Таным • 03 Қыркүйек, 2020

Атбегілік – асыл өнер

1599 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деп атап өтіпті. Жалпы алғанда қазақтың жылқытану ілімінің негізінде атбегілік өнері тұр. Яғни, атбегілік дегеніміз – халқымыздың генеологиялық жадысының туындысы.

Атбегілік – асыл өнер

Аталарымыз жылқы түлігін қолға үйретіп, бастықтырған ықылым заманнан бастап – атты баптау, оны сынау, бәйгеге қосу, әрі жауынгерлік өнерге үйрету ісіне қатты мән берген. Әрі бұл ілімді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мұрагерлік ретінде үйретіп отырған.

Атбегілік өнер атты сынау мен бап­тау­­дан тұрады. Яғни, аттың сынын біл­ген адам оны баптай да алады. Тіпті ерте заман­да өмір сүрген атақты сыншылар тірі жылқыны былай қойып, далада жат­қан қу сүйекке қарап-ақ сын-сипатын айта­тын болған.

Мысалы, сонау бағзыда атақты Толы­бай сыншы жолаушылап келе жатып анадай жерде жатқан аттың қу басын көзі ша­лады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мы­нау ерен жүйріктің басы екен, имек тұм­сық, бөкен танау, көзінің ойын­ды­сы терең, жар қабақ, екі жақтың орта­сы ал­шақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйе­гі қан­дай асыл еді жануардың. Мына тұм­сы­­ғы­на қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңір­лі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бер­мейтін ат қой бұл. Жасы тоғыз­дан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар» депті.

Жалпы, қазақ даласында ізі қалған атбегілік өнердің танымал өкілдері – жоғарыдағы Толыбай сыншыдан бас­тап, бертінде Бөкей Ордасында өмір сүрген әйгілі Ауқатым және шеркеш Айдабол сыншылар, Жәңгір ханның жылқы тұқымын асылдандыру ісімен айналысқан аты мәшһүр сыншы төре Абылғазылардың еңбегін ел біледі.

Бөкей Ордасы жерінде өмір сүрген екінші бір атбегі Шоқай Шөңкейұлының сыншылығы жайлы орыс зерттеушісі А.Кел­лер көлемді еңбек жазып қалдыр­ған. Ал Атырау аймағында өмір сүрген Дүйсенғали сыншы, шежіре жазушы Сәбит Мұқановтың шығармаларында аты аталатын атақты Киікбай сыншы (Ақан серінің Құлагерін сынаған) жайлы көркем әдебиеттерде үзіп-жұлып айтылады.

Халқымыздың сыншылық дәстүрі Кеңес Одағы кезінде де үзілмей жалғасып отырған. Мысалы, ұлытаулық Тай Тілегенов сыншы, жаңарқалық Мұса сыншы, Сарысу бойында өмір сүрген қалмақ Көбен сыншы, оңтүстік өңірде Мақұлбек Шерімұлы, жетісулық ағайынды сыншылар Олжабай мен Бектібай, қытай-моңғол елдерінде өмір сүріп жатқан қазақтар арасынан шыққан Күңгейбай, Қалқабай, Түркістан сияқты сыншылардың артында қалдырған мұралары баршылық.

Ал атбегілік өнердің екінші бір қыры – ат баптау ісімен ел арасына таны­мал болған атбегілер – керекулік Бежу, жетісулық Бақай, сіргелі Меңдеке, сағыз­дық Тіней Талпақ, Үстіртте өмір сүр­ген Мықырбай атбегі, осылардың ізін жал­ғап Кеңес Одағы кезінде атбегілікпен айна­лыс­қан атақты «Құланқара», «Бұланқара» атты сәйгүліктер мен «Желмая» атты жорғаны баптаған Бошай Кітапбаевтың тәжірибесі өз алдына бір төбе.

Қазіргі таңда атамұрамызды ұрпақ жалғастырып дамытып келе жатқан ат бапкерлері – созақтық Файзолла Ормызов, тараздық Нұрдәулет Әлібек­ұлы, жетісулық Нәркен Қалибек, ағадыр­лық Жолдыбай Кенжеғұлов, алтайлық Еркін Темірбайұлы, моңғолиялық Қадыл Айдаубайұлы сынды тұлғалар бар.

Атбегілік өнер тек қазақ халқына ғана тән деу – артық айтқандық. Бұл мұра қыр­ғыз, моңғол, алтай, хақас сияқты көш­пелілерге де ортақ дүние. Бұлардың атбегі­лік өнерлерінде аса айырмашылық жоқ.

Мысалы, Ішкі Моңғолдың Хөлен­бұйыр өңірін мекен еткен көшпелі тайпаларының нояны Пуребжаб 1874 жылдары жазып қалдырған «Құпияның құпиясы, көненің көнесі жайлы ілім» атты атбегілік туралы құнды ілімінде жылқының түбір сипатына терең тоқ­талады. Ол дегеніміз – жылқының табиғи жаратылысын тану ілімі. Яғни, жылқының табиғи бейімділігін тап басу арқылы қолданыс қажеттілігін анықтау. Ол үшін жүйріктің бітім-болмысын – жан-жануар, аң-құстың жақсы сипаттарына салғастыра отырып зерттеген. Мысалы, әскери қолбасшы әрі атбегі Семен Михайлович Буденный (1883-1973) жүйрік жылқыны сынағанда: қоян, түлкі, есек сипаттарына қатты мән беретіні жайлы дерек бар. Маршалдың айтуы бойынша: қоян сипатты жүйріктің белгісі – тыз етпе ұшқыр, аяғы жеңіл әрі жүрісі ұтымды болады десе, түлкі сипатты жүйрік – денесі жинақы, ықшам әрі атқан оқтай тік жүреді, құйрығы түлкінің құйрығындай бір тегіс, жіңішке, сұлу көрінеді. Ал есек сипатты жүйрік – төрт аяғын тең басады (төрт аяғын тең басатын хайуан есек қана). Яки, төрт аяқты тең басу дегеніміз – төрт тұяқтың дұрыс бітімі. Өйткені, табаны «қазтабандап» жерге тимейтін дөп-дөңгелек қобы тұяқ есекте ғана бар. Тұяғы осылай біткен жыл­қы ақсамайды һәм жасқанбай басады...

Сол себепті, жылқы түлігін қолдану­шы қауым ерте кезден бастап оның түбір сипатына қатты мән берген. Ал байыр­ғы көшпелілер үшін жылқының жараты­лысын (түбір сипатын) аңдау әсіресе, жауынгерлік іске аса қажет болған. Атап айтқанда: арыстан, бұлан сипатты жылқыларды найзагер жауынгерлер мініп шеп бұзатын болса, марал, қоян, түлкі сипатты жүйріктерді хабар алмасу ісінде және садақшылар мінері анық. Өйткені, мұндай сипатты жылқылар қозғалыс кезінде ентігін тез басатындықтан садақшылар үшін өте қолайлы. Ал бөкен, елік, құлан сипатты жылқыларды қылышкерлер мен жеңіл маневр жасауға ыңғайлы қанжар және айбалтамен қаруланған жауынгерлер мінетін болған екен.