Таным • 26 Тамыз, 2020

Құнды жәдігердің сырын кім ашады?

397 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан біраз жыл бұрын «Облыс орталығына жақын Сырдария ауданынан ұлы Абайдың кітап сөресі болған құнды зат табылды» деген хабарды құлағымыз шалған. Кейіннен жергілікті өлкетанушы Жәнібек Маханбетов бұл жәдігер туралы тарата айтып беріп еді.

Құнды жәдігердің сырын кім ашады?

Қазір аудандық тарихи-өлкетану музейінде тұрған дүниенің Сыр өңіріне қалай жеткені туралы нақты дерек аз. Көбіне тек долбармен ға­на айтылады. Солардың бі­ріне сенсек, заманында қа­зақ­тың заңғар жазушысы М.Әуезовтің аталарына еріп То­бықты ішіне Сыр елінен діни білімі бар бірнеше жас еріп барыпты. Солардың бі­рі бүгінгі Сырдария ауда­ны­на қарасты Ақжарма ел­ді мекеніндегі Азат деген жер­ден Дәрібай есімді жігіт бол­ған деседі. Арқаға жеткен сырбойылық діндар жі­гіт Құнанбай әулетіне қа­ты­сы бар Тұрған есімді қыз­бен тіл табысады. Алайда қыздың туыстары жалғыз жі­гітке қыздарын бермейтін болғандықтан жастарға жанашыр азаматтар екі ат тауып беріп, оларды Сырға аттандырыпты.

Бірақ біздің ойымызша бұл оқиға беріректе, Құ­нан­бай қажылыққа барар тұста Сыр бойына соғып, Қалжан ахуннан бата алатын кезеңде болса керек. Өйткені ұлы жа­зушы аталарының Арқаға қоныс аударатын тұсы әріде, 1830 жылдардың шамасында жатыр. Арғы атасы Бердіқожа кейіннен найман арасынан тобықты жеріне келеді. Ол туралы Мұхаңның өзі жас кезінде «Тобықты ішіне ме­нің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ер­тіп, найман ішінен келген. Ол – Құнанбай заманы. Құ­нанбайдың шақыруымен кел­генге ұқсайды. Ең әуелгі шық­қан жерлері ол кезде Ал­маты жағы болса керек. Бер­діқожа тобықты ішіне кел­ген соң, бірталай заман өмір сүрді. Артынан бір қы­зын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл елмен құдандалы, жақын болып, тобықты ішінен қоныс алып, мекен етіп, тұрып қалған. Бердіқожа өзге қожаларша қо­жалық етіп, үгіт айтып, дін­ге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме, оны білмеймін. «Солай қылды» деген сөзді естігенім жоқ», – деп жазған.

Сонымен Дәрібай мен Тұр­ған Сырға жетеді. Олар­дың Құлжан, Тасжан, Қосжан ат­ты ұлдары, Патыма, Зейнеп, Зе­ре, Гүлсім есімді қыздары бо­лады. Кейін Арқаға төр­кін­деп барған Тұрған өзі­мен бірге ұлдарының бірі Тас­жанды ала кетеді. Елге қайтар шақта нағашылары Тасжанға жиен сыбаға деп Абайдың кітап сөресін сыйлапты. Ұлы ақын тұтынған дүниенің Сырға келу тарихы осындай.

Дәрібай мен Тұрғанның үл­кен ұлы Құлжанның ұр­пақ­тары белгісіз. Ал Қос­жаннан белгілі ақын Балаш­бек Шағыров, Патымадан Маутай, одан Жеңіс, Зей­нептен Палкүл, Гүлсімнен Гүлдерай тарайды. Ал құнды дүниені Асқар Тоқмағамбе­тов ауылына әкелген есімі Абайдың әжесінің құрметіне қойылған Зере. Ол Ақжарма топырағында туған Бабай ишанға тұрмысқа шығыпты. Сол кезде анасы нағашы жұрт­тан жеткен жәдігерді қыз жасауына қосып беріп жі­берген екен.

ХХ ғасыр­дың басында Бабай ишан қазір­гі А.Тоқ­мағамбетов ауылы ма­ңайына қоныс тебеді. Сол жерге ха­лық күшімен мешіт салы­нып, ишан сабақ береді. Рахымбаба мен Зереден Иман, Әбдіәли, Қалымбет, Абдулла есімді ұлдар, Қалжан, Әсия, Балжан, Қадиша, Үмбіш есім­ді қыздар тарайды.

Кешегі Кеңестік кезеңнің зардабы бұл әулетті де шарпыпты. 1929 жылы Бабай ишан әулеті бұл жерден Тә­­­жікстанға көшуге мәж­бүр болады. Көшер кезде тек алып жүруге ыңғайлы дү­­­ние-мүлікті жиыстырып, қалғанын осындағы аза­маттарға аманаттап кеткен деседі. Сол кезде кітап сө­ре­сін ауыл азаматы Тумыш алып қалған көрінеді.

Рахымбаба мен Зереге то­пырақ Тәжікстаннан бұ­йы­рыпты. Ұлдары Иман Өз­бекстанды паналаған, одан кейінгі Қалымбеті мен Әбді­әлиі «халық жауы» деген жаламен ұсталып, хабар-ошарсыз кеткен. Абдулла соғыстан оралмаған. Ал қыздарының үлкені Қалжан тәжік елінде өмірден өтеді. Балжанның ұрпақтары Түркістан облысын мекен етсе, Хадишаның ұрпақтары Жетісайда. Үм­біш ұрпақтары Сырдария ауданындағы Шіркейлі ауылында тұрады.

1942 жылы Әсия ұлдары Ахметбек, Мамадияр, Әб­діраманмен Асқар Тоқ­ма­ғам­бетов ауылына қайта көшіп келіп, әке-шешесінің жұртқа аманаттап кеткен дүниесін қайтарып алады. Ғасырлық тарихы бар бұл дүниені 2006 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, Зеренің немересі Ахметбек Іскендіров музей қорына тапсырыпты.

Музейде тұрған жәдігер төменгі жағы топсалы екі есікті шкаф түрінде жасалса, жоғарғы бөлігі беті ашық кітап сөресі. Заманында орыс шеберлері жасаған деседі.

– Біз бұл жәдігер тари­хын жекелеген адамдар айтқан дерекке негіздеп айтып отыр­мыз. Осы кітап сөресін ха­кім Абай тұтынғандығын анық­тауға абайтанушылар, тарихшылар назар аудар­­ғаны жөн. Қазіргідей за­ма­­­науи технологияның да­­мыған кезеңінде шкаф аға­­шын ғылыми зертхана­ларда тексертіп, ақын өмір сүрген уақытқа сай келе­тініне көз жеткізу аса қиын шаруа емес шығар. Егер де осы дәлелденіп, жо­ғарыда біз айтқандай болып жатса, «Қазақтың бас ақыны Абайдың кітап сө­ресі бізде тұр» дегенді ерек­­ше мақтанышпен, нық сеніммен айтар едік, – дей­ді өлкетанушы Жәнібек Ма­ханбетов.

 

ҚЫЗЫЛОРДА