Жетпіс жыл дәуірлеген алпауыт Кеңес Одағының шаңырағы ортасына түскен шақта ешкімнен тайсалмай қазақ жерін бөліп алып дербес мемлекет құрып, тарихи қысқа мерзімде дамыған 50 елдің қатарына қосқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен ерлігіне бүкіл әлем тәнті. Басқасын айтпағанда, өз басым шағын қалаларды дамыту жөніндегі бастамасына өте риза болдым. Шынында да шағын қалалар облыс орталықтарының тасасында қалып келе жатыр еді. Солардың бірі Қостанай облысындағы Рудный қаласы. Алғашқы қадасы қағылған сонау 1957 жылдан бері осында еңбек етіп, осында тұрып, тамырымды терең жайғаннан ба, маған өз қалам бәрінен де ыстық.
Бұл, сол кездегі бойлары асқақ армандарға толы жастардың басы қосыла бастаған қала еді. Менделеев элементіндегі барлық металдар мен минералдар табылған осы киелі топырақтың бақытқа, елді байлыққа кенелтетіндігіне әрқайсымыздың сеніміміз мол еді.
Жетпіс жыл дәуірлеген алпауыт Кеңес Одағының шаңырағы ортасына түскен шақта ешкімнен тайсалмай қазақ жерін бөліп алып дербес мемлекет құрып, тарихи қысқа мерзімде дамыған 50 елдің қатарына қосқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен ерлігіне бүкіл әлем тәнті. Басқасын айтпағанда, өз басым шағын қалаларды дамыту жөніндегі бастамасына өте риза болдым. Шынында да шағын қалалар облыс орталықтарының тасасында қалып келе жатыр еді. Солардың бірі Қостанай облысындағы Рудный қаласы. Алғашқы қадасы қағылған сонау 1957 жылдан бері осында еңбек етіп, осында тұрып, тамырымды терең жайғаннан ба, маған өз қалам бәрінен де ыстық.
Бұл, сол кездегі бойлары асқақ армандарға толы жастардың басы қосыла бастаған қала еді. Менделеев элементіндегі барлық металдар мен минералдар табылған осы киелі топырақтың бақытқа, елді байлыққа кенелтетіндігіне әрқайсымыздың сеніміміз мол еді.Олардың көбі бақытын осы жерден тапты, қаланың өркендеуіне, көркеюіне сүбелі үлес қосты. Мен бүгін солардың бірі – Алматының медицина институтын бітіріп, жолдамамен осында 1964 жылы жас маман ретінде келген, өзінің ерен еңбегімен, қоғамдық белсенді жұмысымен Рудный қаласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Амангелді Жантеміров туралы әңгімелемекпін.
Амангелді жас кезін былай еске алатын. Шымнан салынған үй, сәкі деген жоқ. Үй ішіндегі жер шөп қосып иленген майбалшықпен сыланды. Шұбар пештің ортасындағы тесікке қойылған шам ауыз үйге де, төр бөлмеге де жарық береді. Жалғыз сиыр, қыста үйге кіргізіліп сауылады. Одан шыққан шамалы сүт сеператор арқылы айдалып, азын-аулақ қаймақ алынады. Майы алынған сүттен айран ұйытылады. Ауыз үйге байланған төлдердің астын тазалау, оларға шөп беру тағы бар. Пеш жағып, қамыр илеп, нан пісіру, қазан көтеріп, тамақ істеу, үйді әктеу, кір жуу – міне, осының бәрі Амангелдінің мойнында.
Інілері шаруа істеуге жарағасын ғана Амангелдінің мойны босап, үш жылдан кейін оқуын одан әрі жалғастырған. Өз теңдестері орта мектепті бітіріп кеткен, өзінен әжептәуір жас балалармен бір партада отыруға ұялмаған, қайткен күнде де оқу, білім алу қажет деп санаған Амангелді. Ол үйде барлық шаруаны тындыра жүре, шешесінің ауырған, ыңырсыған даусын естіп, қолынан ештеме келмегеніне налитын, «қайтсем де дәрігер болып, анамды емдеймін» деп алдына мақсат қойған. Тек мен мамандық алғанша анам тірі болса екен деп тілеген.
Осы мақсатын жүзеге асыру үшін Амангелді Қостанайға Алматының медицина институтынан келген арнайы комиссияға емтихан тапсыруға аттанған. Бұл 1959 жыл екен. Қазақ мектебін бітірген балаға орысша емтихан тапсырудың оңайға түспегені, әрине, айдай анық. Ақыры, институтқа қабылданады. Амангелдіні бүкіл ауыл болып Алматыға шығарып салады.
«Апа, мен оқуымды бітіргенше шыда, өзім-ақ емдеп, жазып аламын, дей бергенде көздерімнен жас моншақтап аға бастаған еді» – деп еске алатын Амангелді.
Бұл Амангелдінің анасын соңғы рет көргені, соңғы тілдескені екен. Бір аптадан кейін анасы көз жұмады. Бірақ Амангелдіге жаманат хабар кеш жетеді. Әкесі «жаңа ғана Алматыға жеткен бала қайта келемін деп оқуынан қалып қояды» деп жеделхат жібертпепті.
Амангелді Алматы медицина институтын 1964 жылы бітіргеннен кейін жолдамамен жаңа ашылған, жастардың арман қаласына айналған Рудныйға келеді. Қалалық емханаға орналасады. Қызметін қатардағы құлақ, тамақ және мұрын дәрігерінен бастаған ол жеке бөлімше ашуға қол жеткізді. Сөйтіп, Рудный қаласының ғана емес, төңіректегі елді мекендердің, Қазақстан мен Ресейдің көршілес облыстарының тұрғындары да келіп, осында жатып емделу мүмкіндігін алды.
Кешікпей Амангелді Мырзахметұлының ұйымдастырушылық қабілетін байқаған қала басшылығы оны ауруханаға бас дәрігер етіп тағайындады. Бірақ, екі-үш айдан кейін «Мен дәрігерлік мамандықты шаруашылық қызметін атқару үшін алған жоқпын, менің пайдам сырқат емдегенде көбірек тиеді» деп осы лауазымынан бас тартпасы бар ма. Амангелді Мырзахметұлы қызмет істей жүре, кәсіби біліктілігін арттыруға да жете мән берді. Мәскеуде, Ленинградта (Санкт-Петербург) білім жетілдіру курстарында оқып, тәжірибе жинақтады. Бұл оның сырқаттарды емдеуде жаңа тәсілдерді қолдана білуіне септігін тигізді. Керең болып қалған адамдардың құлағына салғанда бірден естіп кететін тетік те ойлап тауып еді. Бірақ оған патент ала алмады. Тіпті, сол кезде Мәскеу мен Ленинградта ғана жасалатын күрделі ота – пластикалық ота да жасап жүрді. Осылай ол сырқаттарынан құлан-таза жазылған жүздеген, мыңдаған адамдардың ақ батасын алды, халықтың құрметіне бөленді. Қазақстанның лор-дәрігерлерінің бірінші съезіне делегат болып қатысты, кеудесіне денсаулық сақтау саласының үздігі белгісі мен «Құрмет Белгісі» орденін қадады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Тіпті, 1990 жылы Қазақ КСР халық депутаттығына кандидат болып, дауысқа түсті, «Рудный қаласының құрметті азаматы» жоғары атағына ие болды. Міне, еңбегі бағаланды деген осы емес пе!
Өткен ғасырдағы ауған соғысы жер бетіндегі қанды қырғындардың бірі болғаны баршаға аян. Осы жарияланбаған соғыста ерлікпен қаза тапқан талай қыршын жастарымыздың мәйіттері темір жәшікпен келіп жататын. Осы тұста Амангелді Мырзахметұлы Рудный қаласының әскери комиссариатына барып, өзі сұранып қан майданға аттанады. Бұл достары мен туыстары үшін күтпеген оқиға болған еді. Майданнан жолдаған хатында: «...Соғысқа өз бетіммен сұранып кеткенім үшін мені сөге көрмеңдер. Айдың-күннің аманында, әлі оң-солын танып білмеген қыршын жастардың мерт болып жатқаны қиналтты мені. Қолымнан келгенше көмек жасауды ұйғардым...»– деп жазған еді.
