ІЖӨ өсімі 2,8 % болады
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов еліміздің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әлемдегі жағдайды ескере отырып әзірленгенін айтты. Коронавирус пандемиясы аясында биыл әлемдік экономика 4,9 %-ға төмендеп, 2021 жылы 5,4%-ға дейін өседі деп күтілуде. Әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер баяулады.
Халықаралық қаржы ұйымдарының 2021-2022 жылдарға арналған мұнай бағасына консенсус-болжамы барреліне 45 және 55 долларды құрайды. Министрдің айтуынша, еліміздің экономикасының дамуын халықаралық рейтингтік агенттіктер оң бағалауда. Moody's және FitchRatings рейтингтік агенттіктері Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.
Ведомство басшысы атап өткендей, сыртқы және ішкі жағдайларды ескере отырып, экономиканы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған 3 ықтимал сценариі әзірленді. Бұл – базалық, оптимистік және пессимистік сценарий. «Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлау үшін базалық сценариді пайдалану ұсынылады», деді Р.Дәленов.
Базалық сценариде ішкі өнімнің нақты өсуі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6%-ға жетеді. Атаулы ІЖӨ 2021 жылы 76,7 трлн теңгені, ал 2025 жылы 104,8 трлн теңгені құрайды. Мұнай өндіру 2021 жылы 86 млн тонна болса, 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін артады. Барлық базалық салаларда оң өсім күтілуде. «Өңдеу өнеркәсібі жылына орта есеппен 6,7%-ға ұлғайып, кен өндіру өнеркәсібіне қарағанда қарқыны озық болады. Кен өндіру өнеркәсібіндегі өсім 2,9% деңгейінде болуға тиіс. Орташа жылдық өсу қарқыны ауыл шаруашылығында – 6,2%, саудада – 5,5%-ды құрайды. Тауар экспорты 2021 жылы 41,4 млрд долларды құрап, 2025 жылы 51,5 млрд долларға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Импорт 2021 жылғы 36,3 млрд доллардан 2025 жылы 37,8 млрд долларға дейін өседі», деді Р. Дәленов.
Аталған макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 6 926 млрд теңгені, 2022 жылы 8 566 млрд теңгені, 2023 жылы 9 217 млрд теңгені құрайды деп болжануда. Осыған орай Р.Дәленов кепілді трансфертті 2021 жылы – 2 700 млрд теңге, 2022 жылы – 2 400 млрд теңге, 2023 жылы – 2 200 млрд теңге мөлшерінде айқындауды ұсынды. «Кепілдендірілген трансфертті әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылады. Тиісінше даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге нысаналы трансфертті тарту ұсынылады» деді министр.
Осы болжам бойынша түсімдер 2021 жылы 11,4 трлн теңгені, 2022 жылы 11,8 трлн теңгені, 2023 жылы 12 трлн теңгені құрайды. Республикалық бюджеттің шығыстары келер жылы 14 049 млрд теңге, 2022 жылы 13 873 млрд теңге, 2023 жылы 13 889 млрд теңге көлемінде болжануда. Жалпы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталған.
Кіріс біртіндеп артады
«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы туралы баяндаған Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың айтуынша, келер жылы түсім 11,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджеттің кірісі (трансферттерді есептемегенде) 2021 жылы 6,9 трлн теңгені, 2022 жылы 8,6 трлн теңгені, 2023 жылы 9,2 трлн теңгені құрайды. Ол корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және шикі мұнайдың экспорттық кедендік бажы есебінен ұлғаюға тиіс. Бюджет тапшылығы 2021 жылы ІЖӨ-нің 3,4%-ына тең болса, 2023 жылы кезең-кезеңмен ІЖӨ-нің 2,1%-на дейін төмендейді. Министрдің айтуынша, шығыстар 2021 жылы 14 трлн теңге болады. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылы 13,1 трлн теңге деңгейінде анықталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 900 млрд теңге сомасына жоспарланып отыр.
Е.Жамаубаев атап өткендей, жобада бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50,4%-ға тең. Осылайша әлеуметтік салаға келер жылы биылғымен салыстырғанда 454 млрд теңгеге өсіммен 7 трлн теңге деп жоспарланды. Жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайту үшін келесі жылға қосымша 265 млрд теңге көзделді. Педагогтер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру арқылы олардың мәртебесін арттыру жөніндегі Президенттің тапсырмасын іске асырудың барлық іс-шаралары жоспарланған.
Экономиканың нақты секторының дамуын қолдауға 2021 жылға 1,7 трлн теңге көзделді. Осы қаражат аясында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, Индустриялық-инновациялық даму мен «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа да бағдарламаларды іске асыру жалғасады. Министр атап өткендей, 2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн теңге бөлінеді, бұл жалпы бюджет шығысының шамамен 27%-ы. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттер – 1,4 трлн теңге, даму трансферттері түрінде 405 млрд теңге көзделді.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Fitch рейтингтік агенттігінің биылғы тамыздағы деректеріне сәйкес Қазақстанның инвестициялық сенімділігі ВВВ, яғни тұрақты деп бағаланды. Бұл – дағдарысқа қарсы шараларды уақтылы қабылдап, құрылымдық реформаларды табысты жүргізудің нәтижесі. Сондай-ақ ел экономикасының тұрақтылығын, мемлекеттік қарыздың төмендігін, Ұлттық банктің ақша-несие саясатының тиімділігін және фискалдық резервтің едәуір көлемін көрсетеді.
Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізін 2021 жылы 4-6% шегінде сақтап, 2025 жылы 3-5%-ға дейін төмендетуді көздейді. 2021 жылға арналған республикалық бюджетте шығыстардың жаңа бастамалары көзделген, оның ішінде жалақыны арттыру арқылы педагог пен медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, МӘМС-ке мемлекет жарналары, орта білім беру ұйымдарын жан басына қаржыландыру, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту, газдандыру, жастар мен көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бар.
«Қазір экономика салаларын қолдау жөніндегі жоспарланған шараларды сапалы іске асыруымыз керек, үйлесімді әрі жедел шешімдер қабылдауымыз қажет. Жағдайды ескере отырып, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ел бюджетінің жобасы жасалды. Онда қарастырылған қаражат мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді», деді А.Мамин. Ол Парламентке аталған заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын белгіленген мерзімде енгізуді тапсырды.
Биыл 18 млн тонна астық жиналады
Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылғы орақ науқанының барысы қаралды. Науқанның басталғаны туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, жанар-жағармаймен қамтамасыз етудің жай-күйін Энергетика министрі Н.Ноғаев, өңірлердегі ахуал жайлы Ақмола Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері баяндады.
Қазір барлық өңірлер жаппай егін жинауға кірісті. Биыл 22,7 млн гектар жерге егін егілді, бұл былтырғыдан 439 мың гектарға артық. Дәнді дақылдар 15,9 млн гектарға (оның ішінде бидай – 12,1 млн га), майлы дақылдар – 2,9 млн, мақта – 125,8 мың, қант қызылшасы – 20,9 мың, көкөніс-бақша өнімдері және картоп – 457,4 мың, жемшөп дақылдары – 3,3 млн гектар алқапқа егілді. Орақ науқанына арзандатылған дизель отынының қажетті көлемі – 395 мың тонна. Өндірушілер үшін 1 литрі шамамен 147 теңгені құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, биыл орақ уақытылы түсті, науқанның қарқыны былтырғыдан жоғары. Республика бойынша 3,3 млн гектардан дәнді және бұршақты дақыл жиналды, яғни алқаптың 21,2%-ы орылды.
«Орташа өнімділік гектарына 13,5 центнерді құрап, 4,5 млн тонна астық бастырылды. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жазда өткен жылғы секілді қуаңшылық болды. Төтенше жағдай мен карантин режіміне қарамастан, науқан оңтайлы мерзімде жүргізілді. Ылғалды жабу және топырақты егіс алдында өңдеу бойынша сапалы және уақытылы жүргізілген іс-шаралар топырақтың ылғалын сақтап қалуға мүмкіндік берді», деді С.Омаров.
Республикада 145 мың трактор, 75 мың трактор тіркемесі, 38 мың астық комбайны, 15 мың дестелегіш, 39 мың жүк көлігі бар. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінді. Ол қаржы 2400 субъектіге берілді.
Нұрлан Ноғаев күзгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп дизель отынын жеткізу үшін облыстарды МӨЗ-ге бекіту кестесін әзірлегендерін айтып өтті. «Жоспарланған 395 мың тоннаның 106,2 мың тоннасы жөнелтілді. Қыркүйек айында 140,8 мың тонна, қазан айында 36,8 мың тонна жөнелту жоспарланған. Ол төлемге сәйкес жүргізілуде», деді министр.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы А.Мамин Президент тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 100 млрд теңге бөлінгенін еске салды. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өнімді форвардтық түрде сатып алып жатқанын айтты.
«Үкімет тарапынан орақ жұмыстарын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдер қабылданды. Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың есебінен биыл астықтың болжамды жалпы жиналымы 18 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз етеді. Экспорт әлеуеті де жақсы болады» деді А.Мамин.
Үкімет басшысы астық жинауды сапалы әрі уақытылы жүргізу, шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, сонымен қатар жиналған өнімді уақытылы қабылдау және сақтау жағдайларын ерекше бақылау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.