Жұмыс сапары барысында қала әкімі пайдалануға берілетін Әуезов ауданының «Мамыр» ықшамауданындағы 1200 орынды және Түрксіб ауданындағы «Нұршашқан» ықшамауданындағы 600 орынды мектептерде болды.
Бұлардан өзге, Бақытжан Сағынтаев мектептер жанынан салынған Бостандық ауданындағы 300 орынды, Алатау ауданының «Қарасу» ықшамауданындағы 192 орынды, Медеу ауданының «Думан» ықшамауданындағы 850 орынды жаңа қосалқы нысандарды аралап көрді. Сонымен қатар, әкім №5 музыка мектебінің 350 орынды жаңа ғимаратында және жақын күндері ашылған көпбейінді музыка орталығында болды.
Мектептерді аралап шыққан Б. Сағынтаев білім ошақтарының айналасын абаттандыруға, жасылдандыруға, кіреберіс жолдар мен тротуарларды салуға және жөндеуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Айта кетерлігі, қала әкімі оқу орындары директорларының назарын кезекші сыныптарда санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтау қажеттігіне аударды.
«Жаңа нысандар мектептегі оқушылар тығыздығын азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, «Думандағы» мектептерде оқушылардың орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Ал «Нұршашқандағы» бұл құрылыс Түрксіб ауданының басқа мектептеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін алғашқы салынған нысан», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Жалпы, ағымдағы жылы екі мектеп пен бес қосалқы нысандардың пайдалануға берілуі арқасында 3, 8 мыңнан астам оқушы орны құрылды. Қала тұрғындарының қарқынды өсуін ескере отырып, мектептердің жанынан 1925 орынды жаңа қосалқы нысандар салу жалғасатын болады. Сонымен қатар, 26 мың орынға жуық мектептер мен қосалқы нысандар салу жоспарланған. 2240 орынды төрт жеке мектеп ашу жоспарланып отыр.