Аталған қоғамдық бірлестік «Возвращение имени» халықаралық жобасының қатысушысы. Жылдың басында «Возвращение имени» халықаралық жобаның тобы Г.Скворцовтың жетекшілігімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 20 000 тұтқынның аттары жазылған тізім табылып, жария етілді. «Славута» әскери тұтқындар концлагері соғыс жылдары Украина аумағында орналасқан. Тұтқындағы дәрігерлер мен жертөледе жұмыс істегендер нацисттерден жасырып лазаретте қайтыс болғандардың аттарын тізімге жазып отырған. Соның арқасында біраз жауынгердің өмірлеріне қатысты деректер сақталып қалған.
Абхазиялық әскери курсанттар көптеген жылдар бойы із-түссіз кеткен жауынгерлердің тізімімен жұмыс істеп келеді. Атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде Абхазия Республикасы Қорғаныс министрлігінің мұрағатында «Славута» концлагерінде қаза болған қазақстандық 2000 жауынгер туралы мәліметтер табылған.
Қазіргі таңда «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне 150 жауынгердің мәліметтері берілді. Қалған 1850 жауынгерге қатысты ақпарат «Возвращение имени» жобасының тобымен реттестіріліп, жақын арада жіберілуі тиіс.
«Возвращение имени» халықаралық жоба аясындағы жұмыс барысында отандастарымыздың туыстарын табамыз деген үміттеміз. Соғыс жылдары «Славута» концлагерінде тұтқында болған жауынгерлердің аттары мен өмірбаяндары тарихта және халықтың есінде мәңгі қалуы керек. Барлық облыстар мен мегаполистердің жергілікті атқарушы органдарын тұтқында қаза болған жауынгерлердің туыстарын іздеу жұмыстарына жәрдем көрсетуге шақырамыз», дейді «AtamnynAmanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.
«Лагердің тарихы қайғылы болғандықтан, бұл тізім бізге оңай келген жоқ. Сондықтан БАҚ өкілдері, жауынгерлер шыққан облыстар мен қалалардағы мешіттер мен православие шіркеулері, сонымен қатар Қазақстанның әскери комиссариаттары тұтқында болған солдаттардың туыстарын іздеу акциясына қолдау көрсетеді деген үміттеміз», дейді «Возвращение имени» халықаралық жобасының жетекшісі Григорий Скворцов.
Барлық жиналған ақпарат www.pamyat-naroda.ru сайтына енгізіледі. Қазіргі таңда бұл бірегей ресурста бұрынғы КСРО-ның құрамында болған республикалардан шыққан майдангерлер туралы ақпарат жиналған.
Еске сала кетейік, осыған дейін «Возвращение имени» халықаралық жобасының қатысушылары Бішкек қаласындағы политехникалық университеттің студенттерімен бірлесе отырып Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан бойынша тізімдерді дайындаған.
Соғыста із-түссіз кеткен жақындарыңыз болса, мына байланыс телефондарына хабарлассаңыз болады: ( +7 776 828 45 35, +7 776 828 45 34). Сайт: www.ata-amanaty.kz