Білім • 28 Тамыз, 2020

Оқу сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты

740 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қоғамның дамуы – білім саласының дамуына тікелей байланысты екендігі еш дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сондықтан кез келген дамушы қоғам білім мен ғылым сапасын тоқтаусыз, толассыз жетілдіруге тырысады.

Оқу сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты

Ел болып еңсе тіктеген сәттен бастап елімізде мемлекеттік деңгейде білім саласына барын­ша көңіл бөлініп келеді. Әлем­де­гі ең озық үлгілер сыннан­ өтіп, жергілікті жағдайға ың­ғай­­ланып, күнделікті іс-тә­жіри­бемізде пай­далануға ен­гі­­зілгендіктен, бүгін­дікке со­ның оң нәтижелері же­місін бе­ру­де. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың білім саласына үл­кен қолдау жасап, қамқорлық көрсетуін де сезінудеміз. Ұстаз­дардың ұсыныстары мен та­лап-тілектеріне сәйкес Білім жә­не ғылым министрлігіне оң өз­герістер жасау қажеттілігі жө­нінде тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын өзі бақылап отыр­ға­нын күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп отырмыз. Бұл үшін білім саласы қызметкерлерінің, со­ның ішінде қалың елдің орта­сында жүрген қарапайым ұс­таз­дардың алғысы шексіз. Ал­дағы уақытта да білім және ғы­­лым саласында жақсы да жа­ғымды жаңалықтар көбейіп, іс жүзіне асатынына сенімдіміз. «Мемлекеттің барлық бастамалары білім саласын жетілдіріп, педагог мәртебесін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда бі­­лім саласы жаңартылған бі­лім мазмұнына көшті, «Пе­да­гог мәртебесі» туралы заң қа­­был­данды, ұлттық біліктілік тестілеу ен­гізілді, педагог кадр­лардың жа­лақысы артты, ди­ректорлық корпусты та­ғайын­дау тәртібі өзгерді, жаңа мем­лекеттік білім мен ғылымды дамытудың бағ­дар­ламасы қа­былданды. Білім және ғылым министрлігінің елмен етене араласып, берілген тап­­сырмаларға сәй­кес тиісті ұсы­­­ныстарды жүзеге асырып жат­­­қанына мұ­ғалімдер қауымы дән риза.

1

Шұға Қаратаева,

Мәртөк ауылын­дағы №2 мектеп-гим­на­зия­ның математика пәні­нің мұ­ғалімі,

Білім беру ісінің құр­метті қызметкері:

«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – барлық педагог қауымы үмітпен күткен бас­ты жаңалық. Ұстаздар тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет осындай үлкен мәртебеге ие болып отыр. Заң алдымен, ұстаздардың құқықтарын кеңей­тіп, қорғайтын болады, яғни мұ­ғалімге тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту көзделген.

Осы аталған бағыттағы іс-әрекетті ұжым да сезінді. Біз мектепке қатысы жоқ іс-шаралардан арылып, уақытымызды білім беруге, өзімізді дамытуға арнадық. Екі құжатты – сынып журналы мен сабақ жоспарын ғана тол­тырамын. Сондай-ақ оқу жы­лының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындап, әр тоқсан соңында кри­териалдық бағалау бойынша құжаттарды дайындаймын. Қал­ған құжаттың еш қажеті жоқ.

 

Гүлжан Садирова,

Ақтө­бе қала­сын­дағы №51 гимназия­ның мұ­ғалімі, Білім беруісінің үздігі:

Мен жаңартылған білім маз­мұны курсына қатысып, кә­сіби білімімді жетілдірдім. Бұл менің біліктілік санатымды арттыруға үлкен көмегін ти­гізді. Енді мен – педагог-зерт­теу­шімін, біліктілік санатыма сай еңбекақыма 40% үстемеақы алып отырмын. Бұл менің және барлық әріптестерімнің ең­бе­гінің бағалануы деп түсінемін.

 

Нұрлан Джакибаев,

№1 Шұбарқұ­дық мектеп-гимназиясының мұғалімі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері:

– Иә, ұстаз еңбегі өте төзім­ді­лік­ті, табандылықты, сабырлылық пен шығармашылықты қажет етеді. Мен – сынып же­тек­­ші­сімін. Әрине, қазіргі сынып жетек­­шісіне төленетін қо­сым­ша­ ақы тағы екі есеге артатыны қуантады. Себебі сынып же­тек­шісінің еңбегі өте күрделі әрі жауапты, оның ішінде ата-анамен де жұмыс жүргізу бар. Сон­дық­тан бұл өзгеріс бізге тиімді болып отыр.