– Біз қан майданның ортасында болдық қой. Оны хатта жазуға болмайтын. Көз көрім жерде атыс болып жатады, бізге жеткізілген жараланған жауынгерлерге шатыр астындағы жылжымалы госпитальда ота жасайтын едік. Бомба талай рет түсті шатырымызға, – деп еске алатын Ауғанстаннан аман оралған Амангелді. Қайта өз қызметіне кіріскен ол Ауған соғысына қатысқандарға арнайы палата ашты.
Қазір Қостанай облыстық ауруханасында қызмет істейтін қарулас досы Юрий Лебедев Ауғанда болған бір оқиғаны еске алады:
– Ауғанстанға Мәскеуден арнайы аттестациялық комиссия келіп, бәріміздің біліктілігімізді тексерді. Сол кезде Амангелді Мырзахметұлы өзінің негізгі мамандығы отоларингологиядан ғана емес, инфекция, офтальмология, стоматология, хирургия салаларын да өте жақсы меңгергенін көрсетті. Сонда комиссия төрағасы «Міне, шалғайдан келген хирург деп қалай айтасың мұндай маманды» деп таңғалғанын жасыра алмады. Сөйтіп, майор шеніндегі хирург Амангелді Жантеміровке «жоғары санаттағы хирург» атағы берілді.
Оның ерлік ісі ескерусіз қалған жоқ. «Алғысты ауған халқынан» медалімен марапатталды. Қан майданнан оралған соң бұрынғы қызметін қайта жалғастырды, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Бірақ...
Бірақ ғұмыры ұзаққа созылмады. Анасы Көкеш Шәймерденқызының жасында, яғни 54-ке қараған шағында дүниеден озды. Соңғы сапарға шығарып салуға Рудныйдың ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен келген, кезінде емделген көптеген адамдар Амангелді Мырзахметұлының қабіріне топырақ салды, күңірене, көздеріне жас ала отырып, оның адамгершілік қасиетін, шипалы қолын қастерлей айтты. 1980 жылы өзі салдырып, еңбек еткен екі қабатты лор бөлімшесінің қабырғасына ескерткіш тақта ілінді. Оның фотосуреттері қалалық тарихи-өлкетану мұражайынан орын алған, сол жерде өмір жолы туралы деректер де бар.
Әкесінің ісін Қарағанды медицина институтын бітіріп, Амангелдімен бірге қызмет істеп, тәжірибе жинақтаған қызы Шолпан жалғастырған еді. Бірақ еліміз егемендік алған алғашқы қиын-қыстау жылдары бөлімше жабылып, Шолпан анасы – Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының еңбек ардагері Еңлік Тәліпқызымен және сіңлісі Айгүлмен Алматыға қоныс аударды. Әке жолын қуған білікті маман Шолпанның ғұмыры да ұзаққа созылмады. Сұм ажал оны да алып кетті.
Кезінде ағасын сағалап барып, Қазақ политехника институтының филиалында мамандық алып, зауыттағы инженерден қала әкімінің орынбасарлығына дейінгі жолдан өткен інісі Амантай Мырзахметұлы қазір де Рудныйда тұрады, зейнеткер. Үлкен ағасы Сапидың балалары да сонда қызмет істейді. Қарындасы Бибігүл Мырзахметқызы Таран ауданының Нагорное ауылында тұрып жатыр, кәсіпкер. Бір сөзбен айтқанда, Амангелді Мырзахметұлы қабірінің басына барып, Құран оқитын ұрпақтары, Құдайға шүкір, баршылық.
Амангелді Мырзахметұлы анасын сұм ажалдан арашалап алып қалуға үлгермесе де, көптеген адамдарды сырқатынан сауықтырып, қошеметтеріне бөленді. Мұны да оның арманының орындалғаны деп білемін. Ол сондықтан да әке-шешесінің ғана емес, халықтың ұлы, құрметтісі болатын. Жақсы адам өмірден өтсе де көңілден кетпейді екен.
Қасымхайыр ДҮЙСЕНБАЕВ,
Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген кеншісі, Рудный қаласының құрметті азаматы.
Қостанай облысы.