«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдарының VI конференциясы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, белсенді үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, бизнес-құрылым өкілдері, ардагерлер қатысты.
Азаматтық форум қазіргі таңда мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың ортақ үнқатысу алаңы болып есептеледі.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдарының VI конференциясы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, белсенді үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, бизнес-құрылым өкілдері, ардагерлер қатысты.
Азаматтық форум қазіргі таңда мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың ортақ үнқатысу алаңы болып есептеледі.Облыс бойынша әділет департаментінде 355 коммерциялық емес ұйым тіркелген, олардың 233-і қоғамдық ұйымдар, 107-сі қоғамдық қорлар, 15-і заңды тұлғалар бірлестігі. Оның ішінде 100-ге жуығы белсенді жұмыс істейді.
Үстіміздегі жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарының нәтижелері үкіметтік емес ұйымдар айналысатын мәселелердің басым көпшілігі әлеуметтік сипатқа ие екендігін көрсетті. Облыс тұрғындарының 46 пайызыҮЕҰ-лар қызметін пайдаланған. Бұл өңірдегі азаматтық институттар дамуының жақсы көрсеткіші болып табылады.
Жергілікті атқарушы органдар жанындағы барлық кеңес беруші органдар жұмысына үкіметтік емес ұйымдар белсенді түрде үлес қосуда. 2002 жылдан бастап облыс әкімдігі жанында Мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылы жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Кеңес отырыстарында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралып, құзырлы органдарға ұсыныстар беріледі.
2013 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 100-ден астам жобаны жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен 163 миллион 536 мың теңге, республикалық бюджеттен 25 миллион 737 мың теңге бөлінген.
Конференцияда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов үкіметтік емес ұйымдардың облыстық VI конференциясының өткізілу мақсатына назар аудара келіп, тәуелсіздіктің жиырма екі жылы ішінде олардың егемен елімізбен бірге есейіп, бүгінде азаматтық қоғамның белсенді бөлігіне айналғанын атап өтті.
Қазақстанның азаматтық Альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов үкіметтік емес ұйымдар алдында тұрған міндеттерге кеңірек тоқталды. Ал «Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Айгүл Дүйсенова және басқалар жарыссөзге шығып, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысы, проблемалары мен перспективалары жөнінде сөз қозғады. Конференция жұмысы барысында бір топ үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері облыс әкімінің Алғыс хатымен және 50 мың теңге ақшалай сыйлығымен марапатталды.
Конференция қорытындысы бойынша үстіміздегі жылдың қараша айында Астана қаласында өтетін VI Азаматтық форумға делегаттар сайланды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.