Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2020

Ерлан Тұрғымбаев: Полиция қызметін "Полиция қадамдық қолжетімділікте" қағидаты бойынша реформалауға кірісеміз

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев еліміздің құқық қорғау жүйесін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне Egemen.kz сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Ерлан Тұрғымбаев: Полиция қызметін "Полиция қадамдық қолжетімділікте" қағидаты бойынша реформалауға кірісеміз

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің құқық қорғау жүйесін маңызды институционалдық қайта құру жолдары айқындалған. ІІМ құзыреті шеңберінде оларды іске асыру бойынша мынадай шаралар қабылданады. Бірінші. Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру туралы қабылданған шешімді ескере отырып, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мүлікті беру бойынша қажетті рәсімдерді жүргізу үшін тиісті комиссия құрылады.

"Екінші. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында жергілікті полиция қызметін "Полиция қадамдық қолжетімділікте" қағидаты бойынша реформалауға кірісеміз. Бұл жерде басты рөл құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын болып табылатын учаскелік полиция инспекторларына беріледі. Олардың мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипаттағы шаралар әзірленуде", деді Е.Тұрғымбаев.

Сондай-ақ олардың жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында осы материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметін штаттық нығайту, оның ішінде полицияның учаскелік пункттерімен жарақтандыру мәселелерін пысықтау көзделіп отыр. Қазір елімізде бар 2,8 мың учаскелік полиция пункттерінің 1400-і бүгінде жөндеуді қажет етеді. Қосымша 279 учаскелік пункт салу және 1,5 мың бірлік қызметтік автокөлік сатып алу қажет.

Үшінші. Сондай-ақ Пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік үй-жайларында жаппай бейнебақылау енгізу туралы тапсырманы іске асыру бойынша шаралар қабылдануда.

"Төртінші. ІІМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша алға қойылған міндеттер аясында мынадай шаралар қабылдануда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп тиісті үшжақты жоспар іске асырылуда", деп атап өтті министр. Жалпы алғанда, соңғы 3 жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 33%-ға қысқарды.