
28-29 қазанда Павлодарда Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің XVI көшпелі отырысы болып өтті
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Кеңес төрағасы Ғабидолла Әбдірахимовтың қатысуымен өткен бұл жолғы жиын еліміздегі спорттық инфрақұрылымдарды дамыту мен жастарды денешынықтыруға, спортқа баулу мәселесіне арналды. Шараға орталық мемлекеттік атқарушы органдардың, спорт және денешынықтыру агенттігінің өкілдері, Кеңес мүшелері, облыстардың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, жастар қатысты.
28-29 қазанда Павлодарда Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің XVI көшпелі отырысы болып өтті

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Кеңес төрағасы Ғабидолла Әбдірахимовтың қатысуымен өткен бұл жолғы жиын еліміздегі спорттық инфрақұрылымдарды дамыту мен жастарды денешынықтыруға, спортқа баулу мәселесіне арналды. Шараға орталық мемлекеттік атқарушы органдардың, спорт және денешынықтыру агенттігінің өкілдері, Кеңес мүшелері, облыстардың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, жастар қатысты.
Жалпы, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес 2008 жылы Елбасы Жарлығымен құрылды. Облыс орталығында өткен кеңестің көшпелі отырысы 5 жылдық мерейтойға арналды десе де болады. Отырыстың қорытынды жиынының ашылуында бұл жайында Кеңес төрағасы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахимов айтып өтті. Бұл біздің биылғы жылы өткізіп отырған үшінші отырысымыз. Елбасы өз Жолдауында мемлекет алдына әлемдегі 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойғаны белгілі. Осы ауқымды мақсатқа қол жеткізуде Елбасының салиқалы саясатын оңтайлы жүргізудің маңызы зор. Жолдауда айтылғандай, халықтың денсаулығы жақсарғанда ғана болашағымыз мәнді болмақ. Мемлекетіміздің денешынықтыру мен спортқа аса мән беруінің астарында үлкен мағына бар, деді ол.
Жастар саясаты жөніндегі кеңесте жастардың мүддесіне қатысты түрлі саладағы орталық мемлекеттік органдардың да есебін тыңдау тәжірибесі енгізілгені белгілі. Өйткені, жастар саясатының мәселелеріне бүгінде бүкіл әлем назар аударуда. Жастар саясатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында да баса назар аударылған. Сонымен қатар, Елбасы тапсырмасымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, ел Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан-2020: болашаққа жол» атты Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Осы орайда, жастарды жұмысқа орналастыру және баспанамен қамту мақсатында «Жұмыспен қамту-2020», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы» жобалары жүзеге асып келеді.
Жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезінде Елбасы, партия Төрағасы жастар саясаты бойынша жүктелген тапсырма толық орындалмай отырғанын айтқан болатын. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ХХІ ғасырда жастарды қолдаушы партия ғана көшбасшылықты ұстап тұра алады. Ал «Жас Отанның» 200 мыңнан астам жастың басын біріктіріп отырғаны, бір жыл бұрынғы басқосуда жастармен жұмыс бойынша кешенді жоспар ұсынылғаны тағы мәлім. «Ашығын айтайын, менің тапсырмаларым жартылай ғана орындалып отыр. Мәселен, Үкімет 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын бекітті. Алайда, оны жүзеге асыру іс-шаралары бойынша қаржыландырудың көлемі анықталмаған. Барлығы бағдарламалардың әкімшіліктеріне келісілген шек бойынша берілген. Ал бұл шекті қаражат тұтынушыға жете ме, жоқ па? Бұл белгісіз. Тағы бір мысал, менің тапсырмам бойынша Білім министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құрды. Алайда, қаржыландырудың жоқтығынан бұл да толыққанды жұмыс істей алмай отыр», деді Елбасы өзінің сөзінде.
Елбасы сондай-ақ өңірлерде жастар ресурстық орталықтарын құру жұмысы созылып кеткенін, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында бұл жұмыс мүлдем басталмағанын көлденең тартты. Айтпақшы, «Жастарға қызмет көрсету орталығы» алғаш рет былтыр біздің облыс орталығында ашылды. Ал биылғы жылдың алты айында өңірде 1500 жас маман жұмысқа орналасыпты. Енді, міне, осы орталықтың жұмысымен, атқаратын қызметімен танысу үшін еліміздің әр облысынан жастар жиналып отыр. Жастарды еңбекке баулу, спортқа бейімдеу, мәдени және рухани тәрбие беру бойынша өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жаңашыл жобалар барлық саланы қамтуда. Жастар саясаты жөніндегі басқарма құрылды. Жастар бастамаларын дамыту орталығы да өз жұмысын бастады. «Регион.kz» атты екі тілде облыстық жастар газеті шығып тұрады. Көршілес ресейлік жастармен кездесу орталығы жұмыс жасайды. Жастар саясатының үлкен жолға түсуіне студент жастармен жұмыс жасауда тәжірибесі бар Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің бұрынғы ректоры, қазіргі облыс әкімі Ерлан Арын өзі бастама жасап, қолдау көрсетуде.
