Таным • 01 Қыркүйек, 2020

Қазақ мемлекеттілігінің бастау көздері мен дәстүр жалғастығы

891 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Біздің тарихымыз кешеге дейін кеңестік отарлық биліктің тізгіндеуінде жазылған жасанды тарих екеніне көзіміз әбден жеткендіктен болар, енді міне, тәуелсіз қазақ тарихшылары ешкімге жалтақтамай көне тарихқа жаңа көзқарас бойынша зерттеу, зерделеуге батыл кірісе бастағандаймыз.

Қазақ мемлекеттілігінің бастау көздері мен дәстүр жалғастығы

ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған тәуелсіз Қазақстан тарихшылары қазақ тарихын қалай жазу керек, қандай тұ­ғыр­намаға арқа сүйеп, қандай методо­логиялық әдіс-амалдарды қолдана отырып іске кірісу керектігі жайына келгенде бірлікке келген ортақ көзқарас жоқ екені байқалады. Бірақ одан шошынып бір-бірімізді, сол арқылы алдыңғы аға буын тарихшыларды кінәлауға болмас.

Мен тарихшы ретінде кешірек қалып­тасқан адаммын. Менің тар жол – тайғақ кешулі өмірбаяным әрі әлемдік бірнеше тілді пайдаланып зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндігімнің болуы сол олқылықты тезірек толтыруға, өнімді еңбек етуіме себін тигізгені де шындық. Сондықтан ендігі жерде көне тарихқа жаңа көзқарасым қалай қалыптасты, жұмыс барысында өзіме үлгі, бағдаршам болған тарихшылар мен тарихи зерттеу мектебім жөнінде айтқым келеді.

Шынымды айтар болсам, мені ғы­лым­ға алып келген, тарихшы ретінде қа­­­лып­тастырған Қытайдың да, Кеңестік орыс-қазақ тарихшылық мектебі де емес, Баһаддин Өгел бастаған түрік та­рих­шылық мектебі болғандығының арқа­сында методологиялық тұрғыдан оңға-солға ауытқымай бірден жалпы түр­кілік, сол арқылы ұлттық тарих жазудың төте жолын тапқаныма ризамын.

Сонда ол қандай жол, қандай методо­ло­гия арқылы жүзеге асты дегенге келер болсақ, маған сара жол сілтеген отандық тарихшыларымыз ұстануға тиісті бағдар «Қазақстан та­рихы үрдісінің үздіксіз­ді­гі, қазақ хал­қы тарихы мен мәдение­ті­нің ежелден қазіргі күндерге дейінгі сабақтастығын жаңа айқындамалар тұр­ғысынан ашып көрсетуге әрекет жасау» керектігін баса дәріптеген жаңа айқын­дамасы болды. Бір өкініштісі, осы айқын­даманы ұстанып жазылған тарихи зерттеу еңбектері онша көп еместігі болып отыр. Сондай-ақ Қазақ тарихын жазуда бүгінгі Қазақстан мемлекеті­нің аумағынан алып шығуға, біртұтас түрік халықтары тарихымен ұштастыра, әлемдік өркениеттің ажырамас бөлiгі ретіндегі «Дала өркениетіне» қосқан үлесі көмескіленіп қала беретіндігі де анық байқалады.

Мен өзіме ұстаз санаған түрік тарихшысы Б.Өгел батыстық, дәл сол сияқ­­­ты қытай мен орыстың астам дер­жа­валық-шовинистік көзқарастарын ба­тыл сынап олардың, түріктердің қоғам­дық құрылымы мен әлеуметтік тұр­мыс-тір­шілігінің ерекшеліктерін ескер­мей­ті­нін, кез келген қоғамның дамуы немесе артта қалуы сол қоғамды құрайтын же­ке тұлғалардың қоғам алдындағы өз мін­детін қалай орындауына, оны қалай ұғы­нып, сезінуіне тікелей байланысты екенін айта келе «...Далалық жағдайда түрік қоғамындағы отбасы мүшелерінің және отбасылардың өз аталастары мен ру-ұлыс алдында белгілі орны мен үлесі болғанын «Атты көшпенділер мәдениеті» динамикалық сағат механизмінше барынша мүлтіксіз қозғалған адамдардың іс-әрекеті, кемел ақыл-ойы арқылы жа­сал­ған болатын» деп жазды.

