Қоғам • 26 Тамыз, 2020

27 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері медициналық ұйымдарға қайырымдылық көмек көрсету үшін шамамен 27 млн теңге жинады.

27 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті

Агенттік қызметкерлері коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде бір күндік жалақыны аударуға шешім қабылдады. Жиналған қаражатқа 25 оттегі концентраторы сатып алынды, олар өңірлер арасында тең бөлінетін болады. Өнімділігі минутына 10 литрге дейінгі аппараттар тыныс алу жолдарының аса ауыр дерттерін емдеуде қолданылады.

«Әрбір ұйым әлеуметтік жауапты болуы тиіс. Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігімізді түсіне отырып, біз ауруханаларға оттегі концентраторларын сатып алу үшін бір күндік жалақымызды аудару маңызды және қажет деп есептедік. Сол арқылы СOVID-пен қарсы күреске жанашырлық танытамыз», деді агенттік төрағасы А.Шпекбаев.

Сондай-ақ бұған дейін Интеллектіні дамыту халықаралық институтының директоры, Корея Республикасының жергілікті өзін өзі басқарудың лауазымды тұлғаларына арналған оқыту бағдарламаларын әзірлеуші, профессор Джо Гю Юн және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өзара ынтымақтастығы арқасында оңтүс­тік­кореялық тараптан Қазақстанға гума­ни­тарлық көмек жіберілгенін атап өткен жөн.

«Эйр Астана» әуекомпаниясының қол­дауымен 50 мың АҚШ долларын құрай­тын, жалпы салмағы 1,5 тонна жүк Алматы әуежайына келді. Келіп түскен гумани­тар­лық жүк «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы медициналық мекемелерге жіберіледі.

Агенттіктің аумақтық бөлімшелері жұртшылық өкілдерімен бірлесіп жүкті соңғы тұтынушыға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді. Гуманитарлық тауарды мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін барлық келіп түскен дәрі-дәрмектер мен бұйымдар «Гуманитарлық көмек – ТЕГІН» арнайы мөртаңбасымен таңбаланады.

Агенттік қызметкерлері елге келіп түсе­тін барлық гуманитарлық көмекті бөлуді ашық бақылау процесін жолға қойғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Антикордың ұсынысы бойын­ша бірыңғай дистрибьютордың ресми сай­тында арнайы бөлім құрылды, онда кез кел­ген адам елге келіп түскен гуманитарлық көмек­ті бөлу туралы толық ақпаратты көре алады.

Өз кезегінде, «Adaldyq alańy» жобасы аясында бағаны көтеру фактілерін болдырмау мақсатында еліміздің дәріханаларында ақпараттық брошюралар орналастырылуда. Онда Covid-19 және вирустық пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетілген. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін уәкілетті органның Call-орталықтарының нөмірлері мен дәрілердің шекті құнын реттейтін нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасай отырып, QR-код орнатылды. Бұл баста­ма дәріханалардың сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеруінің тежеуші факторы болып табылады.