Оқиға • 26 Тамыз, 2020

Жүк пойызын жел шайқаса...

366 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аягөз ауданындағы Жақсыбұлақ стансасында ұйытқи соққан қатты желдің салдарынан жүк вагондары жылжып, қарама-қарсы келе жатқан пойызға соқтығысқан.

Жүк пойызын жел шайқаса...

«25 тамыз күні таңғы сағат 8:15-те темір жол стансасында тұрған жүк вагондары қатты желдің салдарынан №3471 жүк пойызына қарама-қарсы қозғалған. Жойқын соққының әсерінен 1525 шақырымда локомотив пен 23 вагон рельстен шығып кеткен. Локомотивтен өрт шыққан. Опат болғандар мен зардап шеккендер жоқ» деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Оқиға орын алған жерге Балқаш, Ақтоғай стансаларынан жағдайды қалпына келтіру және өрт сөндіру пойыздары жөнелтілді. Апаттың себеп-салдарын толық тексеру үшін арнайы жасақталған комиссия да жолға шыққан.

Шойын жолдың бойында болған апат «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Достық» қатынасындағы №54 пойыздың бағытына бөгет болды. Алайда пойыз жолаушы­лары жол жүру билеттерінде көрсетілген межелі жерлеріне ұйымдастырылған автобустармен жөнелтілді.

«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демей ме?! Тонна-тонна вагондарды жылжытқан жел өзге нысандарға бәлендей кесірін тигізе қойған жоқ болар...

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы