Футбол • 30 Тамыз, 2020

Моңғол футболының жарық жұлдызы – Жансерік

2084 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Сақалына сары шіркей ұялап, Миығына қара шыбын балалап, Жазда мал іздеген қазақтың, Басы қайда қалмаған" деп атақты жырау Шалкиіз бабамыз айтқандай, кезінде аталары ауып кетіп, сырт жақтан тұрақ тапқан қазақ бауырларымыз қаншама. Соның бірі – Жансерік Маратханұлы. Бұл бала қазірдің өзінде Моңғол футболының жарық жұлдызы атанып үлгеріпті, деп хабарлайды Egemen.kz

Моңғол футболының жарық жұлдызы – Жансерік

Бұл туралы аталмыш елдің барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Соның ішінде SP Falcons FC сайты "Моңғолия футбол тарихында маусымаралық трансфердің жаңа рекорды орнады" деп жаһанға жар салуда. Нақтырақ айтқанда, жуықта жоғарғы лигада өнер көрсететін командалар арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі ауыс-түйіс кезінде Дэрэн клубының шабуылшысы Жансерікті СП Фалконс командасы 20 миллион моңғол ақшасына сатып алған.

Бұндай сауда жоғарыда айтқанымыздай Шыңғысхан елінің аяқдопшылар тарихында бұрын-соңды болмаған. Ашықырақ айтқанда, бұндай бағаны ешкім сатылып көрмеген. Сөйтіп, Жансерік бауырымыз жаңа команданың 7-ші нөмірлі жейдесін киген екен.

Оқырмандар айтатын шығар: "Моңғол футболы мақтанарлық деңгейде емес", деп ол рас. Мысалы, Моңғолдың ұлттық құрамасы ФИФА тоқтатқан әлемдік рейтингіде 210 мемлекет арасынан 190-шы орынға жайғасыпты. Бірақ атам қазақтың "Жарлыны жарлы демеңіз, жарлы байға теңелер" дегені сияқты бір күні бұлардың да жұлдызы жанатын шығар. Кім білсін.

Сөйте тұра мұндағы футболдың командалық ойын жүйесі  жоғарғы және бірінші, екінші лигалардан тұрады. Мұнда барлығы 25 клуб бар. Бұлардың арнасынан жоғарғы лигада 10 команда ойнайды.  Жансерік ініміз соңғы 6 жылдан бері жоғарғы лигада өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар, елдің ұлттық құрамасы сапынан ойып тұрып орын алған. Тіпті өткен 2019 жылы "Үздік шабуылшы" атағын қиналмай қанжығалаған екен.

1

"Тұлпарға да бір томар" дегендей бауырымыз 1999 жылы 5 сәуір күні Ұлан-батыр қаласында өмірге келгендіктен ана тіліне тым шорқақ көрінді. Оның үстіне әкеден ерте айырылған. Буыны бекімей жатып, тағдырдың сан қилы сынағын бастан өткеріп де үлгеріпті. Футболдан ұлттық құрама спортшылары жайлы анықтамалықта: позициясы – шабуылшы, бойының биіктігі – 176 см, салмағы – 64 келі т.б. делініпті. Футболды 2008 жылы 9 жасында Дэрэн клубының академиясында бастап, 16 жасында ұлттық құрама сапына алынып, содан бері жоғары лигада доп теуіп жүр.

Бауырымызбен телефон арқылы тілескенімізде, футбол ойнаумен қатар Ұлан-батырдағы Ұлттық унверситетте оқып жүргенін айтып қалды. "Атамекен Қазақстаныңды келіп көрмейсің бе?" деген біздің өтініш-сұрағымызда: "Ол менің тірідегі арманым", деп қысқа қайырды.