Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Өткенде Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылында 15-16 жастағы екі жасөспірім итті тірідей өртеп, әлеуметтік желі қолданушыларының жанын түршіктірсе, Атырау облысының Еркінқала ауылындағы жасы отыздан асқан азаматтың итті есікке қысып қойып, үстіне бар салмағымен секірген бейнетаспасы тарады. Бұл не, психологиялық ауытқу ма, жоқ әлде ХХІ ғасырдағы азғындықтың айнасы ма? Көрген адамның көзі, естіген жанның жүрегі шыдамайтын барып тұрған бассыздық, айтуға ұят айуандық бұл! Ата-бабасы табиғатпен тел өскен ұлттың ұрпағы осындай болмауы керек еді ғой?! Жаға ұстатарлық қаныпезерлік қанымызда қайдан пайда болды? Оны білмейміз. Бір білетініміз, келе-келе мұндай озбырлар браконьерлік әрекетке барудан да тартынбайды.
Браконьерлік демекші, бүгінде мал бауыздар алдында «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ», деп бет сипайтын ауыл ақсақалдары да азайып барады. Ондай көнекөздер түз тағысына қару ала жүгірмеген. Төлдетіп отырған төрт түлігіне жауыздық жасаған да емес. «Киесі атады, қарғысы ұрпағыма жабысады» деп, аңшылықтан басын аулақ салған қарияларды да көрдік. Өкініштісі сол, ондай ақсақалдардың айтқанын тыңдап, тілін алып жатқандар жоқтың қасы. Соның кесірінен жазығы жоқ жануарды азығы жоқтықтан емес, керісінше, көйлегі көк, қарны тоқтықтан аулайтындар көбейді. Ермек үшін елден жасырынып, төгуге тұрарлық қан, атуға тұрарлық аң іздеп жүргендер туралы мәліметті күнде еститін болдық. Ол – ол ма, олжасына мақтанып, жайрап жатқан жануарлардың жанында суретке түсетіндерді қайтерсің...
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі келтірген мәліметке сенсек, биылғы алғашқы жартыжылдықтың өзінде браконьерлерден ақбөкеннің 1571 мүйізі мен 513 тұтас еті тәркіленіпті. 513 киіктің көз жасына қалдық деген сөз! Өткен жылы осы мерзімде елімізде 25 браконьерлік әрекет тіркеліп, акбөкеннің 530 мүйізі мен 650 тұтас еті тәркіленген болатын. Яғни былтырмен салыстырғанда биыл мұндай оқиғалардың саны айтарлықтай өскені байқалады. Солай бола тұра, құрықталғандардың санына қарап, мемлекеттік органдардың қылмыстық топтардың жолын кесудегі арта түскен жұмыс үйлесімділігі мен өзара іс-қимыл жеделдігін де алға тартуға болады.
Жалпы, алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 3748 оқиғасын анықтады. Үш мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке, 12 браконьер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жаза басып, жазаланғандарға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 44 млн теңгеге жетіп, залал көлемі 1,6 млрд теңгені құрап отыр. Былтыр осы кезеңде 4 197 оқиға тіркеліп, әкімшілік жауапкершілікке 3 335 адам, қылмыстық жауапкершілікке 19 адам тартылған болатын. Ал сол кездегі салынған айыппұлдың жалпы сомасы 45,6 млн теңгені құрап, залал көлемі 870 616,2 мың теңгеге жеткен еді.
Табиғатқа келтірген зияны былай тұрсын, кей браконьерлердің қандықол қарақшыға айналып, адам қанын арқалағаны айрықша алаңдатады. Елді есеңгіреткен ондай қайғылы оқиғалар өткен жылдың өзінде екі мәрте тіркелді. Былтыр жыл басында Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Теңіз көлінің оңтүстік-батысында «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің екі инспекторы киік атқандарды құрықтаймын деп жүріп қаскөйлердің қатты соққысына жығылған еді. Сол соққылардың салдарынан қорықшы Ерлан Нұрғалиев өмірден озып, оның әріптесі Петр Ницык ауыр жарақаттанған болатын.
Осы оқиғадан кейін жарты жыл өтер-өтпесте «Охотзоопром»-ның тағы екі инспекторы браконьерлерден зәбір көрді. Олар Ақмола облысына қарасты Жарқайың ауданында киік атып жүргендердің ізіне түскен. Жауапқа тартылғысы келмегендер қорықшыларға қарсы оқ атып, инспектор Қаныш Нұртазинов қаза тапқан еді. Сол күні қасындағы әріптесі Самат Оспанов та жараланды.
Әрине, екі аяқты айуаннан төрт аяқты хайуанды қорғаймын деп жүріп жапа шеккен ерлерді ел есінен шығармайды. Ақындар жыр арнап, суретшілер үй қабырғаларына алып мурал кескіндеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде ерен ерлік пен қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Е.Нұрғалиев (қайтыс болғаннан кейін) пен П.Ницык ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Қ.Нұртазиновты І дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттаса, С.Оспановтың өңіріне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені тағылды.
Осымен тоқтауға болатын ба еді? Жоқ! Қаскөйлерді жазалау өз алдына, қорықшылардың өлімінен сабақ алып, заңнамаға түзету енгізер кез келгені айқын білінді. Осылайша бұл қайғылы оқиғалар еліміздегі браконьерлік мәселесін шешуге қомақты қозғау салды. «Қорықшы-инспекторлар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қорғау жолында ержүректілік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз. Қ.Нұртазиновтің отбасына көмек көрсетіледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын! Қорықшы-инспекторлардың құқықтарын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет», деді Қ.Тоқаев.
Осы бір опасыз әрекеттерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі өткір сынға алып келеді. Тіпті, ел Президентінің браконьерлікке қарсы жазаны күшейту туралы пікірі өткен жылы жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында да көрініс тапты. «Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты. Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты. Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық тобы ұсталды. Бұл тек бір ғана мысал, алайда браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде», деген Қ.Тоқаев Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Ол жұмыстар да Үкімет назарынан тыс қалған жоқ. Заң күшейді. Бұдан былай заңсыз аң аулаған адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болса, бір емес, бірнеше рет браконьерлік әрекетке барға тұлғаның бас бостандығынан айырылу мерзімі 4 жылға дейін ұзартылды. Ал жануарлар дүниесін қорғап жүрген мемлекеттік инспекторларға қатысты зорлық-зомбылық көрсетілген жағдайда құқық бұзушы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
P.S. Осы күні марқұм Ерлан Нұрғалиевтің құралайды көтеріп тұрған суреті көз алдымызға жиі келетін болып жүр. Жай сурет емес, қасиет пен қасіреттің, өкіну мен опынудың суреті, жан-жануарлар әлеміне деген кіршіксіз махаббаттың символы еді осы қас-қағым сәт. Бәлкім, қару-жарақ сататын әр дүкеннің маңдайшасына осы портретті іліп қою керек шығар. Сонда көзі жәудіреген құралайға да, оны аялап жүрген жүздеген қорықшыға аяныш сезімі ұялап, оқ атылмайтын ба еді...