Тарихшы өз ұстанымын орнықтыру үшін, «түріктердің мемлекет жөніндегі түсінігі біртұтас түрік тарихы бойын­ша тамыры тым тереңге бойлаған орнық­ты ұғымдар жүйесіне, салдарлы дүние­танымға арқа сүйеген. Осындай байсалды байлам бүкіл тарих бойында онша көп өзгеріске ұшырамай халықтық, ұлт­тық дәстүрге айналып бізге дейін жетіп отыр­ған­дығын» жан-жақтылы дәлелдей келе, «түрік мемлекеттерінде орнық­­қан ұда­йы­лық пен жалғастылықты, түрік­тер та­ри­хының осы ерекшелігін білмей­тін жатжұрт­тықтардың түсінуі мүмкін емес» дейді.

Біз қазақ елі тарихын жазарда ба­тыс­тық үлгіден туындайтын методо­ло­гияға тәуелділіктен құтылып түрік мем­лекеттерінің таянышы тас қамалдарға бекінген патша ордасы емес, халық, жер, қаған туы тігілген ор­да екен­дігіне көз жеткізуімізге тура ке­леді. Біз өз ата-бабамыздың тарихына тере­ңірек үңілгіміз келсе, Б.Өгелдің «Түрік та­рихы түрік қауымдары мен түрік ұл­ты­ның біртұтас өмір хикаясы болып та­былады. Мемлекеттер құлап, жаңасы құ­рылып жата береді. Ал мызғымай жал­ғаса берері: түрік ұлты мен түрік қауымдары және олардың санасында сақ­талар қастерлі ұғым-түсініктер болса керек. Түрік мемлекетінің ұйытқысы «отбасы – шаңырақ», шаңырақ шайқалып бұзылмаса, бұл ұғым-түсініктер одан әрі жалғаса бермек» деген сөзін ұдайы назарда ұстауымыз қажет.

Бүгінгі бүкіл әлемді жайлаған жаһан­дану мен әсіреленген гендерлік саясаттан туындап жатқан отбасы бірлігін бұзатын азаматтық неке, бір жыныс­тылар некесін заңдастыру, жалған демо­кратиялық желікпелерге саяси, тарихи тұрғыдан баға беріп, жас ұрпақты тарих тағылымымен тәрбиелеу арқылы мем­лекеттің, ұлттың таяныш-тірегі бол­ған қасиет­ті отбасы бірлігін сақтап қалуға тиіспіз.

Бізге ата тарихымыз, қастерлі салт-дәстүріміз, өмір салтымыз, мемлекеттік ұғым-түсінігіміз осындай аса жауап­ты әрі аса қасиетті міндет артады. Қазақ елі та­рихын жазуға атсалысқысы келетін азаматтар осы бір қарапайым қағидалар­ды назарынан тыс қалдырмауы тиіс.

Қазақ мәдениеті тарихын зерттеудің әдіс-тәсілі қандай болуы керек деген мәселеге де тоғыз томдық «Мәдениет та­ри­хына кіріспе» атты еңбек жазып қал­дырған тарихшы Б.Өгел «тіршіліктің, сон­дай-ақ кісіліктің негізі тамақ пен ішіп-жемге тіреледі. Осынау аса маңызды тұғырды орағыта өтіп мәдениет тарихын немесе жалпы тарих жазу дегенді түсінудің өзі қиын» дегені қазақтың «Ас – адамның арқауы» ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ үшін дегенімен үндес.

Олай болса, біздің қазақ тари­хын жазумен айналысып жүрген зерттеу­ші­лер қазақ өмір-тіршілігінің арқауы болған ұлттық тағамтану мен ішіп-жем­­нің өзіндік ерекшеліктерін көр­не­кілендіруден бастауы керек-ақ. Айтулы әскери жорықтар мен ұлы қо­ныс аударулар барысында, сондай-ақ қа­тал табиғат жағдайында ұлт­ты сақтап қалған, әне сол кенеулі талғам мен азық-түлік және жылы да қолайлы киім-кешек екенін бағалай білудің ұлттық тарих жазуда соншама орны бар болатын.

