Қазақстан • 28 Тамыз, 2020

Алтын қазық

547 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ», дейді. Ұялмайтынымыз – Ұлы дала төсінде ұлттың ұятын түгендеп, өмірлік ұстанымын шегендеген өз жолымыз болды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» еді Қазақ елінің қайнар бұлағы.

Алтын қазық

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Алаш баласын аттан түсірген алағай да бұлағай заманда сол жолымыздан жаңылып, қайнар бұлақтың қайда қалғанын білмей қалып едік. Қош! Азаттықтың алтын таңы атқанда ата жолын Ата Заң жалғады. Ақиқаттың алдаспанына айналған сол құнды құжаттың қабылданғанына да, міне ширек ғасыр толып отыр.

Иә, осыдан тұп-тура 25 жыл бұрын ел болып екшеп, халық болып қалап алған Конституциямыз қабылданды. Егемендіктің ең үлкен белгісі де, ең құнды сыйы да осы болды. Жетпіс жыл сергелдеңге салған алып империяның іргесі қаусап, өз алдына отау құрған жас мемлекеттің жолы айқындалды. Сондықтан болар, Ата Заң десе, ауызға алдымен «Алаштың айбары, қазақтың қайрағы» деген сөздер түседі. Айбарымыздың аспандап, түндігіміздің түрілгені – Алаш рухының тірілгені! Кеңес өкіметінің керзі етігіне тапталған қайратымыздың қайта түлегені!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Халқымыздың заң үстем­дігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қам­тамасыз етуге ұмты­лысы төл тарихымызда айқын көрініс тап­қан.

Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады. Ата Заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді», деген еді. Сол негізден айырылуға болмайды. Себебі Ата Заң – тәу етер тәуелсіздігіміздің айқын айнасы, Мәңгілік елдің мәуелі бәйтерегі іспетті. Онда сүйем жер үшін сүйегін беріп, азаттықты аңсап өткен балалардың мұраты, аталардың аманаты бар. Баянды болашаққа деген селкеусіз сенім де, кемел келешекке деген үкілі үміт те осы Конституцияда көрініс тапқан.

1

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiр­ген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жо­ғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқы­ғымызды негiзге ала отырып осы Консти­туцияны қабылдаймыз». Ата Заңда жазылған алғашқы сөйлем осы­лай басталады. Түзеп те, күзеп те отыр­ғанымыз жоқ. Қаз-қалпында беріп отырмыз. Неге? Себебі Ата Заң дегені­міз халықтың сөзі, халықтың өзі! Одан үнемі ұлттың үні естіліп тұра­ды! Ең құнды құжатымыздың елдің сөзімен басталу сыры да – осында!

Ел Конституция – егемендігімізді ерекшелеп, азаттығымызды айқын­дап тұр! Оған дау жоқ. «30 тамызда Қазақстан Республикасы Консти­туциясының қабылданғанына 25 жыл толады. Кез келген елдің бас­ты заңы бір күнде пайда болмайды. Рес­пуб­ликамыздың даму жолында Консти­туцияның алар орны ерекше. Тәуелсіз еліміздің Негізгі Заңы уақыт сыны­нан сүрінбей өтіп, адамзаттық құндылықтарды орнықтыруға зорық­пал етті. Оған тағылымды тарих пен өмір таспасындай болып өткен ши­рек ғасырлық уақыт куә», дейді Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми.

Оның айтуынша, Ата Заңды білу, оған бағыну, оны құрметтеу – әр­бір демократиялық мемлекет үшін әрқашан өзекті міндет болып қала бермек. Конституция – еліміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры, біздің барша табыстарымыздың бастауы. Қоғам мен мелекеттің болмыс-бітімін, ішкі-сыртқы бағытын айқындайтын, аза­мат­тардың мүдделері мен құн­ды­лық­­тарын қорғайтын басты құжат. «Бүгінде қанаты қатайған, арманы асқақ Республикамыздың Консти­ту­циялық келбеті 1995 жылы 30 тамызда болған бүкілхалықтық референдумда анықталды. Сол уақыттан бастап Елбасы ұсынып, халық мақұлдаған қолданыстағы Конституцияның негі­зінде тыныс-тіршіліктің барлық салалар­ында реформалар жүргізіліп, қоғам­дық құндылықтар жүйесінде түбе­гейлі өзгерістер орын тапты. Аза­маттар конституциялық еркіндікке ие болды. Еркін өмір сүру, кәсібін таңдау бостандығына жетті. Ширек ғасыр ішінде қолданыстағы Конституция өзінің өміршеңдігін және дамудың жоғары қарқынын қамтамасыз ете алатын әлеуетін дәлелдеді», деп түйеді Қ.Мәми.

Елбасы ұсынған еліміздегі ең негізгі құжатты қалың бұқара қол­да­ды. Ата Заңға атүсті қарамайтын арда халқымыз оның жазылуы мен әзірле­нуінде Тұңғыш Президентіміздің тағдыр­шешті рөл атқарып, ерен еңбек сіңір­генін де жақсы біледі. Консти­туцияны қабылдаудағы Елбасының еңбегін шетелдік сарапшылар да мо­йындап, жоғары бағалайды. Мәсе­лен, халықаралық сарапшы, Грузия­ның Конституциялық Сотының бұрын­ғы төрағасы, Әділет министрі Геор­гий Папуашвили «Грузияның Консти­туциялық Сотының төрағасы, кейін Еуропа кеңесі венециялық комис­сия­сының мүшесі лауазымдарын атқарып жүрген кезімде қызмет бабына байланысты халықаралық конференция­лар мен кездесулерге жиі қатысып тұрдым. 2017 жылы венециялық комис­сиясының мүшесі ретінде Қазақ­стан Конституциясын реформалау жұмысына сарапшы ретінде қатысып, Үкімет пен Парламент Сенатына жә­не Мәжіліске ауқымды құзырет беру, Сот билігін жетілдіру, Конс­ти­ту­­ция­лық Кеңестің рөлі мәселе­лері қарал­­ған еді. Сол кезде венециялық комис­­сия Қазақстан Конституциясын рефор­­малау жұмысына өте жоғары баға берді. Себебі реформа кезінде жасал­­ған әр қадам, қабылданған әр шешім Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың көре­­гендігінің жемісі екені айқын аңға­рылып тұрды», деп ағынан жарылады.

Бұл ойды Конституциялық Кеңес­тің мүшесі, заң ғылымдарының докторы Виктор Малиновский де қуаттап отыр. «Нұрсұлтан Назарбаевтың көре­ген­дігі мен көшбасшылық қасие­тінінің ар­қасында Қазақстанда консти­туция­лық үрдісті жүзеге асыра алатын жүйелі жұмыс қалыптасты. Респуб­лика­лық референдумда Қазақстан Консти­туциясының қабылдануы арқы­лы Елбасы халқымызды түрлі келең­сіз­дік­тен қорғай алатын тағдыр­шешті шешім жасады. Тұңғыш Прези­дентіміз өзінің шешімдері мен баста­малары арқылы Қазақстаның Конс­ти­туция­сына деген адалдығы мен жана­шыр­лығын танытып келеді», дейді ғалым.

Тәуелсіз еліміздің тамырын тап басып, тағдырын таразылаған осынау 25 жылда Ата Заңның артықшылығы айрықша айқындалды. Әлі де айқын­дала түсері ақиқат. Себебі ширек ғасырда уақыт тезінен өтіп, замана шын­дығында шыңдалған бүгінгі ел Конс­титуциясына ең үлкен бағаны болашақ ұрпақ береді!