Бұл мәселелер облыс орталығындағы «Достық» үйінде өткен кеңестің көшпелі отырысында жан-жақты айтылды. Кеңес мүшелері жастарды алаңдатып отырған мәселелермен танысып, олардың идеяларын, ойларын білді. Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Арман Қырықбаевтың айтуынша, негізгі мақсат – жер-жердегі жастармен көзбе-көз жүздесіп, олардың ой-пікірлерін білу, өтініштерін тыңдау. Біз жүз рет әңгіме айтқанша, бір рет көзбен көріп, әңгімелессек деген оймен жиналып отырмыз. Жастарға байланысты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – дене тәрбиесі және спортпен айналысатын жастардың санын арттыру, әсіресе, ауыл жастарына, мүгедектер мен аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына спорттық және спорттық-сауықтыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Спорт және денешынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Тастанбек Есентаевтың айтуынша, адам денсаулығы жақсы болуының 50 пайызы саламатты өмір салтына байланысты. Спорт және денешынықтыру – біздің мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыты. Яғни, жастарға қатысты мәселелердің барлығы да шешімін табады деген сөз. Бұл үшін мемлекет қаржылай көмек көрсетуге даяр. Бастысы – әр жастың бойында спортқа, жақсы өмір сүруге деген талпынысты ояту.
Ал аталған агенттіктің мәліметтері бойынша, спорттық үйірмелерде шұғылданатын балалар мен жасөспірімдерді қамту көлемі 11 пайызды ғана құрайды. Өкінішке қарай, бүгінгі күні еліміздегі 2 мыңға жуық мектепте стандартты спорт залдары жоқ көрінеді. Яғни, оқушылардың 61 пайызы ғана денешынықтырумен айналыса алады деген сөз. Сондықтан мәселенің осы жағына мән берілуі керек.
Жиын күндері «Миллионға бағаланған идея» өңірлік жобасы да өз жұмысын бастады. Мысалы, 18 жастағы Иманжүсіп достарымен бірге қуыршақтар, ойыншық жиһаздар жасайды. Олардың мақсаты – кішкентайларды «Барбимен» емес, қазақтың ұлттық нақыштағы өнерімен таныстыру. Қолда қаржы болса, осы мақсатта түрлі ойыншықтар жасамақшы екен. Бір қуантарлығы, жастардың көпшілігі қазіргі күндері бүкіл ғалам алаңдап отырған жаһандық тақырыптарға орай «Жасыл энергетика» және «Экология» тақырыптары бойынша өздері жасаған жобаларын, ұсыныстарын ала келіпті. Екі күндік жиын барысында Кеңес мүшелері ауыл жастарымен, жұмысшы жастармен, бюджеттік сала қызметкерлерімен, жас кәсіпкерлермен кездесулер өткізді.
Мектеп спорты федерациясының президенті болып Кеңестің төрағасы Ғабидолла Әбдірахимов сайланды. Сөйтіп, көшпелі жиын барысында ел Үкіметіне спорттық инфрақұрылымдарды және жастар арасында көпшілік спортты дамыту бойынша ұсыныстар жіберілді. Жер-жердегі жастар саясаты жөніндегі жұмыстардың тиімді тәжірибелері арқылы пікір алмасу мен жұмысты үйлестіру мақсатында аталған ұйымдардың жетекшілеріне семинар-тренингтер жүргізілді.
Денешынықтыру және спортпен шұғылдануға ынталандыру, спорттық шеберлікті арттыру, жоғары оқу орындары студенттерінің арасындағы достық байланысты нығайту мақсатында 16-27 қазан аралығында облыс әкімдігінің қолдауымен волейбол, баскетбол, футбол, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сияқты спорттың бес түрінен универсиада өткен болатын. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар мен универсиада кубоктарын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахимов пен облыс әкімі Ерлан Арын табыстады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.