Жоғарыда айтылғандарды түсіндірер болсақ, әлемдік түрікшілдік негіздерін жан-жақтылы қарастырған Зия Гок-алыптың «кейбір ұлттардың заманауи мәдениетке қол жеткізуі үшін өткенінен алыстауы қажет болар. Ал түріктердің, керісінше, өткен тарихына, ежелгі мәде­ниетіне қайырылып, назар аударуы жет­кілікті» екенін алдымен өзіміз танып-білуіміз, содан кейін сол ұлы мәдениетті зерттеудің амал-тәсілдері мен ғылыми пайымдарын жан-жақтылы әлемдік тәжі­рибелермен ұштастыра алар едік.

Мен жоғарыда түрік тарихшылар мектебінен үлгі-өнеге алғанымды, солар қолданған зерттеу методология­сын өз зерттеулерімде жүйелеуге ты­рыс­­қанымды айтқан едім. Соларды жүйе­­легенде мынадай түйіндерге назар ауда­руларыңызды қалар едім:

Тарихшы болу үшін, онда да нағыз ұлт­тық тарихшы болу үшін өз халқын, оның бүкіл болмыс-бітімін, тарихын әке-шешесіндей сүйе білу керек екендігі.

Тарихшы болудың, әсіресе қазақ тарихшысы болудың алғышарты 70 жыл бойы маңайлай алмаған әлемдік тілдерден араб, парсы, қытай, моңғол, түрік, жапон тіл­дерін, сол қатарда ағылшын, неміс, фран­цуз, орыстілдерін де жетік меңгеру керектігі.

Қазақ тарихшысы иманды, ұят­ты, кіші­­пейіл болуы, Аллаға, ата-баба аруа­ғына шет болмауы, өзі ұстаз тұт­қан, ғы­лыми-зерттеуге баулыған ұстаз­дарына адал болуы, түрік тарихшыла­рынша «ме­нің, не біздің сүйікті ұстаздарымыз» де­ген сөз тіркесін ұдайы қолдануға дағ­ды­лану керек.

Енді біраз сөз өз зерт­теу­­­лерімде, әсі­ресе арнайы монография арналған «Түр­кеш қағанаты» тарихын зе­рт­теу ба­ры­сында осы айтылғандарды қа­лай пай­даланған тәжірибелерімді өзде­ріңізбен бөлісуге арнасам деймін.

«Түркеш қағанаты» менің зерттеулерім бойынша 692 жылы Жетісуда «он оқ бұ­дұндар» құрған мемлекеттік құрылым болып, ол 74 жыл салтанат құрып ішкі сыртқы жаулардың жан-жақтылы шабуылы барысында 766 жылы тарих сахнасынан ғайып болды. Осы 74 жылдық тарих отандық және шетелдік тарихшылар назарынан тыс қалғандығын, сондай-ақ ол туралы жазылған бірнеше беттік мақалалардағы толып жатқан қателер мен бұрмалауларды сын елегінен өткізу қажеттілігін ескеріп мынадай мәсе­ле­лер­дің басын ашып алуға бекіндім.

Түркештер тарих сахнасына шығар қарсаңындағы геосаяси жағдай қандай еді? Оларды хандық-қағандық билікке әкелген қолайлы, қолайсыз алғышарттар қандай болғанын айқындау қажет деп таптым, өйткені бұл дәуірде Түркештердің шығысында империялық араны барынша ашылып Орталық Азияға сұғына кірген Таң патшалығы (618-907 ж) шығыс сол­түстікте қайта қалпына келген екінші Түрік қағанаты (682-744), оңтүстігінде Таң патшалығы – мен тайталасқа түсе алатын Тобан (Тибет) патшалығы, ал оңтүстік батысында Екі өзен аралығына сұғына кіріп келе жатқан Араб халифаты қоршап тұрған болатын. Бұлардың арасындағы қарым-қатынастың мән-жайын ашып алмай тұрып түркештер жөнінде сөз қозғау мүмкін емес еді. Осы­нау аса шиеленісті жағдай жөнінде ол кезеңде біршама жазба дерек қалдырған қытайлар мен арабтар және екінші Тү­рік қағанатынан қалған Тас жазулар мә­тіндерін салыстыра отырып тарихи шын­­дықты ашуға тура келді. Түркеш қа­­ға­наты туралы жан-жақтылы зерттеу дәл осы тарихи жағдайдың қаншалықты ашылуына тікелей байланысты екеніне көз жеткіздім.

Түркеш қағанаты қашан, қай өңірде, қандай жағдайда, қандай этностық топ­тардың белсене күш салуымен өмірге келді деген сұрақтардың жауабын табу өте қиын еді.

Бізге тиіп-қашып соғып өткен орыс пен қытай зерттеушілері ешбір жазба дерекке сілтеме жасамай, әртүрлі долбар­лар айтумен ғана шектеліпті. Мен сол бол­жал-пікірлерді Қытайдың «Көне таңна­ма» және «Жаңа таңнамаларын­дағы» дерек­терді «Тоныкөк», «Білге қаған» тас жазу­­ла­рындағы мәтіндермен салыстыра-саралай келе Түркеш қағанаты 692 жыл­дың басында Суяб қала бекінісінде Өже­лі Баға тархан бастаған «он оқ бұ­дұн­­ның» белді тайпасы құрған мемлекет деген қорытындыға келдім. Егер зерт­теуші ретінде жоғарыда аталған жаз­ба де­ректерді түпнұсқадан оқып тек­серіп-тал­дау, зерделеуден өткізбесек, біз де көп дол­барлардың бірін айтумен шек­телер едік.

Түркештердің этностық құрамы мен этноаумағы, сондай-ақ қағанаттық атақ-дәрежесін айқындау үшін тек қана қытай жазба деректеріне жүгіну керек болатын. Ал, ол жазба деректерді оқу мен мағыналық аударма жасау өте қиын еді. Бұл өткелектен өтуге белгілі тарихшы, қытай тілінің білгірі Нығмет Мың­жанның «Қазақтың қысқаша та­рихы» атты әйгілі еңбегі көмекке келді. Сөйтіп бұған дейін түркештерді түрік нәсіліне қосқысы келмеген Я.Бичурин, В.Бартольд, Л.Гумилевтерді көзсіз қай­талаған қазақстандық тарихшылар­­дың жаңсақ пікірлеріне тойтарыс беруге тура келді. Бұл барыста да Тас жазулар мәті­нін жан-жақтылы зерделеу үшін қытай, ұйғыр, түрік, қазақ, орыс тіліндегі аудармаларды қатар қойып ой қорытуға тура келді. Сөйтіп түркештер бастаған «он оқ бұдұнның» нағыз түріктекті, кейінгі қа­зақ халқын құраған байырғы ата-ба­ба­ларымыз болған деген тұжырымды ор­нықтыра алдым деп ойлаймын.

Түркештер құрған мемлекеттің қо­ғамдық құрылымы, әскери билік жүйесі және оның шағын хандықтан әйгілі қа­ғанатқа айналу барысына тарихи талдау жасауға тура келді. Мәселен, қытайлар түркештерді «біздің батыс жағымызды қорғап келген батырлар» деп дәріптейді. Қаһарман хандарымыз, батыс шекарашыларымыз деп жазылып келді. Түркеш қағаны болған, бірақ қытайлар оларды біздің батыс шекарашыларымыз деп атаған екен. Зерттей келе көзім жеткені, түркештер өз алдына жеке мемлекет бол­ған. Қағанат деген сөз – империя деген сөз. Империя, держава болу үшін оның отарлық иеліктері болуы керек. Олай болса олардың иеліктері болды ма, болса олар кімдер болған. Түркештер аз ғана әскермен шеттегі хандықтарды билеп-төстеген. Осы барыста олар аз уақыттың ішінде түркіленіп кеткен.

 

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,

тарих ғылымдарының кандидаты