Пікір • 04 Қыркүйек, 2020

«Жасыл» экономикаға серпін береді

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздің экономикалық бағдары негізгі жеті қағидаға негізделетінін айтты, оның ішінде «Жасыл» экономика тұжырымдамасына айрықша мән бергені құптарлық іс. Бұл тұжырымдаманы іске асыру үшін еліміздің экологиялық стратегиялық бағытын толығымен қайта қарастыру керек.

«Жасыл» экономикаға серпін береді

Президент Жолдауда бірнеше өзекті мәселені көтеріп, атап айтқанда, экологиялық ахуалды реттеудің тетіктерін ұсынды. Бұл орайда елімізде жаңа Экологиялық кодекс әзірленіп, оны жыл соңына дейін қабылдау бойынша Парламентке тапсырма жүктелгенін айта кету керек. Мемлекет басшысының «жасыл» өсімге қатысты барлық бастаманы қолдап, оны енгізудің жолдарын Үкіметке тапсырғаны дұрыс деп есептеймін. Неге десеңіз, экономиканы тек қана шикізатқа негіздеу тиімсіз. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып, «Жасыл» бағыттағы жобаларды енгізудің маңыздылығына тоқталды. Бүгінде еліміздегі экологиялық жағдай көңіл көншітерліктей емес. Мұны мойындауымыз керек.

Сонымен қоса жаңа Экологиялық кодексте көр­сетілгендей, ірі өндіріс орындарын озық қолже­тімді технологияларға көшіру жұмыстарын жеделдеткен артық етпейді. Егер де осы бағыттағы тың әдістерді тиімді пайдаланса, «жасыл» экономиканың барлық индикаторы толық жүзеге асырылуы мүмкін. 

Пандемия уақытында адамдардың жануарларға жасаған қиянаттары көбейіп кеткені жасырын емес. Осыған қатысты тиісті заң қабылдануы керек. Соның негізінде зарарсыздандырудан бас­тап, зообақтардың жұмысын жүйелендіру сынды маңызды мәселелерге көңіл бөліну қажет деп санаймын. Мысалы, көршілес Ресейде жануарларға қысым көрсеткен адамдар заң алдында жауап береді. Демек, ол жақтағы халық жауапкершілікті түсінеді. Біздің елімізде де осындай заңнамалық тетіктер қарастырылса, жағымсыз жағдайлар ты­йылар еді. Сол секілді экологиялық тәрбие сағатын енгізудің маңыздылығы басым. Тәрбие тал бесіктен басталатынын ескерсек, өскелең ұрпақтың бойына жануарларға деген жанашырлық сезімді сіңіре білуіміз керек.     

 

Елдос АБАҚАНОВ,

«Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары