
Қытай дәрігерлері естіген адамды естен тандыратын тағы бір өзгеше операция жасап шықты. Бұл жолы олар адамның бетін кеудесіне орнатып берді. Осы туралы хабарлаған Segodnya.ua агенттігі дәрігерлердің бұл қадамға эксперимент ретінде барғанын да жазады.
Елдің оңтүстік-шығысындағы Фуцзянь провинциясында қарапайым отбасынан шыққан 17 жасар Сюй Дзянмей есімді қыз бұдан 12 жыл бұрын, 5 жасында бетін күйдіріп алған екен. Сол зардаптан оның иегі, қабағы мен оң құлағы қатты зақымданыпты. Бірақ 10 жыл бойы қыздың ата-анасы оның емделуіне қажетті қаражат таппай қиналып келген. Сондықтан олар өткен жылы дәрігерлер тарапынан болған ұсынысқа амалсыз тәуекел еткен. Бір жақсысы, ота айтарлықтай сәтті жасалған. Нәтижесінде қыздың кеудесіне жаңа бет қондырылған.
Бұл өте күрделі операция екі кезеңмен жүргізілген. Дәрігерлер бірінші қыздың жамбасынан тері алып, оны сол иығының төмен жағына орнатады. Сосын жаңа тері өсіп, толық қалыптасып болған соң дәрігерлер оны қыздың бетіне тігіп береді.
Қытайда бұған ұқсас тағы бір операция осының алдында жасалған болатын. Сол жолы Аспан асты елінің тәбибтері жол апатынан жарақат алған жас жігітке жаңа мұрын қойып берген еді.
Айдар Өрісбаев.