29 Қазан, 2013

Аспаннан алтын жауған күн

463 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

26 қазан, сенбі күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бокстан әлемнің XVII чемпионатының финалдық жекпе-жектері болып өтті. Оған Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отырды. Мемлекет басшысының арнайы келіп, өз өнерле­рін тамашалағанынан бойларына ерекше қуат алған Қазақстан құрамасының ақтық айқасқа шыққан 4 бірдей мүшесі алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атанды. Бұл күні тағы 2 жігітіміз күміс медальді мойындарына ораса, соның алдында 2 саңлағымыздың қола медальға қол жеткізгені белгілі болған еді. Сөйтіп, ұлттық команда өзінің тарихында бірінші рет жаһандық жарыста командалық бірінші орынға шықты.

Бұл күн шынында да қазақ боксы­ның айбыны асқан, қазақ құрамасы үшін аспаннан алтын медальдар жаңбыры жауған күн болды. Осы тарихи жеңіске айналған оқиға туралы материалдармен газетіміздің 6 және 12-беттерінде таныса аласыздар.

26 қазан, сенбі күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде тан әлемнің XVII чемпионатының финалдық жекпе-жектері болып өтті. Оған Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отырды. Мемлекет басшысының арнайы келіп, өз өнерле­рін тамашалағанынан бойларына ерекше қуат алған Қазақстан құрамасының ақтық айқасқа шыққан 4 бірдей мүшесі алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атанды. Бұл күні тағы 2 жігітіміз күміс медальді мойындарына ораса, соның алдында 2 саңлағымыздың қола медальға қол жеткізгені белгілі болған еді. Сөйтіп, ұлттық команда өзінің тарихында бірінші рет жаһандық жарыста командалық бірінші орынға шықты.

Бұл күн шынында да қазақ боксы­ның айбыны асқан, қазақ құрамасы үшін аспаннан алтын медальдар жаңбыры жауған күн болды. Осы тарихи жеңіске айналған оқиға туралы материалдармен газетіміздің 6 және 12-беттерінде таныса аласыздар.

Бұл күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына ағылған жұртта есеп болмады. Жергілікті жанкүйерлер, шетелдік қонақтар мен халықаралық журналистер, оның сыртында осы сайысқа арнайы ат сабылтып келген әлемге танымал спорт және бизнес саласының беткеұстарлары, түрлі деңгейдегі шен-шекпен иелері мен шетелдік дипломаттар, несін айтасыз, қазақ жерінде тұңғыш рет жалаңбас жұдырықтасатын жарысты тамашалауға асыққан жұрт қара нөпір болды.

АІВА өткізген әлемдік чемпионаттың шымылдығын қазақстандық Біржан Жақыпов пен Мохаммед Флиси ашып, дүниені 15 күн бойына дүрілдеткен мықтылар сайысының ең ерекше ойын өрнегін көрсете білді. Жеңіл салмақта бұған дейін қарсылас шыдатпай келген Біржан алжирлік Мохаммедті айқын басымдықпен жеңіп, қазақ боксының алғашқы алтын жүлдесін қоржынға салды.

Дүбірлі жекпе-жектің екінші кездесуі 52 килодағы ресейлік Миша Алоян мен Өзбекстан бокс­шысы Жасурбек Латиповтың арасында өтіп, бұл сайыста­ Ресей боксшысының бағы жанды. Үшінші жұп – 56 кило сал­мақтағы Әзербайжан елінің перзенті Джавит Челебиев пен Ресей боксшысы Владимир Никитиннің жекпе-жегі де аса тартысты өтті. Екі мықтының кездесуінде әзербайжан жігіті жеңіс тұғырына көтерілді.

60 кило салмақтағы мықтылар кубалық Лазаро Эстрада мен бра­зилия боксшысы Робсон Консейсоның жекпе-жегі де жарыстың ең тартысты кезде­су­лерінің бірі болды. Әлемдік жарыстарда жұлдызы ерекше жанатын кубалық «қара маржан» бұл жолы да мықты қарсыласынан айла-тәсілін де, шеберлігі мен күшін де аяп қалмады. Жеңіс тұғырында – Лазаро Эстрада.

