29 Қазан, 2013

Қазақ әнінің падишасы

424 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстан» орталық концерт залында Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестиваліне қатысушылардың гала-концерті өтті.

Ұлы сазгердің жүрек қылын тербей­­­тін баға жетпес әндерін тыңдауға аға буын өкілдері ғана емес, жастар да көп жиыл­ды.

«Қазақстан» орталық концерт залында Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестиваліне қатысушылардың гала-концерті өтті.

Ұлы сазгердің жүрек қылын тербей­­­тін баға жетпес әндерін тыңдауға аға буын өкілдері ғана емес, жастар да көп жиыл­ды.Кеш шымылдығы Ерлан Бақ­­тыгереев дирижерлік еткен Астана мем­лекеттік филармониясы оркестрінің орын­дауындағы Шәм­ші Қалдаяқов ән­де­­рінен құралған попуримен және «Шол­пан» би ансамблінің биімен ашылды.

Көрнекті композитордың 300-ден аса әндері болса, соның барлығы халық жүрегінен өз орнын тапқан. Бүгін­де ешбір той, ешбір мейрам Шәм­ші ағаның әндерінсіз өтпейді. Компо­зиторды білмейтін, оның әндерін сүйіп тың­дамайтын қазақ жоқ та шығар. Гала-концертте алғаш болып М. Шаха­нов­тың сөзіне жазылған «Ақ бан­тик» әнін Роман Ким, ал «Өмір-өзен» әнін «Х фактор» байқауының фина­лисі Ай­­нұр Ешманова шырқады. Шәм­ші аға­ның жан жары Жәмила апайға арна­ған атақты «Бәрінен де сен сұлу» әнін жас әнші Мария Галицкая гитарамен сүйе­мелдеп, нақышына келтіре орындап, халықтың қошеметіне бөлен­ді. Ха­лық­аралық байқаулардың лауреат­тары Сал­танат Байжұманова мен Мәлік Азат «Шы­­нарымды», ал «Ни­зам» квар­теті «Ақ маңдайлым» әнін шырқа­ды. Жас бо­л­­са да халықтың ыстық ықыла­­сына бө­­ле­­ніп, еліміздің намысын халық­ара­лық фестивальдерде қорғап жүр­ген Ди­маш Құдайберген «Ақ ерке – Ақжа­йық» әнін жұртшылыққа тарту етті. Жи­нал­ған қауым атақты «Мойынқұмда» әнін «Аюми» тобының орындауында тың­дады.

Аталмыш фестивальде 2010 жылы І-орынды иеленген жас әнші Сержан Жанахметов Шәмші ағаның ұлы Әбілқасым 1,5 жасқа толғанда Жәмила апамызға арнаған «Бақыт құшағында» әнін орындады. Ал, биылғы Бас жүлде иегері – Нұрболат Абдулин «Теріскей» әнін шырқады. Ол өзін кәсіби білімі бар, тәжірибесі мол әнші ретінде танытты. Оркестрге Шәмші Қалдаяқовтың ұлы, Абай атындағы опера және балет театрының дирижері Мұхтар Қалдаяқов дирижерлік етті.

Нұрболат Абдулин, Бас жүлде иегері:

– Жалпы, байқау күндері толғанысты сәттерге толы болды. Осыған дейін Е. Хасанғалиев атындағы «Атамекен» халық­­аралық конкурсына қатысып, дипломант атанған едім. Бірақ, мен үшін бұл байқаудың орны бөлек. Болашақта Шәмші Қалдаяқовтың тың туындылары жарыққа шыға берсе деп тілеймін.

Сержан Жанахметов, Өзбек­станның жас әншісі:

– Өзім Өзбекстанның азаматы болсам да, ұлтым – қазақ. Бұл байқауға 2010 жылы қатысып, І-орынды иеленген болатынмын. Биылғы гала-концертке арнайы шақырылдым. Өзім Қа­зақстанға жиі келіп тұрамын. Әр келгенімде Қазақстанның өркендеп, Астана қаласының күн сайын өсіп келе жатқанын көріп шаттыққа кенелемін. Ата-бабаларым Қазақстанда туған, осы кең далада өскен. Сондықтан, мен үшін Қазақстан әрқашан ыстық.

Жәмила Қалдаяқова, Шәмші Қалдая­қовтың жұбайы:

– Сазгерлер мен әншілер үшін 1992 жылдан бері дәстүрлі түрде өтетін Шәмші Қалдаяқов атындағы байқауға биыл жиыр­ма екі жыл толып отыр. Ал, «Менің Қазақстаным» фестивалі, міне, биыл төртінші мәрте ұйым­­­дастырылып отыр. Мәдениет министрлігіне айтар алғысым зор. Себебі, жыл сайын сахна кеңейіп, әсем әрленіп, байқау деңгейі жылдан жылға өсіп, жақсара түсуде. Бүгінгі толқын жастар сахнада әндерді жаңаша түрде орындаса да, кейбір орындаушылар секілді бос айқай мен сахнада орынсыз қылықтарға бой алдырып жатқан жоқ. Сонау 60-ыншы жылдардың жастары сынды сыпайы, ибалы, кішіпейіл, яғни композитордың жан дүниесін түсініп, оны халыққа жеткізе алды.

Ұлтымыздың ұлы композито­рының өнегелі өмірі мен өнерін ту еткен, ән падишасы – Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне арналған бұл дәстүрлі фестиваль осылайша жыл сайын талай жас таланттарға үлкен сахнаға жол ашып, сазгердің әсем әндерін насихаттауда зор үлес қосып келеді.

Нұрзада КҮМІСБЕК,

Еуразия Ұлттық университетінің студенті.

АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар

Алматыда жер сілкінісі сезілді

Төтенше жағдай • Бүгін, 08:33