Аймақтар • 31 Тамыз, 2020

Баспана бақыты бұйырды

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Атырауда пәтер кезегінде 28 мыңнан астам тұрғын тұр. Биыл олардың 7 мыңға жуығына баспана бақыты бұйырғалы отыр. Осы мақсатта биылғы бес айда қаржыландырудың барлық көзі есебінен үй құрылысына 12,9 млрд теңге инвестиция бағытталды.

Баспана бақыты бұйырды

Әрине, тұрғын үй саласында қа­былданған бағдарлама көп. Соның бірі – «Нұрлы жер». Биыл осы бағ­дарлама шеңберінде өңірде сатып алу құқығынсыз 157 пәтер жал­ға бері­леді. Мұндай мүмкіндік халық­тың аз қамтылған топтары мен көп­балалы отбасыларға арналып отыр. Ал кредиттік тұрғын үйге 500-ге жуық тұрғын қол жеткізбек. Бұл ба­ғыт­­­тағы баспана құрылысына 5 млрд тең­ге қаражат қарастырылды.

Сондай-ақ «Нұрлы жер» мемле­кеттік бағдарламасы аясында 2 па­йыз­дық несиемен берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру да жоспарланған. Бұған республика­лық бюджеттен 239 тұрғын үй қары­зы үшін 2,4 млрд теңге бөлінеді. Тұр­ғын үй құрылысы салынып жат­қан аудандарға инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылымды жүргізу үшін 39 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 10,3 млрд теңге қаражат қаралған. Соны­мен қатар Атырау облысында баспана құрылысы жұмыстарына 2 мыңға жуық адамды тарту жоспарланды. Жалпы бес айда 1 467 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 975 жеке үй бар.

Былтырдан бері өңір орталығын­дағы апатты тұрғын үйлер мен жа­та­қханалардың тұрғындарын жаңа пәтерге көшіру қолға алынған еді. Мәселен, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлі­мінің сектор меңгерушісі Раф­хат Жолдиевтің дерегіне сүйенсек, былтыр А.Құнанбаев, Ж.Досмұхамбетов көшелеріндегі екі жатақхананың тұрғындары  «Береке» шағын ­ауданындағы жаңа үйге көші­рілді. Ал биыл екі апатты үйдің тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Атап айтқанда, М.Әуезов көшесінде орналасқан №22 үй­дің тұрғындарына «Жұлдыз» шағын ­ауданындағы үйден пәтер беріл­ді. Ал Достық көшесіндегі №14 үйдің тұрғындары «Береке» шағын ауданындағы жаңа мекенге көші­рілді. Сондай-ақ «Бірлік» шағын ­ауданындағы АТП-1, АТП-2 ме­кен-жайындағы апатты деп таныл­ған тұрғын үйлерден 32 отбасы «Жұлдыз» шағын ауданына қоныс аударды.

Енді міне, 30 тамыз – Конституция күні қарсаңында 33 отбасы жаңа пәтерге ие болып отыр. Жаңа пәтер­лер «Нұрсая» шағын ауданында бой көтерген 9 қабатты тұрғын үй­лердің бірінен берілді. Баспаналы болғандардың дені – 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы отбасылар.

– Бұл – «Нұрлы жер» бағдарлама­сы аясында жалға берілген пәтерлер. Аталған бағдарламамен былтыр 257 отбасы пәтер алған еді. Ал биыл жыл басы­нан бергі сегіз айда жаңа баспана алғандардың саны 250 отбасына жетті, – деді Атырау қалалық тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлі­мі­нің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

Оның айтуынша, биыл қоныс то­йын тойлайтын отбасылар қатары арта түспек. Жыл аяғына дейін тұр­ғын үй кезегіндегілермен бірге апатты жағ­дайдағы жатақханалардың тұр­­ғын­­дарын да көшіру көзделіп отыр.

 

Атырау облысы