Алғашқы қадам сәтті бастал­ғаннан кейін-ақ қазақстандық боксшылардың рухы асқақтап, рингке жанарлары жарқылдап-ақ шығып жатты. 64 кило салмақтағы Мерейдің қарсыласы да осал емес еді. Қарсылас шақ келтірмей жүрген кубалық шебер Яснир Лопестің кездесулері әлі күнге көз алдымызда. Жүрегіне білегі сай, шеберліктері келіскен шын күштілердің арасындағы жекпе-жек талай көзді қызықтырып, талай көңілді алабұртып өтті. Мерейдің мықты соққылары мен Яснирдің жасындай қимылы жанкүйер қауым мен төрешілердің санасын солқылдатып, бұл жолғы жеңіске де қазақ ұлының ие боларын айқындап-ақ берді.

69 кило салмақтағы қазақ боксының жарық жұлдыздарының бірі Данияр Елеусінов те жанары жарқылдап, бұлшық еттерін ойната рингке беттеді. Қарсыласы – кубалық қара жұдырық Ариснойд Деспайн оңай алдыра салатын осал емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ боксына төтеп беретін һәм үлкен қарсылық танытатын Куба мектебінің саңлақ бокс­шысы. Ариснойдты тізе бүктіру үшін Даниярға шеберлік пен күштен өзге Алла берген бақ та керек. Құдай қолдап, қазақ бала­­­сының чемпиондық тұғырға көте­рілу мәртебесіне ие болдық. Мық­тыны мықты мойындап, шеберден шебер асқан күн болды бұл!

75 кило салмақтағы мықты­лардың кездесуі. Домбыраның күмбірімен, қалың елдің қолпаш­тауымен ортаға Жәнібек Әлім­ханұлы шықты. Оның қарсыласы Ирландия боксшысы Джейсон Куйглей де рингтен тек жеңіспен ғана түсетіндей өзіне бек сеніммен келіп жетті. Алайда, жекпе-жектің алғашқы сартпа-сұрт соққылары Жәнібектің жұлдызы жанатынын жариялап тастағандай болды. Бірінші раундтың екінші минутына жеткізбей Жәнібектің тура тиген соққысынан ирланд боксшысы тәлтіректеп барып сылқ ете түсті. Ақырында айтқандай Жәнібектің жұлдызы жарқырады.

Төрт «алтынды» теңгеріп тастағаннан кейін рингке шыққан Әділбек Ниязымбетовтен де шебер ойын мен кезекті жеңіс күткен едік. Соңғы жекпе-жегін сылбыр өткізген Әділбек шешуші кездесуде аз шабуылдап, көп қорғанумен болды. Қандай себеп болғанын білмедік, қолдағы жеңісті біздің ұл кубалық қарсыласына «сыйлағандай» күй кештік.

91 кило салмақтағы итальян Клементо Руссо мен ресейлік боксшы Евгений Тищенконың арасындағы кездесу де аса тартысты өтті. Бойы ықшам болса да шабуылы мен соққы беру мәнері бір саты жоғары Клементо әлем чемпионы атанды.

Чемпионаттың ең қызық және барша жұрт асыға күткен кез­десуі 91 килодан жоғары сал­мақтағы алыптардың жекпе-жегі – жерлесіміз Иван Дычко мен әзер­байжандық Мохамедрасул Мед­жиев арасында өтті. Екі раунд бо­йына ұпай санымен алда келе жат­қан Иван соңғы үшінші раундта жойдасыз соққыдан есеңгіреп қалды. Нокаут. Тым болмаса ұпай санымен ұтылғанда ғой көңіл күй дәл осылай түспес еді, деп өкініп қалғанымызды несіне жасырайық!

