Таным • 02 Қыркүйек, 2020

Алтайдың алмас қылышы (Тарихи эссе)

2464 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тоқсаныншы жылдың басы ма, әлде сексен тоғызыншы жыл­­дың аяқ кезі ме екен, Моң­ғолия­дағы қазақтар тұратын Баян-Өл­гей аймағында шығатын «Жа­ңа өмір» деген қазақ тілін­дегі га­зеттің моңғолша қосым­ша­сын­да «Хараал ерөлөөр солигдох нь ч бий» деген шағын ма­қала шықты.

Алтайдың алмас қылышы (Тарихи эссе)

Бірақ осы шап-шағын мақа­ланың әсері керемет болды. Се­бебі қырық жылдай уақыт бойы Қытайда да, Моңғолияда да «банды, қарақшы» деп айып­та­лып, қара халыққа солай наси­хат­тал­ған Оспан Исламұлы туралы алғаш рет нақты шын­дықтың бас­пасөзде шығуы «ком­мунистік идеологияға» уланған елдің санасын селк еткізіп, ақиқат көзін ашып жібергендей еді.

Өйткені бұл Кеңес елінде бас­­талған «жариялылық» атты баспасөз еркіндігі Моңғолияда да «ил тод байдал» деген атпен әсер ете бастаған кез болатын. Бұған дейін елдегі коммунистік баспасөзде ел ішіндегі шындық та, өткен шақтағы тарихи оқиға­лар да жазылмайтын-ды. Қызыл партияның жиналыстары мен қияли жоспарларының өмірден алшақ қасаң қағидалары ғана басылым бетін толтыратын-ды. Соған әбден еті үйренген халыққа мына мақаланың мазмұны ашық күні жай түскендей әсер еткені анық.

Мақаланың авторы сол кез­дегі армия офицері, қазіргі бел­гілі қаламгер ақын Сұраған Рах­­метұлы еді. Мақаланың тақы­рыбын сөзбе-сөз аударсақ «Қар­ғыстың алғысқа айналатын кезі келді» дейді. Ал мазмұны әри­не, «Банды деп жүргеніміз батыр болып шықты» дегенге сая­ды. Расында, Шығыс Түр­кіс­тан өңіріндегі қазақтардың атамекені саналатын Алтай, Іле, Тарбағатайды дүр сілкіндірген «ұлт азаттық көтерілістің қол­бас­шысы» Оспан батыр туралы қырық жыл бойы ауызға алын­баған ақиқат алғаш рет сөй­тіп көпшілікке жария болды.

Ал ондай көтерілістің шығу себебі сол кездегі Шыңжанға өкі­мін жүргізуші Шың Сый Сай тікелей Сталиннің тапсырмасы бойынша сондағы қазақтың ел бастаған ақсүйектерін құрылтай болады деген аярлықпен Үрім­жіге шақырып алып, түгел түр­меге қамап, жазықсыз жазалай бастауынан туындайды. Оның арам пиғылында бассыз қалған елге Қазақстандағы қа­зақ­тарға жасалған «геноцидті» жасамақ жоспар жатқаны анық болатын. Алайда бұған дейін де Манчжурия билігіне сырттай бағынышты болып, ішкі билігін сақтаған, намысы мен ділін, дінін таптатпаған шығыс қазақтары бұндай өктемдікке көне салмады.

Шығыс қазағының рухани көсемі Ақыт қажыдан бастап, хан тұқымы Жанымхандармен қостап жүздеген жақсы-жай­саң ұсталып кетсе де, артында солардың оң қолы секілді ақылы мен алғырлығы сай ел азаматтары да аз емес еді.

Солардың бірегейлері Ақтеке би, Ноғайбай сынды ел ағалары алғаш рет қарулы көтерілісті бас­тап кетті. Қазақ жұртын «жа­­­байы» санайтын Шың Сый Сай қатты састы, «келісімге ке­лу» деген аяр-қулыққа көшті. Бірақ дұшпан мен досты айыра білетін дана көкірек көшпенді жұрты өліспей-беріспейтін шақ­тың туғанын, аумалы-төк­пелі кезеңнің келгенін нақты білгендіктен, «Оспан ба­тыр­дың көтерілісі» жалғасып, қа­зақ жадынан өшпейтін әйгілі ерлік тарихы басталған-ды.

