Қоғам • 29 Тамыз, 2020

Таразда тұрғындарға пәтер кілттері табысталды

844 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таразда тұрғындарға пәтер кілттері табысталды , деп хабарлайды Egemen.kz

Таразда тұрғындарға пәтер кілттері табысталды

Конституция күні қарсаңында Тараз қаласындағы "Арай-2" ықшамауданында шаһар тұрғындарына пәтер кілттері табысталды. Аталған 90 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында бой көтерген.

Ал аталған тұрғын үйдің құрылысын мердігер компания "Бином" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Баспаналы болғандардың қатарында аз қамтылған, толық емес отбасылар, жетім балалар және әлеуметтік осал топтағы басқа да азаматтар бар. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев баспана иелеріне пәтер кілттерін арнайы табыстап, тұрғындарды қоныс тойларымен құттықтады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар қазақстандықтардың жайлы өмір сүруіне, әркімнің баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгінгі қоныс тойы – соның айғағы. Құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылдың 7 айында 270 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Жаңа баспаналарға бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарындағы отбасылар қол жеткізуде. Баршаңызды қос мереке – Конституция күні және қоныс тойларыңызбен құттықтап, бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін", деді Бердібек Сапарбаев.

Бұл күні бірқатар тараздық жаңа пәтерге ие болды. Мәселен, осы күні баспаналы болған Жамиля Никошенко осы күнді 11 жыл бойы күтіпті. Ол отбасымен ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Жамиля Никошенко үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана. Балаларының үлкені 12 жаста болса, қызы 6 жаста екен.

"Бүгін мен үшін өте ерекше күн. Баспаналы болғанымызға қуаныштымын. Балаларға да жаңа аудан өте ұнады. Үшеуі де енді үйімізге жақын орналасқан №3 мектеп-гимназиясына барады. Бұл мен үшін де ыңғайлы", дейді ол.

Сол сияқты, баспаналы болған жалғызбасты ана Ардақ Қайкиева да 10 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған екен.

"Пәтеріміз жайлы, бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Барлық жағдай жасалған. Біздің өз күшімізбен мұндай баспанаға қол жеткізуіміз екіталай еді. Осындай қолдау үшін мемлекетке алғысымыз шексіз", дейді Ардақ Қайкиева. Пәтер кілтін алған тұрғындардың бірі Жәнібек Байтұрсынов та өз қуанышымен бөлісті. Оған екі бөлмелі пәтердің кілті табысталған. Оның балалар үйінің түлегі ретінде пәтер кезегінде тұрғанына бірнеше жыл болыпты. Ол да жолдасы екеуі кішкентай бала тәрбиелеп отырған жас отбасы екенін айта келіп, баспаналы болғанына қуанышты екенін жеткізді.

Бүгінде Тараз қаласы бойынша баспана кезегінде барлығы 18 мың 887 адам тұр екен. Ағымдағы жыл басынан бері облыс орталығындағы 15-шағын ауданда 80 пәтерлік 4 үй, ал Арай-2 тұрғын алабында 90 пәтерлік бір үй бой көтерген. Енді жыл соңына дейін 22 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.