Экономика • 28 Тамыз, 2020

Кооператив: іріленгеннің ісі ірі болады

288 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде «ҚазАгро» арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие берілетінін де айтты.

Кооператив: іріленгеннің ісі ірі болады

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

Осы жағдай қолдаудан құралақан қалып келе жатқан жеке қосалқы шаруашылық иелерімен қатар, аталған проблеманы бұрыннан көтеріп жүрген сала мамандары мен ауыл жанашырларына тың жігер берді. Президент сөзінен қанаттанған олар қазірдің өзінде іске кірісті.

 

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген аталы сөз бар. Егемендігіміздің алғашқы жылдары жекешелендіру барысында «ел еншісіне беріледі» деген дүниені кооператив құру арқылы қайта жинақтауға, қалыптасқан технологияны бұзбай өндірістік үдерісті жалғастыруға болатын еді. Сол алмағайып жылдарда кейбір жылпостар пысықтық танытып өндірістік кооператив құрған-ды. Кейіннен олардың «пай жинап бай» атанғаны белгілі болды.

Жекешелендіру нәтижесі жалпы көпшіліктің көңілінен шықпады. Кеңестен қалған жыртыс­ты керегіне жаратқан бұқараның шама-шарқы ұзаққа жетпеді. Өсім беретін мал құны көк тиын болып, сабын мен араққа айырбасталып, сарқылып бітті. Сөйтіп, халық қолында жер теліміне шартты түрде берілген құқықтары (үлестері) ғана қалды.

Үкімет нарық талаптарын түсініп үлгермеген ауыл тұрғындарына «Үлестеріңді заңдастырып не жеке шаруа бол, не болмаса кәсіпорындардың жарғысына құйып құрылтайшылар қатарына кір» деген шарт қойғаны әлі есімізде. Азын-аулақ құралы бар азаматтар шаруа қожалықтарын құ­рып, жеке кетті. Батылдық пен дербестік таныта алмағандар жер үлестерін кәсіпорындарға тапсырды. Бірақ одан әлі де пайда көре алмай жүр.

Осылайша тараған колхоздар мен совхоздардың орнына ауыл тұрғындарының мүліктік пайлары мен жер үлестерінен құралған серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар пайда болды. Жоғарыда айтқандай, өз үлестерін беріп, одан ешқандай пайда көрмеген қара халық үйдегі өзінің қосал­қы шаруашылығына үміт артты. Бүгінде осы үй ша­руа­шылықтары Қазақстанда өндірілетін мал өнім­дерінің 70%-ға жуығын ешбір технологиясыз және де мемлекеттің көмегінсіз беріп отыр. Ал оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетсе, үй шаруашылықтарынан құралған кооперативтердің берері де еселеніп, ауылдағы халықтың тұрмыс деңгейі айтарлықтай көтерілер еді.

Алайда бұл мәселені шешудің әлі де болса жергілікті жерлерге бейімделген сара жолы табылмай келеді. Осы жөнінде әңгіме қозғалса көбі шетелдердің тәжірибесіне жүгінеді. Әрине олардың кооператив қозғалысын дамытудағы жетістіктері орасан зор. Ондай деңгейге олар бір­те-бірте, ондаған, тіпті жүздеген жылдар ішінде жетті емес пе? Біз болсақ солардың үлгісін тез ара­да өзімізге енгізбекпіз. Бірақ оған қоғам дайын ба, жергілікті жерлердегі жағдай шетелдік үлгіні қабылдай ала ма деген сұрақтарға жауап жоқ.