Бір өкініштісі, осы даңқты көтеріліс туралы Кеңес өкіметінің бо­данында қалған Қазақстан­дағы қалың қазақ жұрты ұзақ жыл бойы хабарсыз жатты. Алпысыншы жылдары Қытай шекарасынан асып, өз еліне оралған жүз мыңдаған саналы қазақ бұл туралы тіс жармай, бүкіл сырды ішіне сақтайтын.

Бір қызығы, Оспан батыр туралы Моңғолия қазақтары жақсы білетін еді. Жақсы білетін дегенде кейінгі «социалистік» буын өкілдері «банды, қарақшы» деп, бұрынғы ескі көз адамдар «хас батыр» деп білсе де іштей тынатыны белгілі жайт қой.

Моңғолияда жетпісінші жылдары «Хил дээр» («Шекарадағы шайқас») деген көркем фильм отандық кино өндірісінен экранға шыққан болатын. Әрине, көркем фильмде шекаралық соғыста қаза тапқан моңғолиялық шекарашылар Тэгшээ, Даваажав секілді әскерлердің ерліктері на­­си­хатталғаны белгілі. Алайда бұл фильмде Оспан батыр туралы бірнеше эпизодтың шын­дық бойын­ша көрініс табуы кө­рер­меннің есінде қалғаны анық.

Оспан батыр өз соғыс тәсі­лінде ақ боз атымен жаудан қаш­­қан болып көрініс жасаған сайы­н, артынан қуа атқандарды алдау үшін ат бауырына түсіп кетеді екен, қуғыншылар оқ тиді деп мәз болып қала береді, міне әлгі кинода осы көрініс жақсы шыққан еді. Екіншісі, Оспан батыр өзінің қосынынан он есе көп қытай әскері қоршауға алмақ болып ұмтылғанда, елу әскері елу жаққа сай-салаға бытырай қашып, қайсысын қуарын білмей топтана аңырып қалған жау тобына қайта қоршай шабуыл жасап, құралайды көзге ататын дала қырандары ат үстінде шауып келе жатып, әрбірі оншақты жау әскерін көзді ашып-жұмғанша жалманынан түсіріп, бүтін отрядты қырғындап кете барады...

Ал Қазақстандағы қазақ жұр­тының Оспан батырдан хабардар болуы тек қана тә­уел­сіздік кезеңі басталған тоқ­саныншы жылдардан кейін ғана мүмкін болды. Тоқсаныншы жылдың ортасында «Жұлдыз» журналына жазушы Сейітхан Әбілқасымұлының «Оспан батыр» атты романы жа­рияланды. Журналдың қа­лың оқырманы және қазақтың қа­ла­мгер қауымы да осы роман арқылы алғаш рет Оспан батыр туралы нақты мағ­ұлмат алғаны даусыз (кейін «Ана тілі» баспасынан 2001 жылы жеке кітап болып шықты).

Сейітхан Әбілқасымұлы Қы­тай­дағы «мәдени төңкеріс» нәубетінен қудаланып, жетпісінші жылдары Моңғолияға шекара арқылы қашып өткен адам. Сол елдің астанасы Ұланбатыр қа­ласында жиырма жылдай тұр­ған­да «Хар шуурга» («Қара боран») атты роман жазып, моң­ғо­лия­лық оқырмандарға танымал болды.

Ал марқұм жазушының «Ос­пан батыр» туралы рома­нының жөні тіпті бөлек десе де болады. Өйткені Оспанның қосынында болып, талай соғысты бірге бас­тан кешкен сарбаздармен Се­кең жігіт шағында бетпе-бет ке­зігіп, жанды оқиғаларды жа­дын­да сол қалпы сақтағаны роман оқиғасынан анық көрінеді. Оспанның қандыкөйлек дос­тары Ырысхан, Сүлеймен, Бүр­кітбай, Жылқайдар, Қапас, Қабай, Әсел­бай, Мұса, Келес, Жәм­шитхан, Тоқтаған, Зенков, Ра­хадыл... бас­таған адал, ер­жүрек сарбаздарымен бірге он жыл бойы алпауыт жаумен қайыспай соғысқан ерлік жолы бұл романда жанды күйінде шынайы кестеленген. Оспан батыр өзінен он, жүз есе көп қаруы сай жазалаушы армия­мен қалай тең дәрежеде соғыса алғандығының талай құпиялары ашылады.

Көтерілісшілердің ең негізгі қаруы қолындағы бесатар мыл­тық­тары болса да, одан да артық қаруы иесінің ыңғайын қалт жі­бермей танып, шұғыл қимыл жа­сауға шебер астындағы ақылды жарау аттары екенін айтпауға бол­майды. Алайда одан да артық қару-тәсілдері көтерілісші ер­лердің жер жағдайын жіті білетін, соған сай лезде көз жаздырып не тап беріп бас салатын көшпенді ұрпақтарына ғана тән алғыр қимылдары еді. Бірақ одан да артық қару-тәсілдері діні мен ділін қорғауда, халқы үшін жанын құрбан етуден тайынбайтын кез келген сәтте, бетпе-бет ұрыста арыстандай ақырып тап беретін батырлығы еді.

Кітапта жоғарыдағы фильм­де қысқаша сөз етіп кеткен, көш­пенділерге ғана тән шайқас тәсілдері тамаша баяндалады. Мәсе­лен, арнайы жоспармен кәсіби әскер басшылары бас­қарып келе жатқан ауқымды жау­дың қарсы алдынан қазақтар тобы кездейсоқ ұшырасып қалған секілді көрініс жасайды. Содан тау жастана бөктерге қарай асы­ғыс қашып, өздері қоршауға түсіп қалғандай әсер қалдырып, сөйтіп жауды алдандырады. Содан, алдын ала келісіп қойған бәрі жақсы білетін жасырын тау сілемдері мен кезеңдерден лезде асып, екі топқа бөлінеді де, бірі өздерін қуған жаудың артынан тап бергенде, келесі тобы қолайлы тұрғыны иеленіп тосып отырады. Ең әуелі басқа әскерлерден киім киісі бө­лек көрінетін әскер басшысын дәл­деп атып, басқарушысыз қалып есі шыға ұйлыққан жазалаушы қосынды бір-бірден қадай атқылап лезде ұйқы-тұйқысын шығарады. Осылайша, өздері аз шығынмен жеңіске жеткен кездері өте көп.

Көтерілістің алғашқы жыл­дарының бірінде Шын Сый Сай көтерілісшілерді бас көтертпей тас-талқан етемін деген дәмемен арнайы маманданған атты әскер полкін Көктоғай өңірінде қор­ғаныста жатқан Оспанның қару-жарағы әлсіз, саны аз қосынына арнайы жібереді.

Екі-үш күнгі атыста біраз сар­базы шығын болған Оспан келген жаудың қатерлі екенін біле қояды. Сондықтан дереу басқа тәсіл қолданып, Ыш­қын­ты деген оңаша биік шоқыға қарай бір топ сарбазын тұрғыны иеленбекші болып жүргендей етіп әдейі жібереді. Аңдып жатқан жаудың атты әскері оларды түре қуып, қашқандар шоқы басына жеткенде әскерінің көптігімен қазақтарды төмен қуып түсіріп өздері ең биік қолайлы тұрғыны иемдендік деп мәз болады.

Енді көтерілісшілер шабуыл жасаса болды, оқ бүріккіш қа­ру­мен баудай түсіріп түгел құртамыз деп ойлайды. Оспан батырдың да көздеген мақсаты осы еді. Дереу полктің төменде күзетте қалған аз әскерін жау-жаламға келтірмей жайпап тастайды да, қалдырған ат-көлігі мен азығын иемденіп үлгереді. Енді өздері әлгі шоқының етегін түгел қор­шап, үн-түнсіз жатып алады. Полк генералы сонда ғана алданғанын біледі, шоқы басында бес күн бойы қоршауда аштық пен шөлде қалған әскерлер Бала Ертіс өзені жақтағы ашық қалған кетікпен шұбырып түсе бастағанда, етекте аңдып жатқан мергендер ілініп-салынып шар­шаған әскерді бау­дай түсі­реді. Тірі қалғандары Ертіс өзеніне тоғытылады. Оспан бұл жолы жазалаушы полктің әскербасын өз қолымен өлтірген. Бұл ерекше жеңіс көтерілісшілерді одан әрі рухтандырса, жауды мүл­де састырған еді.

Міне, мұндай біріне-бірі ұқса­майтын ұрыс тәсілдері кітап­тың басынан аяғына дейін сериалдай көз алдыңыздан өтеді.

Осындай қаншама отрядтарынан айырылған қытайдың әскери басшылары тығырыққа тірелді. Өздері «жабайы қарақшы, банды» деп атаған адамдардың алғыр ақылына, алдырмас тәсіліне, қайсар ерлігіне еріксіз тәнті болады, енді шын келісімге келуге ұмтылды, жауынгер қазақтарды өз әскерінің көптігімен, өкіме­тінің күштілігімен жеңе алмайтынына көздері жетеді.

Міне, бұл Оспан батырдың шын жеңісі еді. Он жылға жалғас­қан ұлт азаттық көтеріліс шы­ғыс қазақтарының даңқын дү­ние­­жүзіне жайды әрі жас бала­­дан қарапайым халыққа дейін на­мы­сын таптатпайтын ер­лік­ке тәр­биелеп, елдің рухын асқақ­татты.

Бұл аралықта өзінің жауыз­дығымен дүниенің үрейін ұшырған Коминтерннің басшысы Сталиннің өзі Оспан батырды оңай бағындыру үшін қазақтың өз ішінен тағайындалған генерал Дәлелхан Сүгірбайұлы арқылы тіл табысуды қолға алған «Шығыс Түркістан Республикасы» дейтін аса күрделі тарихи оқиғалар да өтіп жатты...

Алтай елінің шығысында жатқан тәуелсіз ел болып саналатын Моңғолияның сол кездегі атақты маршалы Чойбалсан арнайы келіп, Оспан батырмен ресми келісімдер жүргізіп, тең дәре­желі дипломатиялық қатынас жасауының өзі әлем тарихындағы атақты көтерілісшілерден де кей жағдайда қазақ көтеріліс­ші­лерінің ерекше болғанын көр­сететін сирек оқиға десек, артық айтқандық емес.

Оспан батыр алты аласы, бес бересі жоқ қазақ жерін басып алған басқыншылармен ғана соғысып қойған жоқ, дінсіз қызыл коммунистердің зор­лығына бас имей, асыл дінін де қорғап, бұл дүниедегі кез келген пенделердің жете бермейтін ең биік шейіт дәрежесінде бақиға аттанды.

Жауы да оның рухының биік­тігін іштей мойындап, ұрпа­ғына да, артында аман қалған қан­дыкөйлек сарбаздарына да өк­темдік жасауға батылы бармады. Оларға тиіспеді, келісімге кел­ді. Міне, бұл Оспан батырдың көз­деген мақсатына жеткендігі еді.

Артында аман қалған адал халқы Оспанды өз жүректеріне жерледі, асыл бейнесін, даңқты ерлігін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа қаншама дастан, жыр, әңгіме, зерттеулермен жеткізді.

Бодандық қамытынан жаңа шығып, құлдық құлықтан енді-енді арыла бастаған қазақ деген жанкешті халық – біз өз асылдарымызды шын танитын күнге жетсек, халқының азаттығы үшін жанын пида еткен Исатай-Ма­хамбет, Кенесары және большевик қырғынында халқын қорғап, кеңестік идеологияның кесірінен аты ел есінен әдейі ұмыттырылып, белгісіз қалған қаншама батырлар мен Алаш арыстары сынды қаһармандардың қатарында Оспан батырдың да тұруға тиісті екенін білер едік.

 

Абай МАУҚАРАҰЛЫ,

жазушы-журналист