Малайзиядан елімізге ұшуы тиіс болған Air Astana әуе кемесінің сапары 30 сағатқа кешігіп жатыр. Бұл туралы әуе компания баспасөз қызметінің ақпарына сілтеме жасаған 24.kz хабарлады.
Ұшақ Куала-Лумпур қаласынан 27 қазанда шығуы тиіс еді. Алайда, әуе кемесін тексеру нәтижесінде ұшақ қозғалтқышының қуат беру блогы істен шыққаны анықталды. Қазіргі уақытта «Боинг 757» жөндеуден өтуде. Борттағы барлық жолаушылар қонақ үй және үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілді. Болжам бойынша, жөндеу жұмыстары бүгін аяқталуы тиіс. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша кешкі 18:00-де сапарға шығады деп жоспарлануда.
Айдар Өрісбаев.