Абдуахит Ғарибжанұлы 1979 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен ағылшын тілі мұғалімі мамандығын алған. Сондай-ақ Атырау мұнай-газ университетін инженер-механик бакалавры және геология магистрі, Мәскеу университетін әкімшілік іс-жүргізу шебері дәрежесімен бітірген. Техника ғылымдарының докторы. Ұлыбритания, Германия елдерінде біліктілігін арттырды.
Еңбек жолын 1999 жылы Атырау қаласындағы №3 орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі болып бастады. Одан кейін 2000 жылы «АтырауМұнайГазГеология» АҚ аудармашысы, 2000-2001 жылдары «ОТО-ПРОМ» ЖШС-нің аудармашысы, 2002-2005 жылдары «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» компаниясының Атырау облыстық филиалының өндіріс жөніндегі инженері және аудармашысы, 2005-2007 жылдары «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» компаниясының Ақтөбе облысы филиалының өндіріс жөніндегі инженері болған.
Ал, 2008-2011 жылдары шетелдік «Фэлкон Ойл энд Гэс ЛТД» компаниясының бас директоры, 2012 жылы «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» және «Фирма Ада Ойл» компанияларының аймақтық директоры, 2015 жылы «Мұнай өндірісі және бұрғылау технологиясы ғылыми-зерттеу» институтының мұнай және газ өндіру ісі бойынша басқарушы директоры лауазымын атқарды.
2016-2017 жылдары «Урихтау Оперейтинг» ЖШС бас директорының өндіріс ісі жөніндегі бірінші орынбасары, 2017-2019 жылдары «Урихтау Оперейтинг» ЖШС-нің бас директоры болып жұмыс істеді. 2019 жылдан осы тағайындауға дейін «Shagyrai Oil Service» ЖШС бас директорының экономика-қаржы және жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келді.