29 Қазан, 2013

Елдіктің бір биігі

350 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабы Қытай оқырмандарына жол тартты

Қытай Халық Республи­ка­сының астанасы – Бейжің қаласында Махмұт Қасымбековтің қытай тілінде жарық көрген «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы. Қазақстан Республикасының Президенті туралы очерктер» кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап авторы – Қазақстан Республикасы Президенті Кең­сесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков нақты фактілерден құралған материалдардың, бірегей мұрағаттық құжаттардың негізінде Мемлекет басшысының көп қырлы тұлғасын адам, азамат, Елбасы ретінде көрсете білген.

«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабы Қытай оқырмандарына жол тартты

Қытай Халық Республи­ка­сының астанасы – Бейжің қаласында Махмұт Қасымбековтің қытай тілінде жарық көрген «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы. Қазақстан Республикасының Президенті туралы очерктер» кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап авторы – Қазақстан Республикасы Президенті Кең­сесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков нақты фактілерден құралған материалдардың, бірегей мұрағаттық құжаттардың негізінде Мемлекет басшысының көп қырлы тұлғасын адам, азамат, Елбасы ретінде көрсете білген.

Қытайдағы қазақ тілінде­гі бұқаралық ақпарат құралдары­ның тілшісі ретінде Қазақстан елінің жылт еткен жаңалықтарына құлағымызды түріп, ғаламтордан Қазақстанның саяси-мәдени өмірімен күнделікті таныс болып отыратын біздер үшін атал­ған шара, әрине, елең еткі­зерлік жаңалық болды. Екі ел арасындағы осындай мәдени шаралардың жиі өткізілуі екі ел дипломатиялық қарым-қаты­насының қоюланғанынан дерек берсе, шындап келгенде, екі ел басшылары арасында орнаған достық қарым-қатынастың да бұл үдерістерге барынша оң әсер етіп отырғаны күмәнсіз.

Аталған кітаптың Шығыстағы алып ел ــ Қытай астанасындағы тұсаукесер рәсімін Қытайдың Шетелдермен достық қоғамы мен Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырды. Сондай-ақ, кітап­тың Қазақстанмен тату көр­ші, сенімді серіктес болып отыр­ған Қытайдағы оқырманмен жүздесуіне Қазақстандағы Назар­баев Орталығы мен Қытай Ұлттар баспасы қызметкерлерінің үлкен еңбек сіңіргенін атап өткен орынды.

Қазақстан жағынан кітаптың авторы М.Қасымбеков бастаған топ арнайы ат арытып келіп, ма­ңызы мен мәні бөлек тұсаукесерге қатынасты. Қытай жағынан Ор­талық Азиямен достық қоғамы­ның басшысы, Қытайдың Қа­зақстандағы бұрынғы елшісі Жоу Шяупей, осы қоғамның басшылары Ли Цзяньпин мен Сун Цзинъу, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің, Сыртқы істер министрлігінің, ғылыми және талдау топтарының өкіл­дері, шетелдік дипломатиялық өкіл­діктердің басшылары келді. Пекин қаласында жұмыс істейтін ақпараттық порталдардың тіл­шілері бұл іс-шараны күнбе-күн хабарлап, кітап авторынан сұхбат алды. Қазақстан Президенті туралы кітаптың жарық көруіне тұсаукесер салтанатында алғаш болып сөз алған Қытайдың Шетелдермен достық қоғамы басшысының орынбасар Ли Цзяньпин құрметті қонақтардың келген қадамдарына ризашылығын білдіріп, Қытай мен Қазақстан сынды екі елдің тарихи достығы туралы тереңнен толғады. Ол Қазақстанның бүгін­гідей саяси тұрақтылық пен экономикалық жарқын жағдайға қол жеткізуін Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ерен еңбегінен бөле қарауға болмайтынын атап өтті.

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Нұрлан Ермекбаев: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қытай халқына жақсы таныс, ол Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жолында зор еңбек сіңірді әрі Қытай басшыларымен жеке достық қарым-қатынаста болды», дей келе, тұсаукесері өтіп отырған бұл кітап арқылы қытай оқырмандарының Қазақстан басшысын қазіргіден де тереңдей біліп, түсінуіне мүмкіндік алатынына тоқталды.