Шаруа қожалықтарына қайтып оралайық. Бас­тапқыда олардың жағдайы көңіл көншітерлік болды деп айтудың реті келмейді. Дөңгелегі болса тракторы жоқ, арбасы болса аты жоқ жаңа агробизнесмендердің алғашқы он-он бес жылы жұмыс құралын қалыптастырып, етектерін жауып, естерін жинаумен кетті. Бір-біріне тәуелді, кіріптар болғысы келмей, жер алқабы аз болса да әрқайсысы өзіне жеке техника алды. Тірнектеп жиған ақшасы мен несие рәсімдеп сатып алынған құрал-жабдықтың қуаты өндірістегі нақты қажет­тіліктен анағұрлым көп болғандықтан, алынған зат бос тұрды. Нәтижесінде шығарған өнімнің өзін­дік құны өсіп, экономикалық тиімділік тө­мендеді.

Кооператив құру бойынша мемлекет тарапынан осыдан он бес жыл бұрын болған соны серпінді жобаны еске алайықшы... Лизинг пен несие сыйақысы 9-11 пайыз болып тұрғанда «СПК» деген 5 пайыздық жаңа бағдарлама бұлттан шыға келген күндей жарқ ете түсті. Шынын айту керек, бірнеше адам бірігіп сүт жинаймын десе жеңілдетілген тәртіпте берілетін өте арзан несие ауыл арасына тым шикі күйінде кетті. Оның үс­тіне үй-үйді аралап ешкім насихат жұмысын жүр­гіз­бегендіктен, бағдарлама туралы ақпарат облыс пен аудандардағы кабинеттерден ары шыға қоймады. Алаяқтар сыбыр-күбірмен тараған ақпа­ратты естіп алып, кооперативке кірген адам­дардың жалған тізімін жасап, арзан несиені талан-таражға салды. Оның 90 пайызы қайтарусыз қал­ғандықтан несие беретін ұйым да, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі де бұл тақырыптан ат-то­нын ала қашты. Бағдарламаның авторларынан «жоба­ларың неліктен жабылды?» деп сұрасаңыз, «шарттары шикі болды» деп мойындаудың орнына «халық бірігуге дайын емес», «бұл утопия екен», «кооператив құру тиімсіз» деп судырлата жөнелуден тайынбайтын. Кезінде осындай жауаптары үшін кейбір азаматтармен жаға жыртысуға дейін бардық.

 

Ештен кеш жақсы

Мамырдың басында COVID-19 пандемиясынан сал болуға айналған экономиканы қайта қолға алу керектігін тапсырған Президентіміз үй шаруашылықтарына ерекше назар аударды. Бұл енді ауылдағы шаруа баққан ағайынға бірігіп, тірлік етеміз деуге туып тұрған нағыз жұлдызды сәт еді. Өйткені Президент екі тізгін, бір шылбырды қолымызға ұстатып отыр ғой. Қыруар қаржы да бөлінеді. Енді не керек? Қалай болғанда да осы күндерде кооператив құруды ақи-тақи сөз етудің нағыз тарихи сәті туып тұрғанын естен шығармау қажет. Тіпті найқалып жүріп алмай, білекті сыбанып іске кірейік. Өмір талабы, жаһанды жайлаған жайсыз індет бізден осыны талап етіп отырғанын барлық жан-тәнімізбен сезінуіміз керек.

Ендеше, кооперация ауыл тұрғындарына не береді, ол қалай құрылады, ол үшін не істеу керек деген қарапайым сұрақтарға келейік.

«70 жыл коллективтенуден шаршаған халық­тың ұжымдаса жұмыс істеуге құлқы жоқ», «бұл да баяғыдағы колхоздың бір түрі ғой... » деген бос әңгімені алға тартып, кооперация жұмысын тежеп жатқандар әлі де жетіп артылады. Бірақ 2016 жылы министрлікке жаңа басшының келуімен кооперация тақырыбы жандана бастады. Идея да, ниет те керемет. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» бұрын-соңды болмаған қағиданы қолдана отырып, кооператив құрушыларға керемет бағ­дар­лама сыйласа, министрлік инвестициялық суб­сидия жағын жайнатып қойды. Нәтижесінде Қазақ­стан бойынша 157 елді мекенде құны 5 мил­лиондық, сүт жинайтын бекеттер орнатылды. Сали­қалы несие саясаты мен инвестициялық субсидия сол бекеттердің кооперативтер үшін қолжетімді болуына арқау еді.

