Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрі Болат Жәмішевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болды. Онда министр 11 қазанда Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Аталған отырыста Елбасы түгел игерілмеген қаражаттарға қатысты мәселелерді тыңғылықты шешуді тапсырғаны мәлім. Сонда Президент келтірген дерекке қарағанда, болжам бойынша түгел игерілмеген қаражаттың көлемі 150 млрд. теңге еді.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрі Болат Жәмішевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болды. Онда министр 11 қазанда Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Аталған отырыста Елбасы түгел игерілмеген қаражаттарға қатысты мәселелерді тыңғылықты шешуді тапсырғаны мәлім. Сонда Президент келтірген дерекке қарағанда, болжам бойынша түгел игерілмеген қаражаттың көлемі 150 млрд. теңге еді. Осынау қомақты қаржының неге игерілмегенін және оның себеп-салдарын әңгімелеген министр көп мәселенің бетін ашты. «Бұл 150 млрд. теңге 2014 жылдың қаңтарына дейін игерілмей қалуы ықтимал қаржы. Негізі ол қаржы бюджеттің бағдарламалар әкімшілері ұсынған республикалық бюджет қаражатын игеру жөніндегі деректерден алынған еді», деді Б.Жәмішев.
Ведомство басшысы журналистерге бұл 150 млрд. теңгенің қайда, қалай жұмсалып реттелетінін жіліктеп берді. «Ондағы 7,1 млрд. теңге биылдан қалған қалдықтарды келесі жылы қаржыландыруға жұмсалады. Ал 72,1 млрд. теңге – бюджетті үнемдеуден құралған қаражат. Мысалы, мемлекеттік сатып алулардан, инфляция қарқынын баяулатудан, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақының төленбеуінен, бағдарлама қатысушыларын оңалтудан және көлемі жағынан аз субсидияларды пайдаланудан үнемделген қаражат. Сондай-ақ, қаржы институттары мен лизинг алушылар арасында жасалған қаржы лизингі шарттарының да аз болуынан үнемделген», деді министр.
Министр келтірген деректерге жүгінсек, биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі шараларға да қаржы белгіленген жоспардан аз жұмсалған. Атап айтқанда, жануарлардың аса қауіпті аурулары – аусыл, сібір жарасы, шешек және тағы басқа қатерлі дерттерге қаржы шығыны азайған. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту үшін берілетін субсидияларға да сұраныстар аз болыпты. Оған қоса, әлеуметтік түрлі шығындар да әжептәуір ықшамдалыпты. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылардың саны айтарлықтай азайған, Назарбаев зияткерлік мектептерінің нысандарын салуда да қаржы үнемделіп, тұрғын үй төлемдерін алушылар саны да кеміген екен. Мұнымен бірге, бірқатар лауазымды орындардың бос тұруы да жоғарыда аталған қаржының ұлғаюына себеп болған. Өйткені, сол бос орындарға еңбекақы төленбеген.
«Ал, 70,8 млрд. теңгенің игерілмей қалуының түрлі себептері бар. Ол, менің ойымша, өз уақытында өтпей қалған конкурстардан, тапсырыс берушілердің шарт талаптарын бұзуынан, орындалған жұмыстардың есебін дер кезінде беріп отырмаудан, тағы басқа бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің түрлі іс-шараларының орындалмауы салдарынан шыққан қаражат. Әрине, көрсетілген қаражат көлемі тым үлкен. Бірақ уақыты келе ол қаржылар өз жүйесін табатын болады», деді Б.Жәмішев. Министр Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста берілген тапсырмалардың бәрі тиянақты орындалып жатқанын тілге тиек етті.
Баспасөз мәслихатының соңында Қаржы министрі БАҚ өкілдерінің қойған түрлі сауалдарына жауап берді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».