Тұмшаның ерекшелігі, оны таққан адам ауру жұқтырамын деп қорықпастан тамағын да іше береді. Дизайнерлердің тапқырлығы – тұмшаны желпуіш тәрізді жасауында. Қатты қағаздан жасалған тұтқаға бекітілген, төрт бұрышты етіп керілген қорғаныш қабаты бар тұмшамен ауыз бен мұрынды қалқалап, тамақ ішуге де, әңгімелесуге де болады, бұл адамдардың қалыпты тірлікке көшуіне көмегін тигізеді, деп есептейді оны ойлап табушылар.
Жоба авторы Масако Сасаки «Біз SARS-CoV-2 тудырған қолайсыздықты азайтып, жаңа базалық этикетті Киотодан бастап орнатқымыз келеді», деген ой айтты. Алайда бұл тұмша адамның қол қимылын шектеп, ыңғайсыздық тудырады деген пікірлер де бар көрінеді.
Жаңа тұмшаны 20 адам тестілеуден өткізгенде қолданушылар өздерін аурудан қорғану тұрғысынан жақсы сезінгенін айтыпты.
* * *
Францияның теңіздегі иелігі – Жаңа Каледонияның билігі архипелагта шекарадағы қосымша шектеу шараларын 2021 жылдың 27 наурызына дейін созу жайында шешім қабылдағаны жайлы Le Figaro жазды.
Жаңа Каледония Тынық мұхиттағы вирустан зардап шекпей тыныш жатқан аймақтың қатарынан. Архипелагтағы 270 мың тұрғынның арасынан бүгінге дейін бар-жоғы 23 адамнан SARS-CoV-2 тіркелген. Оған пандемия жарияланғалы аралдарға халықаралық әуе қатынастарының азаюы және келген жандардың отельдерге тоқтап, екі апталық оқшаулануды сақтауы себеп болған. Архипелагқа келген әр адамға тест қортындысын көрсету міндеттеліп, кетерінде тағы да тексерілуден өтуі міндеттелген. Бұл қағидаттың қатаң сақталуы Жаңа Каледония халқын аурудан сақтауға көмектесті деген жергілікті билік осы тәртіпті келер жылдың наурызына дейін ұзартқан.
* * *
ЕО одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының тоқтаусыз барып-келуіне болатын елдердің жаңа тізімін жасады деп хабарлайды босниялық Dnevni avaz агенттігі.
Жаңа тізімге Балқан түбегінің батысын жайлаған бірқатар мемлекеттер кірмей қалған көрінеді. Аталған тізімнен Босния мен Герцеговинаны таппаған батыс баспасөзі тізім ЕО деңгейінде міндетті түрде орындалуы қажет деген құжат санатына саналмағанымен, мүше-мемлекеттер оның аясынан шықпайды деп есептейді. Алайда құжатта кейбір елдер қай елдің азаматын вирусқа қарсы тест көрсетіліміне қарай кіргізуге ұйғарым шығаруына ерікті екені атап өтілген.
ЕО рұқсат беріп, даңғыл жол ашқан мемлекеттер қатарына Аустралия, Канада, Грузия, Жапония, Марокко, Жаңа Зеландия, Руанда, Оңтүстік Корея, Таиланд, Тунис, Уругвай және Қытай енген. Ақпаратта Бейжіңнің де ЕО елдері азаматтары үшін шекарасын ашуға уәде бергені жазылған екен.
* * *
Аргентинада тәулік ішінде 10 504 адамның ауру жұқтырғаны тіркелген.
Елдің денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенген REGNUM 428 239 адамның SARS-CoV-2 тырнағына ілінгенін жазады. Кешегі күні 259 пациент осы ауру салдарынан көз жұмып, індет басталғалы 8919 аргентиналықтың тынысы тоқтаған көрінеді.
Латын Америкасындағы көптеген елдер вирустан көз аша алар емес. Әлем бойынша Бразилия екінші орынға шығып, осы құрлықты мекендеген мемлекеттер қатары экономикалық қиындықтарға тап болып жатыр.
* * *
Пандемия басталғалы 20 мыңнан астам азаматынан айырылған Колумбия үкіметі карантин талаптарын босатқан.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, елде 20 052 адам індеттен ажал құшып, 624 069 азаматтың ауру жұқтырғаны тіркелген. Ал дәл осы уақытта, 133 155 пациент аурумен арпалысып жатқанда билік бірқатар аймақтарда карантин талаптарын босаңдатуды, тіпті алып тастауды көздеген. Шектеу тек ауру белсенділігі жоғары өңірлерде ғана сақталады, ал қалған аймақтар сақтық шараларын ұстана отырып қалыпты тіршілікке көшеді делінген.