін қосып келеді. Сонымен бірге, оның «Қытай тілі фонетикасының негіздері», «Қытай филологиясына кіріспе», «Лу Шүн әлемі», «Лу Шүнтану дәрістері», «Қытай әдебиетінің тарихы» (екі том), «Елтану мәтіндері» атты оқулықтары өз шәкірттерінің қолында жүрген болса, Айнұр Әбиденқызы екеуі құрастырған «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» (70 мың сөз бен сөз тіркесі қамтылған) атты сөздігі баспадан шығу алдында.
Бүгінге дейін Дүкен Мәсімханұлы Қазақ елі үшін 100-ден астам қытайтанушы маман тәрбиелеп шығарған болса, сол шәкірттерінің дені қазір Президент Әкімшілігі, СІМ, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі мен консулдықтарында, қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындарында жемісті еңбек етуде. Дүкеннің ұстаздық саладағы еңбегі де еленбей қалған жоқ. Жақында ол жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Жоғарыдағы ғылыми һәм әдеби еңбектерден тыс мерзімді баспасөзде Дүкен Мәсімханұлы көптеген қытай қаламгерлерінің шығармаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына тұрақты түрде ұсынып келеді. Оның аударма саласындағы шоқтықты дүниесі ретінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген қытайдың ұлы жазушысы Лу Шүннің таңдамалы шығармаларын («Лу-Шүн. Повестер мен әңгімелер», Астана. 2010) атап айтуымызға болады. 2012 жылы осы аударма еңбегі үшін Дүкен Мәсімханұлына Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын беруі аудармаға да, аудармашыға деген орынды баға деп есептейміз.
Атамыз қазақта: «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір басқа. Жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа», – деген аталы ұғым бар. Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ: «Отаным!» деп алып-ұшып елге жеткен, атажұртына оралған 20 жылдан бері еліміздің рухани түлеуі мен дамуы жолында жан аямай еңбек етіп келе жатқан Дүкен Мәсімханұлы халқымыздың ұғымындағы «азамат» деген ардақты атқа әбден лайық жан.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
АСТАНА.