Аталған департамент директорының айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алулар порталында жеңімпаз ұпай саны, баға мен сапа көрсеткіштері ескеріле отырып анықталады.
– Мемлекеттік сатып алуларды өткізу тәртібі өзгереді. Бұл салада тауар мен қызметті жеткізуші компанияны таңдау кезінде адам факторын толығымен жою қажет. Сонда сыбайлас жемқорлық болмайды. Осыған байланысты біз мемлекеттік сатып алулардың жаңа тәсілін пысықтап жатырмыз. Онда рейтингтік балдық жүйе қолданылады. Мұндай сатып алу рәсіміне адам мүлдем араласпайды. Конкурстық комиссия да болмайды, – деді С.Ахметов.
Спикер атап өткендей, мемлекеттік сатып алулар порталында тауар мен қызметті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылып отыр. Мәселен, еңбек тәжірибесі, қаржылық тұрақтылық, кепілдік мерзімі және тағы басқа көрсеткіштер үшін ұпай беріледі. Ал қарыз бен айыппұлдары болса, теріс ұпай жазылады. Соның негізінде рейтинг жасалады.
– Мұндай тәжірибе Оңтүстік Кореяда бар. Бұл ел әлем бойынша мемлекеттік сатып алулардың электронды жүйесі жағынан көшбасшы елдердің қатарына кіреді, – деп түсіндірді С.Ахметов.
Баспасөз мәслихаты барысында тиісті департамент директоры Парламент Мәжілісінде мемлекеттік сатып алулар мәселелеріне арналған заң жобасы жатқанын да жеткізді. Барлық өзгеріс осы құжаттың аясында қолға алынады.