Пікір • 02 Қыркүйек, 2020

Әкімдерді сайлау – ашықтықтың белгісі

142 рет көрсетілді

Ауыл әкімдерін сайлау арқылы қызметке алу керек. Президенттің биылғы Жолдауында айтылған бірегей бастаманың бірі осы. Өз басым мұндай жаңашылдықты толықтай қолдаймын.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, табысты елдерде өзін өзі басқарудың, жергілікті қауымдастықтың рөлі өте зор. Қазақстан да осыған келе жатыр және бұл дұрыс қадам болмақ.

Тұрғындар ауылда кімнің қалай, қайтіп жұмыс істеп отыр­ғанын көріп, біліп жүр. Олар елді мекенге шын мәнінде пайда әкеліп отырған іскер азаматтарды да жақсы біледі. Демек, ауылдықтар сол азаматқа сенім артып, мүмкіндік беруге тиіс.

Қазір ауылдардың дербес бюджеті бар. Тікелей ауылды қолдауға бағытталған салалық, мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Осының бәрін жүзеге асыру үшін белгілі бір дә­режеде білім мен білік, іскерлік пен тәжірибе керек. Әкім – шаруашылықтың ғана адамы емес. Ол идеолог екенін де ұмытпауға тиіспіз. Бір сөзбен айт­қанда, ауыл әкімдері – Пре­зиденттің сарбаздары. Солардың арқасында мемлекеттің ұстанған саясаты халыққа жетеді. Ал мемлекеттік тапсырмалардың орын­дал­мауының бірден-бір себебі ауыл әкімдерінің білік­тілігінің төмендігінде жатыр.

Өкінішке қарай, ауыл адамдары мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді, жаңашыл­дық­тарды көп жағдайда біле бер­мейді. Мемлекеттік саясаттың әрбір тұрғынға жетуіне жауапты адам – әкім. Әкімнің жүктелген жұмысты дұрыс жүргізбеуінің салдарынан тұрғындар өздеріне тиесілі мүмкіндіктерді пайдалана алмай жатады. Мәселен, қол жетпестей болып көрінетін «Болашақ» бағдарламасына, Президенттік жастар кадрлық резервіне ауыл жастары да қа­тыса алады. Кабинеттен аттап шықпайтын, жылына екі мәрте халық алдында есеп беріп, кейін қауымнан іргесін аулақ салатын әкімдердің дәурені өтті. Қазіргі жағдай ауыл әкімдерінің тәулік бойы жұмыс істеуін, бәрімен байланыста болуын талап етіп отыр. Әкімдер осы үдеден шығуға тиіс.

Жергілікті жерге назар аудар­у арқылы біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құра аламыз. Президент айтқандай, «бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәсе­лесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог».

Халық тағайындайтын әкім әр дүниенің өз сұрауы бар еке­нін есте ұстайтын болады. Тиі­сінше, ол есеп беруге бейілді, тұрғындарға әрдайым ашық әрі қолжетімді болуға тырысады. Мен де төрт жыл ауылдық округті басқардым. Бұл өте жауап­ты міндет. Жалпы, адамдармен жұ­мыс істеу ешқашан оңай болған емес. Әркімнің мінезі әртүрлі. Проблемасы да сан алуан. Әкім осының бәрін реттеуге қауқарлы болуы керек. Мәселен, белгілі бір тапсырмалар­ды атқаратын комитеттер, басқармалар, бөлімдер бар. Ауыл әкімі осының барлығын жалғыз өзі тындырады. Яғни, ол кәсіпкерлікке қолдау көрсетуден бастап, атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуға болатынына дейін жақсы білуі керек. Десе де, ауыл әкімі болу – үлкен мектеп. Биік мансапқа қол жеткізгісі келетін мемлекеттік қызметшілерге еңбек жолын ауылдан немесе ауданнан бастауды ұсынар едім.

Мемлекет басшысы Жол­дауында мемлекеттік аппаратты қысқарту туралы жақсы айтты. Мұны дер кезінде қолға алын­ған шаруа деп білемін. Әрбір қиын­дықтың тың мүмкіндік екенін ескерсек, биылғы пандемия мемлекеттік аппараттың мобильді, оңтайлы жұмыс істеуге қауқарлы екенін көрсетті. Демек, санға емес, сапаға көңіл бөліп, мемлекеттік қызметшілерді оң­тайландыру керек. Оларға жоғары жалақы тағайындалуға тиіс. Бүгінде ауылдағы, аудандағы мем­лекеттік қызметшілердің жалақысы ауыл мұғалімдері алатын еңбекақыдан әлдеқайда төмен. Мәселен, ауылдық әкімдіктегі маманның орташа жалақысы 70-80 мың теңгені құрайды. Көп жағдайда мемлекеттік қыз­метшілер мұндай жалақы үшін жауапкершілік арқалағысы кел­мейді. Оның үстіне артылатын жүктеме де өте ауыр. Жалақы жауап­кершілікке, жүктемеге сай болуы тиіс. Мемлекеттік аппарат саласындағы реформалар осындай мәселелерді оңтайлы шешеді деген сенімдемін.

Бүгінде Президент жанын­дағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облыстық филиа­лының директоры болып жұмыс істеймін. Мемлекеттік қызметке жаңадан келгендерді қайта оқы­тумен, біліктілігін арттырумен айналысамыз. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметке құлшынып келген жастардың екі-үш жылда меселі қайтып, басқа салаға ауысып кетеді. Себебі олардың мемлекеттік қызметтен күтетін дүниесі басқа. Сондықтан мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек.

 

Белла ГАЗДИЕВА,

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облыстық филиалының директоры,

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы

 

Ақмола облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Шенеунікке де шындық керек

Қоғам • Бүгін, 18:07

Үлгі болар игі іс

Қоғам • Бүгін, 15:00

Доллар бағамы арзандады

Экономика • Бүгін, 12:30

Ұқсас жаңалықтар