 

Гүлмараш Мукашева,

№6 Хромтау гимназиясы­ның директоры, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері:

– Педагогтің ұстаздық қыз­метпен алаңсыз айналысуы үшін педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру – бұл да бізге деген мемлекеттің қамқорлығы деп түсінеміз. Сонымен қатар педагог мамандығына оқуға түсетін түлектер үшін балды 60-тан 70-ке көтеру де дұрыс шара және оны біз қолдаймыз. Себебі ертең мектепке біздің ісімізді жалғастыратын сапалы білімді жастар келеді деп сенеміз.

 

Алтынай Ақдәулетова,

Қарауылкелді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Білім беру ісінің үздігі:

– Қазіргі уақытта олимпиа­да­ларға, ғылыми жобаларды қорғауға оқушылардың қызы­ғу­шылығы жоғары, сәйкесінше қатысушылар да көп. Респуб­ли­калық, халықаралық олимпиа­да­лар бойынша Білім және ғылым министрлігінің тізбесі жа­салған. Осы тізбеде олимпиа­да жеңімпаздарын дайындаған мұғалімдерге әр мекеменің ішін­дегі үнемделген қаражат есе­бінен 300 АЕК көлемінде үстеме­ақы төлеу қарастырылған. Бұл елімізде дарынды балаларды қолдау, таланттарды танытуға сеп­тігін тигізеді деп білеміз. Соны­мен қатар ұстаздар үшін кере­мет мотивация екені сөзсіз.

 

Естай Жайлыбай,

Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің директоры, Білім беру ісінің үздігі:

– 1985 жылы кәсіптік-тех­никалық білім беру саласына жұмысқа орналасып, оқыту­шы­лық­тан бастап колледж директорына дейінгі бүкіл сатысынан өттім. Оны айтып отырғаным – осы 35 жыл ішінде бұл саланың барлық жетістіктері мен қиын­шы­лықтарының куәгері болып келе жатырмын. Қазіргі таң­да елге керекті орта буын, жұ­мыс­шы мамандарды даярлау­ қа­жеттігі туындаған кезде мем­лекет тарапынан білім сала­сына қолдау көрсетіліп жа­тыр.­ «Педагог мәртебесі ту­ра­лы»­ заңның қабыл­дануы­ның маңызы өте зор. Мұғалімдердің мәртебесі артты, жалақылары өсті. Олардың қоғамдағы орны­ көрнекті бола бастады. Өзім қызмет ететін Ақтөбе өнер­кәсіп­тік технологиялар және бас­қару кол­леджі респуб­лика­лық­ «Жас маман» жобасына еніп, екі ма­мандыққа заманауи тех­ни­калық құрал-жаб­дық­тар алу мүм­кіндігіне ие болды. Осын­дай қолдауды жете сезін­ген әріп­тес­терімнің бар күш-жі­герін қа­жетті әрі сапалы маман­дар даяр­лауға арнайтынына сенімдімін.

1

 

Р.S. Міне, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Шәкірттер мен ұстаздарға оқу жылының басталғанын хабардар етіп, сыңғырлай жөнелетін қоңырау үні биылғы оқу жылында да қашықтан естілмек. Қоңырау үні қашық болғанымен, ұстаздар мен оқушылар арасы жақын. Өйткені заманауи технологиялар жетістігі екі арадағы байланысты жақындата түсті. Осы аралықта ұстаздар қауымы цифрлы технологиялар арқылы өз бетінше үздіксіз білім алып, сан алуан ақпаратпен алмасу мүмкіндіктерін әбден игерді.

Облысымызда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Барлық оқушылардың отбасылық жағдайының әлеуметтік картасы жасалды. Осының негізінде әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың оқушыларына, басқа да қажеттілігі бар балаларға білім беру ұйымдарындағы компьютер, планшет құрылғылары уақытша пайдалануға берілді. Әлі де жетіспеушіліктің орнын толықтыруға республикалық, облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінуде.

Әрбір қиындықтың соңында жақсылығы болады. Әлемді жайлаған індет білім саласына қашықтан оқыту форматын енгізді. Педагогтер мен мектеп оқушыларына ақпараттық техноло­гияның тілін жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік туды. Педагог – оқушы – ата-ана үштігі бұл сынақтан бірлесе шынығып шығатыны анық.

Облыс ұстаздары мен білім саласы қызметкер­лерінің білімі мен күш-қуаты қандай сынақты болсын еңсеруге жететініне сенімдіміз.

 

Дина ЖАМАНБАЕВА,

Ақтөбе облыстық ғылыми-әдістемелік орталықтың директоры