Міне, жарты айға жуық қазақ елінің төсінде қолғап түйістірген әлемдік дода да өз мәресіне ке­ліп жетті. Құдайға шүкір, 4 алтын, 2 күміс, 2 қоланы салды біз­дің оғландар ел қоржынына. Қазақ­стан­да тұңғыш әрі АІВА ере­же­сінде ең бірінші рет жалаңбас өткі­зілген жарыста әлемнің 140-тан аса елінің кіл мықтылары 447 жекпе-жек өткізіп, дүние жүзі­нің бокс тарихына ерекше үлес қосылды.

 

Әлем боксының әлеуеті

Бокстан әлемнің ең алғашқы чемпионаты 1974 жылы Кубаның астанасы – Гавана қаласынан басталғаны белгілі. Содан бері оның 17 рет жалауы көтерілді.

Соңғы чемпионаттың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы өзінің осы жылдарда жеңіп алған медальдары саны бойынша командалық төртінші орынға шықты.

Төменде осы кестедегі алғашқы 10 елді көрсетіп отырмыз. Жалпы, осы жылдарда медальді болғандар қатарында 51 елдің боксшылары бар. Ескерте кететіні, республика боксшыларының кеңес заманында алған 2 алтын, 2 күміс медалі бұл тізімнің есебіне алынған жоқ.

Орын

Мемлекет

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1

Куба

67

30

24

121

2

Ресей

20

19

19

59

3

АҚШ

16

9

16

41

4

Қазақстан

10

8

14

32

5

Болгария

8

8

18

34

6

Румыния

7

5

17

29

7

Италия

6

2

14

22

8

Украина

5

12

9

26

9

Өзбекстан

5

7

12

24

10

Германия

4

6

24

34

Чемпиондар шеруі

49 кг. Біржан Жа­­қы­пов. Шым­­­­кент, Қазақ­стан (07.07.1984). Әлем­нің 2013 жылғы чем­пионы, 2005 жыл­ғы қола жүлдегері. Әлем Кубогының 2006, 2008 жылдарғы қола жүлдегері. Азия ойын­­да­р­ының 2010 жылғы күміс жүлдегері. Қа­зақстанның 2006, 2007, 2009, 2012 жыл­дарғы чемпионы, 2010, 2011 жылдарғы күміс және 2005 жылғы қола жүлдегері.

Бұл чемпионатта Бэлик Галанов (Ресей), Хасанбой Дусматов (Өз­бекстан), Энтони Чакон Ривера (Пуэрто-Рико), Йосвани сото Вейтиа (Куба), Мохаммед Флисси (Алжир) сынды қарсыластарын ұтты.

52 кг. Миша Алоян. Новосібір, Ресей (23.08.1988). Олим­пия­лық ойындардың 2012 жылғы қола жүлдегері, әлемнің 2011, 2013 жылдарғы чемпионы, 2009 жылғы қола жүлдегері, Универсиаданың 2013 жылғы күміс жүлдегері, Еуропаның 2012 жылғы чемпионы, Еуропаның кадеттер арасындағы 2007 жылғы чемпионы. Ресей Федерациясының 2009, 2010, 2011 жылдарғы чемпионы, 2008 жылғы күміс жүлдегері.

Бұл чемпионатта Александар Александров (Болгария), Отенг Отенг (Ботсвана), Шахриер Ахмедов (Тәжікстан), Чатчай Бутди (Таи­­­ланд), Жасурбек Латипов (Өзбекстан) сынды қарсыластарын ұтты.

56 кг. Джавид Челебиев. Баку, Әзербайжан (17.05.1992). Әлем­нің 2013 жылғы чемпионы. Уни­вер­сиа­даның 2012 жылғы күміс жүл­де­гері. Еуропаның кадеттер арасын­дағы 2007 жылғы чемпионы. Әзер­бай­жанның 2013 жылғы қола жүлд­е­гері.

