Уақыт алға озған сайын кейбір мамандықтардың кәдеге аспай қалатыны да айтылып жүр. Бұрын электр желісі саласында тәп-тәуір жұмыс істеп жүрген Ринат Гиззатуллиннің көңілі осыдан төрт жыл бұрын қаз өсіруге ауды. Шынын айтқанда, бұрын үйде он-он бес қаз ұстағанымен, бұл орайдағы шаруаның ұңғыл-шұңғылын байыптап, зерттеп көрмепті. Сондықтан әуелі осы бизнеспен айналысып жүрген адамдардан сыр тартқан, тәжірибе алмасқан. Кірісі мен шығысын есептеген. Содан соң барып біржола бел буған. Өйткені қаз еті таңсық тағам санатында. Еті де, жұмыртқасы да, тіпті мамығы да сұранысқа ие. Бағымы да аса қиын емес. Рас, балапан кезінде көзден таса қылмау керек. Бір-екі айдың ішінде өсіп-жетілген соң бақташыны қажет етпейді. Суы мен жемі болса болғаны.
Қаз бағатын фермердің тыныс-тіршілігін бас көмекшісі Римма Абдуллақызы таратып айтып берді. Алдымен қажетті жер телімін алса керек. Аз уақыттың ішінде құс қорасын, екі қойманы, инкубаторға қажетті баспананы салып алған. Башқұртстаннан қаз жұмыртқасы жеткізілген. Тірнектеп жүріп голландиялық «Линда» қаздарын мың басқа жеткізген. Алдағы уақытта әлі де мүмкіндігіне орай көбейте бермекші. Қаздың бұл тұқымы күй талғамайды. Тез өсіп жетіледі, өзге қаз тұқымдарына қарағанда етті де көп береді.
Ринаттың бизнестегі алғашқы қадамына мемлекет тарапынан көмек көрсетілген екен. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандарының көмегімен тиісті дайындықтан өтіпті.
– Бизнес жоспарын сәтті қорғады. Жылдық 6 пайыздық өсіммен 4 млн теңге несие алды, – дейді ауылдық округ әкімі Оралбек Бекішев, – мен өз тарапымнан қаз фермасының округ тұрғындарына өте пайдалы екенін баса айтқым келеді. Біріншіден, оның өнімі экологиялық жағынан таза, диеталық құс еті әрі ауылдастарын жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Облыс орталығындағы базарлардағы бағадан 15 пайызға арзан. Ол ауылдық жерде де адал еңбегімен кәсіп ашуға болатынын көрсетіп, жол бастап отыр.
Өткен жылы құс фермасы 800 қаз сатыпты. Семіз әрі таза ет бірден өтіп кетсе керек. Бағасына кәсіпкер де, сатып алушылар да разы.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы