Пікір • 02 Қыркүйек, 2020

Сенімділік стратегиясы

244 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алтыншы шақырылымдағы Парламенттің алтыншы сессиясында жария­ланған Президент Жолдауынан ең алдымен нені бөле атауға болар еді?

Сенімділік стратегиясы

Ең алдымен бөле атарымыз – Прези­дент әңгіменің әлқиссасында-ақ жаһан­да жаңа жағдай қалыптасқанын, қазіргі кезеңнің күрделілігін, адамзаттың мыл­тықсыз майдандағы күресі әлі жалғасып жатқанын, сын сағатта жұдырықтай жұмылсақ қана көзге көрінбейтін жауды жеңетінімізді, Үкіметтің о бастағы қателіктерден сабақ ала білгенін, ахуал жақсарып қалды екен деп бойды босаңсытуға болмайтынын сығымдап айтып өтті де, Қазақстанның пандемияға байланысты қандайлық ғаламат қаржы бөлуге шамасы келгенін нақты деректермен дәйектеп, аз сөздің астарында-ақ мұның өзі мемлекет мығымдығының айқын айғағы екенін аңғартып кетті. Сондықтан да біз Тоқаевтың барлық рес­публикалық деңгейдегі жолдарды 2025 жылға дейін қайта жөндеп шы­ғуды, ұзындығы 24 мың шақырымдық жолдарды сервиспен қамтамасыз етіп бітуді тапсырғанына таңданған жоқ­пыз. Былайша қарағанда, таңдансақ таң­да­натындай. Жолдар бар ма – бар, көліктер жүріп жатыр ма – жүріп жатыр, жүк та­сы­лып жатыр ма – тасылып жатыр, бұған дейін қанша жыл жөнделмеген жолдар тағы біраз жыл жөндеусіз  тұра тұра­тынын жақсы білеміз. Мемлекет экономиканың күретамырына бес жыл бойы триллиондаған теңгелер таба алады екен, демек, қара аспанды суға алдыра сөйлейтін еш жөніміз жоқ. Бір өзінің ішкі жалпы өнімінің көлемі Орталық Азиядағы төрт көршінің ішкі жалпы өнімінің көлемін қосқандағыдан асып түсетін Қазақстанымыздың әлеуеті әлі де күшті. Ел іргесі берік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргідей дағдарысты дәуірде де сенімділік стратегиясындай салиқалы Жолдау жасауы жасампаздық жолының жалғаса беретініне кәміл сендіреді.

Ел басшысының мемлекеттік бас­қа­рудың жаңа моделін жасау, реформалар бойынша Президент кеңесін құру, мемлекеттік аппаратты 25 пайыз­ға ықшамдау жөніндегі біраз жұрт жылдарға созылады деп шамалап жүр­ген, талайлар аяқсып кетер деп үміт­теніп жүрген жұмысты шенеуніктер санын биыл 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқарту арқылы бас-аяғы екі жылда бітіріп тастау туралы айт­қан­дары әбден көкейге қонады. Солай етуге болатынын пандемия кезіндегі онлайн отырыстардың өзі-ақ көрсетіп берді. Қалыптасқан жаңа жағдайда эко­номикалық дамуды қамтамасыз ету үшін кірісті әділ бөлу, жеке кәсіпкерлікті қолдау, адал бәсекелестікті күшейту, еңбек өнімділігін арттыру, адам капиталын күшейту, жасыл экономиканы жол­ға қою, негізделген шешімдерді ғана қабылдау сияқты бағыттарды белгі­леу де орынды. Ақша-кредит саясатына сенімділікті көтеру, жалпақ жұртқа түсі­нікті болатындай салық саясатын жүргізу жөнінде де жақсы айтылды. Өзімізге ерекше әсер еткен жай – әрбір алтыншы жас отбасының сан түрлі себептерге байланысты балалы бола алмай жүргеніне аса алаңдау! Бұл – нағыз мемлекеттік мәселе. Қиындықтар шығады, жойылады, дағдарыстар келеді, кетеді. Солармен жағаласып жүргенде адамға бір-ақ рет сыйланатын өмір өте береді, өте береді... Өмірдегі қызықтардың қызығын – перзент қызығын отандастарымыздың барынша көбірек көруі үшін барынша белсенді әлеуметтік саясат жүргізуді біздің әрқай­сымыз қуана-қуана қолдайтынымыз анық. «Демократия бізде қилы-қилы қиын­дықтар туғызбай қоймауы да мүм­кін, оларды шешуге де бізге демография көмекке келуі ғажап емес» дегенді кезінде жетіскеннен жазбағанымыз тағы анық. Айналамыздағы ағайындарға, ше­шіл­меген мәселесі бізден артық болмаса кем түспейтін туысқандарымызға қара­ғанда халқымыздың табиғи өсімі сын көтермейтінін ашық айтатын кез келген еді.

Аттың жалындағы, түйенің қо­мын­дағы әңгіме ғой дегеннің өзінде, Жолдауда ертеңге қалдырмайтын, арнайы айтпай тұра алмайтын тағы бір тақырып бар. Ол – ұлттың жаңа болмысы. Тоқаев халықтың алдындағы қазіргі мәселенің мәселесін осылайша түйіндеді. Ерінбей еңбек етсек, темірдей тәртіпке бағынсақ, әділеттің ақ жолынан айнымасақ, адалдықты, адамдықты ту етіп ұстасақ, ұқыптылықты ұмыт­пасақ, тиянақтылықтан танбасақ, ысырапшылдық пен даңғазалықтан, боссөзділік пен мақтаншақтықтан арыл­сақ, біз алмайтын қамал да болмайды, біз таппайтын амал да болмайды. Президент осыны айтты. Президент халықты жаңа жағдайда жаңаша ойлауға, жаңаша жұмыс істеуге шақырды. Мемлекет басшысы еліміздің ең күрделі міндеттерді шеше алатынын айтып отыр. Ендігі сөз елдің өзінде. Ол сөздің елдің сөзі боларына сенеміз.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты