Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат ауылының 40 жастағы тұрғыны былтырғы қаңтарда із-түзсіз жоғалып кетіпті. Ата-анасына ескертпей кеткен ұлын он айға жуық күткен әкесі сол жылғы 22 казанда Қызылқоға аудандық полиция бөліміне жүгініпті.
«Арыз бойынша полиция қызметкерлері жан-жақты іздестіру шараларын жүргізді. Атырау облысының аумағы мен еліміздің барлық облысы мен аудандарына, қалаларына іздеу туралы ақпарат жіберіліп, іс-шаралар ұйымдастырылғанмен нәтиже болмады. Бірақ, аудан полицейлері іздестіру жұмыстарын жалғастыра берді. Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев жедел кеңестерде із-түзсіз жоғалғандардың жүрген жерін анықтау, оларды тауып, ағайын-туыстарына тапсыру бойынша атқарылған іс-шараларды пысықтап, іздестіру жұмыстарының орындалуын өзінің бақылауына алды. Жоғалған қызылқоғалық азаматтың дерегі анықталмағаны туралы өзге облыстардағы полиция органдарынан жауаптар келді. Ад Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі іссапармен көршілес Ақтөбе облысына шығып, сондағы әріптестерімен аудан аумақтарына, алыс шалғайдағы елді мекендерге барды. Сондай іссапар кезінде хабарсыз кеткен азаматты Мұғалжар ауданының Қайыңды елді мекенінің аумағында далалықта мал бағып жүрген жерінен тапты» -деп хабарлады деапртаменттің баспасөз қызметі.
Біреудің малын бағып жүрген азаматтың айтуынша, ақша табу мақсатымен былтырғы қаңтарда Ақтөбе қаласына келген. Мұндағы танысы көмегімен далалықта мал бағуға барған. Мобильді байланыс телефонын жоғалтып, туыстарының нөмірлерін ұмытып қалған.
«Биыл жасы 41-ге толған азамат үйіне оралмау себебін көбірек ақша тапқысы келгенімен байланыстырды. Ал өзін ешкім бақташы болуға күштеп ұстамағанын айтты» -деді департаменттің баспасөз қызметінен.
Ұлының аман-есен табылғанына қуанған 70 жастағы зейнеткер Қызылқоға ауданының полицейлеріне алғысын білдірді.