Парламент • 26 Тамыз, 2020

Депутаттардың аймақтардағы сапары жалғасуда

219 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Н.Жүсіп пен Д. Нөкетаева Алматы облысы Іле ауданына барып, бірінші кезекте пандемиямен күресте жергілікті билік қабылдаған шараларға, жаңа әлеуметтік нысандардың жұмысына, мектептердің жаңа оқу жылына даярлығына назар аударды.

Депутаттардың аймақтардағы сапары жалғасуда

Сенаторлар «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан спорт кешенінде болды. Депутаттар ауыл жолдарының жағдайымен де танысты. Әкімдік өкілінің айтуынша, биыл салынуы тиіс жолдардың жартысынан көбінің құрылысы аяқталған. Жалпы өңірде биыл «Жол картасы-2020» бойынша 18 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында 4 ауыз су құбырының құрылысы және 10 көшені жөндеу жұмыстары бар.

Депутаттар «7-20-25» және «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көппәтерлі үйлердің сапасын көріп шықты. Сенаторлар аталған үйлерді шынайы мұқтаж жандар алуы қажет екенін айтты. Сонымен қатар аудан активімен кездесу барысында қайталануы мүмкін кезекті пандемияға қазірден дайындалудың маңызына тоқталды. Сенатор Н.Жүсіп мемлекет індетпен күреске қомақты бюджет қар­жысын бөлуде, сондықтан жергілікті атқарушы органдар олардың мақ­сатты жұмсалуын қадағалауы қажет екенін ескертті.

 * * *

Мәжіліс депутаты Б.Смағұл Алматы облысындағы «Баянкөл» шекаралық заставасына барып, шекарашылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Депутаттың айтуынша, командирлер тұратын ескі үйлерге жөндеу жүргізіліп, ал қатардағы жауынгерлерге арналған үйлердің қабыр­ғаларын жылу оқшаулағыш материалдармен қаптап, астына іргетас құйып, қыста жылы, жазда салқын, оның үстіне алыстан көрінбейтін, жасырын, ұқыпты баспаналар дайындалуда. Сонымен қатар сапар барысында ол Райымбек ауданы халқымен кездесіп, аудан орталығында бой көтерген жаңа ғимараттарды және қазіргі кезде қызу жұмыстар жүргізіліп жатқан құрылыс алаңдарына барды. Қазіргі уақытта аудан орталығы Нарынқол ауылында жергілікті тұрғындарға арналған 83 тұрғын үй салынуда. Ал мемлекеттік қызметкерлер игілігіне 4 қызметтік тұрғын үй тапсырылмақ. Сондай-ақ депутат «Жұмыспен қамту жол картасы» негізінде Қызылшекара ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға және Нарынқол, Жаңа-Текес ауылдарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары басталғанына ерекше назар аударды. Ауданның инфрақұрылымы да жаңғыруда. Мұнда жергілікті маңыздағы жолдар да жөнге келтіріліп, жаңадан төселуде.

 * * *

Сенат депутаты Д.Мусин Семей қаласына сапары барысында Абай атындағы музейге барды.

Қала әкімі сенаторға таяуда ғана Абай алаңын абаттандыру жұмыстары аяқталғанын, соның нәтижесінде бұл жерде ойын және спорт алаңдары ашылып, жас талдар отырғызылғанын айтты. Сондай-ақ, ақын ескерткішін жарықтандырып тұратын арнайы қондырғылар орнатылған. Қалада Абай атындағы театрға да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Театр көркемдік жетекшісінің айтуынша, ғимараттың тарихи келбеті толық сақталады. Мерейтой аясында ақын музейінде Абай мен балаларына арналған еліміз бойынша алғашқы ескерткіш орнатылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Д.Мусин Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өңірлердің Семей қаласын көркейту туралы Үкімет тапсырмасын қалай орындап жатқанына назар аударды. Осыған орай сенатор облыс әкімдігі бұл мәселеге баса мән беріп, аталған тапсырманың орындалуын бақылауға алу керектігін атап өтті.

 * * *

Мәжіліс депутаты И.Аронова Қостанай облысы бойынша жаңа оқу жылына дайындық жағдайымен танысты.

Жергілікті білім саласы мамандарының айтуынша, осы жылы 9,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 130 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген. И.Аронова облыстық ұстаздар қауымымен онлайн конференцияда қазіргі карантин жағдайында білім беру жұмысын ұйымдастыру тақырыбын талқылады. Мәлім болғандай, барлық мектептерде сабақ қашықтықтан оқытудан басталады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, депутат қашықтықтан оқытуда білім беру сапасына нұқсан келтірмеуге баса назар аударды. Онлайн кездесу барысында ұстаздар мен олардың отбасын әлеуметтік қолдау жайы да назардан тыс қалмады. Нақты айтқанда, короновирус індетін жұқтырған мұғалімдерді сауықтыру мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Ұстаздар қауымы биыл тұңғыш рет бастауыш сыныптар үшін ұйымдастырылатын «кезекші сыныптар» мәселесіне депутат назарын аударды. Айтуларынша, жүктеменің артуына байланысты еңбекақы төлеміне қатысты нормативтік-құқықтық база жоқ. Депутат осы және басқа да өзекті сұрақтарды құзырлы органдармен бірлесіп шешуге уәде етті.

 * * *

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Б.Оспанов Шымкент қаласында кәсіпкерлермен кездесіп, шағын және орта бизнесті қолдау мәселесін талқылады.

Сонымен қатар ол «Taссай» индустриалды аймағына және «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағына барған кезде мұндай кездесулердің қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін ел басшылығы қойған міндеттерді шешудің маңыздылығын атап өтті. Депутаттың айтуынша, бизнеске жеңілдетілген несие беру тәжірибесін, шетелден әкелінетін кейбір материалдарға бажды төмендету, сондай-ақ, кәсіпорындарды өндірістік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беру керек. Депутат кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың негізгі бағыттары бойынша сұрақтарына жауап беріп, заң жобалары туралы және алдағы партияішілік сайлау, яғни праймериз туралы айтты.