Руханият • 01 Қыркүйек, 2020

Нартай ақынның үзеңгісі

380 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кезінде әйгілі ақын Әб­діл­да Тәжібаев «шара­паты бүкіл қауымға же­тетін, бар­лығымызды жа­рылқайтын, жарататын сарқылмас қа­зына» деп бағалаған, сонымен қатар биыл туғанына 130 жыл толып отырған халық ақы­­ны әрі композитор Нар­тай Бекежановтың үзеңгісі Түркістан қала­сын­дағы «Әзі­рет Сұлтан» мем­лекеттік тари­хи-мәде­ни қорық-музейі қо­рында тұр.

Нартай ақынның үзеңгісі

Жәдігер жайлы мәлімет жіберген қорық-музейдің қор сақтаушысы Дәулетияр Адиевтің мәліметіне қарағанда, бұл бұйымды 1999 жылы Түркістан қаласының тұрғыны әкеліп тапсырған екен. Үзеңгі жезден (латунь) бітеу құйылған, табаны жалпақ. Жалпы өлшемі – 20х12,9 см. Пошымы бір-біріне құй­ма­лап жалғасқан екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі құлақ деп аталады. Құлақ үзеңгінің жоғарғы бөлігі, яғни ерге былғары немесе қайыс таралғы (үзеңгі бау) арқылы жалғанатын бөлігі. Үзеңгінің құлағы төртбұрыш пішінді. Биіктігі – 3,5 см, ұзындығы – 5 см. Жәдігердің екінші бөлігі басқыш немесе табан тірегіш деп аталады. Оның табан тірейтін жалпақ бөлігінің көлемі – 12 см, ені – 5 см. Табан тірейтін жерінің астыңғы жағы иректеліп әсемделген.

«1890 жылы дүниеге келген Нартай ақын 1954 жылы дүниеден озды. Халқының сағынышына айналған нар тұлға атамыз, атақты ақын Нартайдың табаны тиген жәдігер асыл перзенттен қалған бір белгі» дейді қор сақтаушы азамат.