Алайда әдеттегідей орталықтан басталған бағ­дарлама жергілікті жерде пәрменділігін жоғалтып алды. Турасын айтқанда тың шаруа қолға алынбай жатып, аяғы құрдымға кетті...

Президентіміздің үндеуінде ауыл тұрғындары­ның бірігу жолын ынталандыратын ерекше бағ­дар­лама керек екендігінің айтылуы бекер емес.

Ондай бағдарламаны біз Ақмола облысы Ақ­көл ауданының Азат ауылында жүзеге асыруды қолға алдық. Теориядан нақты іске көшетін ке­зеңде 1 млн 700 мың үй шаруашылығын коо­пе­рация арқылы дамыту мәселесін кабинет дең­ге­йінде идея жинау арқылы шешуге болмайды. Оған уақыт жоқ. Облыс әкімдері мен құзырлы ор­гандарға біздің тәжірибені қолдану бойынша тапсырма берілсе жеткілікті. Білгенімізбен бөлісуге біз дайынбыз.

Кооперативіміздің құрылу тарихын қысқаша айта кетейін. Ең алдымен «ауыл тұрғындарының бірігіп жұмыс істеуі үшін нақты не істеу керек және кооператив құрылған жағдайда, оның тұ­рақ­тылығын қалай қамтамасыз ете аламыз?» деген екі сұраққа С. Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университеті ғалымдарының ғылыми көзқарастарымен қатар, жергілікті жағдай мен халықтың ойын бір-бірімен үйлестіре отырып жауап іздедік. Басты білгеніміз – кооператив құ­ру­да алғашқы қадамды адам емес, мемлекет не меценат жасауы тиіс. Иә, бұл істің байыбына барып, түсіну қиын. Десе де, осынау заманда «Алдымен қосылыңдар, сосын барып керек-жарақтарыңды алып береміз» деген уәде бос сөз болады. Айтылатын сөз «Мінекей, қажеттеріңе жарататын дүние дайын, келіңдер, пайдасын бірге көріңдер» болу керек!

Мінекей, тура осы ұстанымды негізге алып, коо­ператив құру туралы ойымызды «Самұрық Қа­зына» әл-ауқат қорына айттық. Түсінді. Қолдады.

Ендігі кезекте іргелес ауылдардың әлеуметтік жағдайына бейқам қарамайтын, аманатқа қиянат жасамайтын адал да абзал серіктес табу керек еді. Таңдау Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Азат кентінен 6 шақырым жерде орналасқан «Қа­ра найза» шаруашылығына түсті. Бұл қожалық орта деңгейдегілердің қатарында. Қора-қопсысы қарапайым. Ағаштан салынған. Жұпыны деу­ге келмейді, жылтырап тұрған жері де жоқ. Қара­пайымдылығынан болар, «Қара найза» шаруа­шылығы идеямызды қолдап, кооперативке қажет жер бөліп, үй шаруашылықтарына қызмет көрсету мақсатында құрылған жаңа құрылымға демеуші әрі көмекші болуға келісті. Сөйтіп, 2019 жылдың күзінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің қолдауымен жобамызды қағазға түсіріп, «Самұрық Қазына» қорынан қаражат алып, жұмысты бастап кеттік.

Ең ауыры осы идеяны өз ойымыздағыдай ауыл тұрғындарына жеткізу, түсіндіру болды. Мал­ға қажет сапалы жем-шөпті өсіріп, оны арзан бағамен ауыл тұрғындарына жеткізуге, еркек малды бордақылауға, ұрғашы малды көктемнен қысқа дейін бағып беруге, оны қолдан ұрықтандырып, ветеринария жағынан қадағалап тұруға дайын екенімізге халықты бірден сендіру оңай емес. Осыны ескере отырып, насихаттау жұмысына үлкен мән бердік. Бізге үлкен демеу болған тағы бір жайт – серіктес ретінде тартылған «Қара найза» шаруашылығының сол маңдағы ауыл тұрғындарының алдындағы жоғары беделі болды.