Бұл чемпионатта Ораз Авзалшоев (Тәжікстан), Тугцогт Ниясбайяр (Моңғолия), Бенсон Гичару (Кения), Шива Тапа (Үндістан), Қайрат Ерәлиев (Қазақстан), Владимир Никитин (Ресей) сынды қарсыластарын ұтты.

60 кг. Лазаро Альварес Эстрада. Гавана, Куба (28.01.1991). Әлем­­нің 2011, 2013 жылдарғы чемпионы, Боливар ойындарының 2009 жыл­­ғы чемпионы, 2011 жылғы күміс жүлдегері, Панамерика ойын­дарының 2011 жылғы чемпионы. Әлемнің кадеттер арасындағы 2007 жыл­ғы күміс жүлдегері. Кубаның 2008, 2012, 2013 жылдарғы чемпионы.

Бұл чемпионатта Джозеф Кордина (Уэльс), Фазлиддин Гаибназаров (Өзбекстан), Сайлом Арди (Таиланд), Берік Әбдірахманов (Қазақстан), Робсон Конкейкао (Бразилия) сынды қарсыластарын ұтты.

64 кг. Мерей Ақшалов. Астана, Қазақстан (05.08. 1988). Әлемнің 2013 жылғы чемпионы, әлемнің әскери қызметкерлер арасындағы 2010 жылғы чемпионы, Бүкіләлемдік бокс сериясының 2010 жылғы же­ңімпазы, Азияның 2013 жылғы чемпионы, Азияның кадеттар ара­­­сын­дағы 2004 жылғы чемпионы. Қазақстанның 2012 жылғы чемпионы.

Бұл чемпионатта Джош Тэйлор (Шотландия), Карлос Адамс (Доминикан), Эрмек Сакенов (Қырғызстан), Эвертон Лопес (Бразилия), Ясниер Толедо Лопес (Куба) сынды қарсыластарын ұтты.

69 кг. Данияр Елеусінов. Астана, Қазақстан (13.03.1991). Әлемнің 2013 жылғы чемпионы, Азия ойын­­­­дарының 2010 жылғы және Азияның 2013 жылғы чемпионы. Әлемнің жас­тар арасындағы 2008 жылғы күміс жүлдегері, кадеттер арасындағы 2006 жылғы чемпионы, 2007 жылғы қола жүлдегері. Қазақстанның 2010, 2011, 2012 жылдарғы чемпионы.

Бұл чемпионатта Карл Хиелд (Багам аралдары), Соулеман Сиссохо (Франция), Винченцо Мангикапре (Италия), Араик Марутян (Германия), Ариспойд Деспайн (Куба) сынды қарсыластарын ұтты.

75 кг. Жәнібек Әлімханұлы. Ал­маты облысы, Қазақстан (01.04.1993). Әлемнің 2013 жылғы чем­пионы. Азияның 2013 жылғы чем­пионы. Қазақстанның 2012 жылғы чемпионы.

Бұл чемпионатта Солтан Ми­гитинов (Әзербайжан), Хуан Антонио Меркадо (Мексика), Богдан Журатони (Румыния), Джейсон Куиглей (Ирландия) сынды қарсыластарын ұтты. Ал жартылай финалда ағыл­­­шын Энтони Фоулер жарақатына байланысты алаңға шықпай қалды.

81 кг. Хулио Сезар де ла Крус Переза. Гавана, Куба (11.08.1989). Әлем­нің 2011, 2013 жылдарғы чем­­пио­ны. Панамерика ойындары мен Боливар ойындарының 2011 жыл­ғы чемпионы, Панамерика ойын­дарының 2010 жылғы күміс жүл­дегері, Панамериканың 2008 жылғы чемпионы. Кубаның 2008, 2010, 2012, 2013 жылдарғы чемпионы, 2009 жылғы қола жүлдегері.

Бұл чемпионатта Сергей Михель (Германия), Олександр Ганзула (Украина), Абделфарид Бенчабла (Алжир), Джой Уард (Ирландия), Әділбек Ниязымбетов (Қазақстан) сынды қарсыластарын ұтты.