Осы кітаптың редакциясын қарауға атсалысқан Қытай Ұлттар баспасының редакторы Уан Мофу өз сөзінде бұл кітаптан бұрын да Ұлттар баспасынан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сындарлы он жыл», «Тарих толқынында», «Қазақстан жолы» сынды бірнеше кітабы қытай тілінде жарық көргенін атап өтті. Ол редактор және оқырман ретінде бұл кітаптан алған әсерін баяндап, Нұрсұлтан Назарбаевтың кісілік қасиеттеріне тәнті болғанын тебірене әңгімеледі.

«Егемен Қазақстан» газеті­нің президенті Сауытбек Абдрахмановтың сөзі де жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Осыдан біраз уақыт бұрын Қытай Халық Республикасының Төрағасы, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына тұңғыш мемлекеттік сапары табысты өткені белгілі, деп бас­тады сөзін С.Абдрахманов. Ресми бағдарламасы елордамыз Астанада басталған сапар Алматыда жалғасқаны да белгілі. Бірақ екі ел басшыларының Астанадан Алматыға бір ұшақпен келгені жұрттың бәріне бірдей белгілі болмауы мүмкін. Иә, дәл солай болып еді. Мұның өзі мемлекеттер басшылары арасындағы тіл табысудың, өзара сенімнің әлемдік дипломатиядағы сирек көрінісі екендігі талассыз. Демек, тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған екі елдің қарым-қатынасында сапалық тұрғыдан жаңа белес басталып отыр.

Көршілес мемлекеттердің стратегиялық әріптестігі тағы да қуатталған сол маңызды сапар­дан кейін көп ұзамай ұлы Қытайдың астанасы – Бейжіңде біздің Елбасымыз туралы кітаптың жарық көруі баршамызды қуантатын оқиға. Мұның өзі Қытай тарапының Қазақстан басшысына құрметінің де, біздің елімізді жақынырақ білмекке деген қызығушылығының да келісті көрінісі. Бұл – ұлы елге тән үлкен мінездің жарқын үлгісі.

Махмұт Қасымбековтің кітабын оқып шыққан адам Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шын мәнінде халықтың бағына туған перзент екендігіне анық көз жеткізеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығы бойынша Қазақстан биыл Бүкіләлемдік көрме – ЭКСПО-2017-ні Астана қаласында өткізу құқын жеңіп алды. Алматы қаласы 2022 жылғы Қысқы олимпиаданы өткізу бәсекесінде жеңіске жетуден үміткерлер қатарына қосылды. Ең бастысы, Қазақстан экономикасы қазіргідей әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында да тұрақты өсу қарқынын сақтап қалды. Халықтың әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып, елдің халықаралық аренадағы беделі биіктей түсуде.

Махмұт Қасымбековтің кітабы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы атты мемлекетті құрудағы ерен еңбегін жан-жақты ашып көрсетеді, бұл жұмыстың қандайлық қиындыққа түскенін, осы жолда күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндерді қалай бастан кешкенін, сол қиындықтарды қалай еңсергенін әсерлі әңгімелейді, деді С.Абдрахманов.

Қытайдың Орталық Азиямен Достық қоғамының басшысы, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Жоу Шяупей өзінің Қазақстан Президентімен етене қарым-қатынаста болғанын терең сезіммен еске алып, Елба­сымен кездескен сәттердегі тебіреністі көңіл күйлерін баян­дады. Осыдан 21 жыл бұрын Қытайдың Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуын ақылдасуға барған делегация құрамында болған Жоу Шяупей он жыл өткен соң Қазақстан топырағына тағы да аяқ басып, Қытайдың Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған. Сол мезгілде Қазақстан Президентімен талай рет кездесіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, экономикалық ынтымақтастықты дамыту турасында әңгімелескен. Сол бір ұмытылмас сәттерді еске алғанда, тебіреністі сезімін жасыра алмады: «Мен өзімнің Президентпен тікелей қарым-қатынаста болған кездеріме сүйе­не отырып, оны батыл шешім жасай алатын ұлы адам ретінде танимын», деп ағынан жарылды ол.

Түйіндеме сөз Елбасы туралы кітаптың авторы Махмұт Қа­сымбековке берілді.

Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев туралы бұл кітап алғашында қазақ тілінде басылып шыққан болатын. Кейіннен ол орыс және түрік тілдерінде жарық көрді. Енді, міне, кітабымның адамзат өркениетінде теңдесі жоқ үлкен орны бар Қытайда басылып шыққанына өте қуаныштымын, деді кітап авторы.

Қазақстан тәуелсіздік алып, Қытай Халық Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 21 жылдың көлемінде екі елдің арасындағы байланыс­тар зор қарқынмен дамып келеді. Сондай-ақ, Қытай Қазақстанның тәуелсіздігіне кепілдік берген әлемдегі бес ядролық державаның бірі екенін де зор қанағат сезіммен атап өткім келеді.

Әр мемлекеттің, әр халықтың тарихында айрықша рөл атқаратын тұлғалар болады. Мәселен, Қытайдың ондаған жылдар бойы жоғары қарқынмен әрі тұрақты дамып, бүгінде әлемдік алып державалардың біріне айналуында әр кезеңдегі ел басшыларының еңбегі ерен.

ХХ және ХХІ ғасырлардың тоғысында тәуелсіздікке қол жеткізген көпұлтты Қазақстан Республикасының егемендігін нығайтып, оның бүгінде әлемдегі танымал елдердің қатарына қосылуында Тұңғыш Президенті­міз Нұрсұлтан Назарбаев ерекше рөл атқарды.

М.Қасымбеков Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегін бірер сөзбен айтып жеткізу қиын екенін атап өтті. «Назарбаев феномені» деген ұғымның өмірге келуін Елбасының түрлі бағыттардағы ерен еңбегімен байланыстырды. «Маған тағдыр Президент Назарбаевтың жанында көп жыл қызмет істеу жауапкершілігі мен бақытын бұйыртты. Президент Кеңсесінің бастығы қызметін атқара жүріп, мен Елбасымыздың жұмыс істеу стилін, маңызды шешімдер қабылдау сәттерін жақын маңнан көре алдым. Сондықтан мен бұл кітапта негізінен Мемлекет басшысының өзім көрген іс-әрекеттерін, өзім куәсі болған оқиғаларды жазуға тырыстым. Әрине, әңгіме Президент туралы болған соң, Қазақстандағы осы жылдардағы саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайлар да бұл кітаптан азды-көпті өз көрінісін тапты. Менің ойымның қалай жүзеге асқанының әділ төрешісі – оқырмандардың өздері, мынау сіздер боласыздар деп ойлаймын», деді ол.

Қорыта айтқанда, танысты­рылымға келгендердің ойы бір жерден шықты. Олар Қытайда Н.Ә.Назарбаев туралы кітаптың жариялануы Елбасының тұл­ғасы мен қызметіне деген қызығушылықтың ҚХР ғана емес, әлем бойынша өсіп келе жатқанын атап көрсетті. Екіншіден, Елбасы туралы кітаптың Қытай сияқты әлемдегі алып елдің тіліне аударылып қана қоймай, тұсаукесердің сол ел астанасында сән-салтанатымен өткізілуінің өзі халықаралық аренада Қазақ­станның, Елбасының беделі уақыт озған сайын арта түсіп келе жатқанын айғақтаса, жүректері Қазақ елі деп соққан біздей қауымды үлкен қуаныш сезіміне бөлегені, мерейлендіргені анық. Сондай мерейлі сезім құшағында болғандардың бірі өзіміз едік. Біз бұл арқылы Қазақ елі үшін, тарихи Отанымыз үшін, сол мемлекетті өркениетті дамудың бір белесінен бір белесіне сенімді бастап бара жатқан Елбасы үшін мақтанышқа бөлендік.

Шығыста «Мыңжылдыққа жол алғашқы қадамнан басталады» деген аталы сөз бар. Қазақстан Президенті туралы кітаптың басы­луы жаңа ғасырдағы Қытай мен Қазақстан халқы арасындағы стратегиялық және тұрақты тату көршіліктің дамуына оң ықпал ететін қадамдардың бірі болғаны күмәнсіз. Ең бастысы – ұлы елдің астанасындағы іргелі іс-шара елдіктің бір биігіне айналғаны.

Нұрғиса ҚҰРМАНЖАНҰЛЫ,

Қытай халық порталы қазақша парақшасының редакторы.

Бейжің қаласы.

Соңғы жаңалықтар