Үгіттеу жұмысын жүргізуге білікті де, білімді, өмір көрген, тәжірибелері мол, халықпен қоян-қолтық араласып, сөйлесе алатын азаматтар тар­тылды. Олар күзден бастап көктемге дейін қыс­тың сұрапыл борандарына қарамастан алты ай бойы 13 елді мекендегі әр үйді аралап шықты. Нә­тижесінде 1075 адамға сәйкесінше ақпарат пен білім берілді. Мамандар қолдарына қалам мен қағазын алып, кооператив қызметін пайда­лану және үй шаруашылығы болып жеке жұ­мыс істеудің айырмашылығын түсіндіруден жалықпады. Ақыры тамшылап түсіндіру арқылы тасты тесіп шықтық.

Кооператив жұмысында төрт қағиданы не­гізге алдық. Біріншісі – қанағат. Кооперативтің өз тұтынушыларына көрсететін қызметтен табатын пайдасы өзіндік құнның 10-15 пайызынан аспау керек. Екінші қағида – жауапкершілік пен абырой. Кооператив пен ауыл тұрғындарының арасында жасалатын келісімшарт сенімді болу үшін берген уәдені бұлжытпай орындау қажет. Мысалы, бағуға алған мал жоғалса, орнына дәл сондай мал қою немесе құнын әділ бағамен уақы­тында өтеу. Үшінші қағида – технологияны дәріптеу. Бордақылау да, өрісте өсіру де заманауи талаптарға сай болуы шарт. Ауыл тұрғыны шаруашылық жағдайында өсірілген малдың күйі үйдегі малмен салыстырғанда бірнеше есе жақсы болатынын сезсе ғана кооперативке қызы­ғушылық пайда болады. Төртіншісі – ауыл тұрғыны үшін табысты ұлғайту мүмкіндігінің болуы. Яғни мал өткізумен ғана шектелмеу. Әрі қарай, кооперативтің көмегімен арзан несиеге қол жеткізіп, оған қосымша мал алып кооперативтің қызметін пайдалану арқылы кіріс көлемін еселей беру.

Осыдан бір жыл бұрын идеямды түсіндірген кезде адамдар «Қолындағы бар малды кооперативке тапсырып қойып, ауыл тұрғыны не істе­мекші?..» деп күлген еді. Мінекей, уақыттың өзі дәлелдеп шықты. Кооперативке малын сеніммен тапсырып, қолы толық босағандардың бір бөлігі аудан орталығында жұмысқа орналасса, екінші бөлігі бау-бақшамен айналысып кетті. Кіріс көзін барынша ұлғайту деген осы емес пе?!

Кооперативке кіріп қанша пайда табамыз, есеп айырысу қалай жүзеге асады, ауыл тұрғыны тұтынатын қызмет бағасы қандай деген сұрақ туын­­даса, қосымша ақпарат беріп, тәптіштеп тү­сіндіруге дайынбыз.

Сонымен бағанадан тоқып отырған өрмегіміз­дің тоқ етері – іріленгеннің ісі ірі болады. Коопе­ративке біріккеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Тіпті әріден алсақ, «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен көресің» дегендей, мынау жойқын індет аузын айға білеген мемлекеттердің өзін теңселтіп жатқанда оңаша қалып алысқа бару қиын. Не болса да бірігіп, жұдырықтай жұмылып, қиындыққа қарсы тұрғанымыз жөн екені даусыз.

 

Анас БАҚҚОЖАЕВ,

«Кооператив құру арқылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру» жобасының жетекшісі