91 кг. Клементе Руссо. Милан, Италия (27.07.1982). Олимпиялық ойындардың 2008, 2012 жылдарғы күміс жүлдегері, әлемнің 2007, 2013 жылдарғы чемпионы, әлемнің әске­ри қызметкерлер арасындағы 2004 жылғы чемпионы, Полиция ойындарының 2005 жылғы чемпионы, Еуропа Ода­ғының 2005 жылғы чемпионы, 2007 жылғы күміс жүлдегері. Ита­лияның 2004, 2005, 2006, 2007 жылдарғы чемпионы.

Бұл чемпионатта Леван Гуледани (Грузия), Джим Андерсен (Дания), Марко Галич (Хорватия), Теймур Мамедов (Әзербайжан), Евгений Тищенко (Ресей) сынды қарсыластарын ұтты.

+91 кг. Магомедрасул Меджидов. Баку, Әзербайжан (27.09.1986). Олим­пиялық ойындардың 2012 жылғы қола жүлдегері. Әлемнің 2011, 2013 жылдарғы чемпионы, Еуропаның 2013 жылғы чемпионы.

2010 жылы Ресейдің Дағыстан рес­публикасынан Әзербайжанға өтіп, бұл елдің азаматтығын алғалы бері ұлттық чемпионатқа қатысып көрген емес.

Бұл чемпионатта Кэм Ауэсом (АҚШ), Магомед Омаров (Ресей), Роберто Каммарелле (Италия), Иван Дычко (Қазақстан) сынды қарсыластарын ұтты.

Жүлдегерлер тұғыры

49 кг.

1. Біржан Жақыпов (Қазақстан);

2. Мохаммед Флисси (Алжир);

3. Йосвани Сото Вейтиа (Куба),

Давид Гименес Родригес (Коста-Рика).

52 кг.

1. Миша Алоян (Ресей);

2. Жасурбек Латипов (Өзбекстан);

3. Чатчай Бутди (Таиланд),

Эндрю Сельби (Уэльс).

56 кг.

1. Джавид Челебиев (Әзербайжан);

2. Владимир Никитин (Ресей);

3.Қайрат Ерәлиев (Қазақстан),

Микола Буценко (Украина).

60 кг.

1. Лазаро Альварес Эстрада (Куба);

2. Робсон Конкейкао (Бразилия);

3. Берік Әбдірахманов (Қазақстан),

Доменико Валентино (Италия).

64 кг.

1. Мерей Ақшалов (Қазақстан);

2. Ясниер Толедо Лопес (Куба);

3. Эвертон Лопес (Бразилия),

Уранчимег Мункх-Ердене (Моңғолия).

69 кг.

1. Данияр Елеусінов (Қазақстан);

2. Ариспойдис Деспайн (Куба);

3. Араик Марутян (Германия),

Габриэль Маестре (Венесуэла).

75 кг.

1. Жәнібек Әлімханұлы (Қазақстан);

2. Джейсон Куиглей (Ирландия);

3. Энтони Фоулер (Англия),

Артем Чеботарев (Ресей).

81 кг.

1. Хулио Сезар де ла Крус Переза (Куба);

2. Әділбек Ниязымбетов (Қазақстан);

3.Джой Уард (Ирландия),

Ойбек Мамазулунов (Өзбекстан).

91 кг.

1. Клементе Руссо (Италия);

2. Евгений Тищенко (Ресей);

3.Теймур Мәмедов (Әзербайжан),

Ямиль Перальта (Аргентина).

+91 кг.

1. Магомедрасул Меджидов (Әзербайжан);

2. Иван Дычко (Қазақстан);

3.Роберто Каммарелле (Италия),

Эрик Пфайффер (Германия).

«Егемен Қазақстанның» әлем чемпионатындағы көшпелі редакциясы.

 

Соңғы жаңалықтар