Аймақтар • 26 Тамыз, 2020

Түркістанның түлеуі – рухымыздың қайта оянуы

362 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістанның қайта түлеуі – ұлттық болмысымыздың, рухымыздың қайта оянуы. Түркістанның жаңғыруы тек құрылыс жұмыстары, сәулет өнерімен ғана шектелмеуі тиіс, ол тарихи, әдеби және публицистикалық жаңа туындылармен, шығармалармен де қуатталуы тиіс.

Түркістанның  түлеуі – рухымыздың қайта оянуы

Түркістанда өткен «Түр­кілер төрі – Түркістан» атты онлайн-конференцияда осындай пікір айтылды. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, Қазақстан Журналистер ода­ғы және Жазушылар ода­ғының Түркістан облыстық филиалдарының бірлесе ұйым­­­­дастыруымен өткен шараға еліміздің түкпір-түк­пі­рінен 300-ден астам адам онлайн жүйе­сі арқылы қатысты.

Түркістан өңіріндегі тарихи маңызы бар қасиетті жерлерді насихаттаудағы әде­би шығармалардың рөлі, мүмкіндіктері мен әлеуетін жан-жақты талқылау, қастерлі құндылықтарымызды көп­шілік аудиторияға әдеби, тарихи және публицистикалық тұрғыда жеткізудің тың жол­дарын қарастыру мақса­тын­дағы конференция аясында биыл 75 жылдық мерейтойы тойланып жатқан жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың «Түркілер төрі – Түркістан» кіта­бының таныстырылы­мы өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазу­шы Мархабат Байғұтқа жол­даған құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов оқып бер­ді. Конференцияның моде­раторы, Қазақстан Журна­листер одағы Түркістан об­лыстық филиалының төр­ағасы, «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібайдың айтуынша, еліміздің сакралды географиясындағы тарихи жәдігерлердің дені оңтүстікте шоғырланған. Осыдан 3 жыл бұрын әзірленген Қазақ­станның киелі 100 нысаны­ның 23-і Оңтүстік өңірде орналасқан. Ал енді осы қасиетті орындардың әде­биет­тегі көрінісі қандай? Бү­гінгі әдебиетте қастерлі ме­кендеріміз қаншалықты дәріптеліп, қамтылып жүр? Осы қастерлі орындарды насихаттауда, әсіресе жастарға танытуда әдеби саланың мүмкіндіктерін қаншалықты пайдаланудамыз? Осындай сауалдар сананы мазалай­тыны рас. Ел аузында киелі орындар көп айтылып жүр­генімен, көпшілік нақты де­рек­терді біле бермейді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға да қаламгерлер қауымы сүбелі үлес қосары анық. Маңызды тарихи деректерді әдеби көр­кем тілмен әспеттей отырып көпшілік аудиторияға жеткізудің орасан пайдасы бо­латыны сөзсіз.

Конференцияға қаты­сқан елімізге белгілі ғалымдар, қаламгерлер, Сенат, Мәжіліс, жергілікті мәслихат депутаттары, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Өзбекс­тан ел­дерінің жазушылары, әде­биеттанушылары Түр­кіс­танның тарихына, оның мән-маңызына қатысты құн­ды пікірлерін ортаға салды. Мы­салы, сенатор Әлімжан Құртаев биыл 1150 жылдығы аталып өтіп жатқан әл-Фараби бабамыздың мұрасын зерт­теудегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Се­натор өз сө­зінде әл-Фара­бидің жүзден астам шығар­масын қазақ тіліне аудару, өмір жо­лы туралы деректі, көркем фильм­дер түсіру, Нұр-Сұлтан мен Түркістан қалаларында ескерткіш орнату туралы ұсыныстарын да айтты. Белгілі ғалым Мұх­тар Қожа Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесі Орта­лық Азиядағы ең үлкен сәу­лет ескерткіші екенін атап өтті. «Бұл кесененің бір ерек­­­ше­лігі тайқазаны, қабір жап­қышы сияқты көптеген жәдігері сақ­талып қалған. Алтынмен жазылғаны Құран кітабы қазір Алматыда тұр. Мұн­дай жәдігерлер Ор­талық Азиядағы бірде-бір ескерт­кіште сақталмаған», деді ға­лым. Соңғы жылдары Түр­кістанда археологтердің жұ­мысы еселене түскені мә­­лім. Қожа Ахмет Ясауи кесе­несі аумағынан табылған ма­ңызды тарихи нысандар археологтердің назарын өзіне аударды. Ескі Түркістан қаласының көне шахрис­тан және ортағасырлық ма­гис­тралды көше бойынан табылған тарихи нысан­дар тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік тұрғыда архео­логиялық қызығушылық туды­ратын сенсациялық жаңа­лық болып табылады. XIX ғасырдың 1843-1849 жыл­дары Қоқан иелігі кезінде сыр­тынан қоршалған Тәкия қақпа­сының түбінде қаланың Керуенсарай орналасқан. Төрт қақпаның барлығының түбінде керуенсарай болған. Сонымен бірге моншасы, кішігірім мүричә деген моншасы болған. Қазбадан та­былған олжаны ғалымдар «Тәкия керуенсарайы» деп атап отыр.

Ал Түркі академиясының президенті, «Egemen Qazaq­stan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Түркістан идеясы – ұлы идея» деген пікір айтты. «Түркістан осы­дан екі жыл бұрын облыс ор­талығы мәртебесін ал­ған кезде бүкіл түркі әлемі қуан­ды. Түркістанның дамуына Президентіміз де ерекше мән беріп отыр. Ер түрік­тің бесігі жалпы түркі әле­мінің бесігі», деді ол. Айта кетелік, Халықаралық Түркі ака­демиясының қолдауымен жарық көрген Мархабат Бай­ғұттың «Түркілер төрі – Түр­кістан» кітабының алғысөзін Дархан Қыдырәлі жазған. Әл-Фараби, Ясауи сынды адамзат ауқымындағы алыптардың табаны тиіп, ірі рухания­т пен мәдениеттің бесігі болған киелі өңірдің тарихы мен та­ғы­лымын арқау еткен қа­ламгердің бұл шығармасы түгел түркінің төріне айналған киелі Түркістанға тағылымды тарту болмақ. Конференцияда кітаптың құндылығы, елдің, жердің, Түркістанның қасие­тін танытудағы маңызын Қ.А.Ясауи атындағы Ха­лық­аралық қазақ-түрік универ­ситетінің президенті Болатбек Әбдірәсілов, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып та атап өтті. Ал Парламент Мә­жілісінің депутаты Дархан Мыңбай «Түркілер төрі – Түр­­­кістан» еңбегі арқылы Мар­­­хабат Байғұт туған ел ал­дындағы парызын абыроймен орын­дағанын айта келе, бұл еңбек түркі тілдеріне аударылуы тиіс деген ұсынысын білдірді. Жиында сондай-ақ өзбекстандық жазушы, аудармашы, «Алаш» сыйлығының иегері Мехманқул Ислам­құлов, Қазақбай Юлдашев, Әзербайжандағы Халық­аралық жас жазушылар ода­­ғының төр­ағасы, ақын Әкбар Қошалы, түр­кия­лық әде­биеттанушы Бю­лент Бай­рам Киркарели, Шым­кент­тегі «Ерлік» мұра­жайы­ның мең­ге­рушісі Ақ­марал Құдай­­бер­генова Мар­хабат Бай­­ғұттың шығар­машы­лығы­на қатысты ой-пікірлерін білдірді.

 

Еркін ДОСЫМБАЙ,

журналист

 

Түркістан облысы