Қоғам • 03 Қыркүйек, 2020

Ананың орындалған арманы

593 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Арал ауданында 1942 жылы майданға аттанған, бір жылдан кейін шайқастардың бірінде хабарсыз кеткен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы Келіс Жиенбаевтың сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтті.

Ананың орындалған арманы

Сарбаздың сүйегі Қазақ­стан әскери-әуе күштерінің әскери бортымен жеткізілді. Туыс­тарына жеткізілгеннен кейін, барлық әскери рәсімді сақ­­тай отырып, сарбаздың сүйегі жер қой­нына тапсырылды.

Өткен жылы «Еске алу вахтасы» акциясы аясында Ресей Федерациясы, Тверь облысы, Зубцовск ауданының маңында жүргізілген іздестіру операциясы барысында 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік  соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшінің сүйегі табылды. Сарбаздың мойынтұмарын сараптаудан өткізу кезінде оның жеке деректері анықталды. Қаза болған сарбаз Қызылорда облысы Арал ауданынан Қызыл әскер қатарына шақырылған Келіс Жиенбаев екендігі белгілі болды.

Қазақстандық сарбаздың сүйегін туыстарына тапсыру және қайта жерлеу бойынша одан әрі дайындық жұмыс­тары Ресей Федерациясындағы Қазақ­стан Республикасы елшілігі жанындағы Әскери атташе аппараты және Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлім­шелерімен бірлесе жүзеге асырылды. Сарбаздың туыстарын іздестіру кезінде Мәскеу қалалық іздеу орталығының көрсеткен көмегі зор.

«Анам әрдайым әкесінің сүйегі табылып, туған жерінде жерленгенін армандайтын. Өкінішке қарай, бір жыл бұрын осы күнді көрместен дүниеден озды. Ал бүгін марқұм анамның арманы орындалды. Біз бұл үшін өте қуаныштымыз және ризамыз», деп қайтыс болған сарбаздың немересі Мұхтар Қазбеков әскери қызметшілер мен іздестіру тобына алғысын білдірді.