Астана! Оның тұрған жері де, өзі де ғажап! Күндіз әдемі сәулетімен таңдандырса, түнгі аспанында менмұндалайтын сансыз жұлдыздар алапат бір киіз үй шаңырағы уықтарына бекітіліп қойғандай төгіле жыпылық қағады. Тәулік бойы көкжиек асып батпайтын Темірқазық жұлдызы, қазақ аңызы бойынша оған шылбырланған Ақбозат пен Көкбозат, оларды төңіректей күні-түні айнала қозғалатын Жетіқарақшы аспан әлемінен жарық нұрын шашып тұрады.
Астана! Оның тұрған жері де, өзі де ғажап! Күндіз әдемі сәулетімен таңдандырса, түнгі аспанында менмұндалайтын сансыз жұлдыздар алапат бір киіз үй шаңырағы уықтарына бекітіліп қойғандай төгіле жыпылық қағады. Тәулік бойы көкжиек асып батпайтын Темірқазық жұлдызы, қазақ аңызы бойынша оған шылбырланған Ақбозат пен Көкбозат, оларды төңіректей күні-түні айнала қозғалатын Жетіқарақшы аспан әлемінен жарық нұрын шашып тұрады.
Тек бұл жеке жұлдыздар мен шоқжұлдыздар ғана емес, жыл он екі айда Торпақ шоқжұлдызы құрамындағы қазақтың әсерлі аңызында сұлу қыздар болып суреттелетін Үркер жұлдыздар шоғыры, осындағы Сұлусары жарық жұлдызы, Үшарқар-Таразы шоқжұлдызы мен оның соңынан іле-шала шығыс көкжиектен жарқырай көтерілетін аспанның ең жарық әрі сұлу жұлдызы – Сүмбіле жұлдызы мен Ай, Шолпан, Асқақ ғаламшар, Қызыл ғаламшар да Астананың түнгі аспанын ғажайып көрініске бөлейді.
2012 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырысы және ықпалымен ерекше жоба бойынша мектепке дейінгі балалар мен жасөспірімдердің білімдерін қосымша жетілдіру мақсатында Астанада салынған еліміздегі ең ірі Оқушылар сарайы жұмыс жасап келеді. Онда үйірмелерге, секцияларға, студияларға лайықталған 50-ден аса бөлімдер бар. Бұлар: драма театр залы, сурет галереясы, интернеторталық, медиаорталық, дәрігерлік орталық, Қысқы бақ, кітапхана, зертханалар, үйірмелердің жұмыс жасауларына арналған кабинеттер және басқалар. Оқушылар сарайы қызметінің негізгі міндеті – оқушыларға ғылымның математика, химия, биология, микробиология, фармацевтика, экология, биотехнология, физика, астрономия, астрофизика, тәжірибелік және бақылау астрономиясы, информатика, бағдарламалау, интернет жобалау, нанотехнология мен жаңа ақпараттық технологиялар және тағы басқа ғылым салалары бойынша қосымша сапалы білім беру.
2012 жылғы қыркүйек айынан бастап Оқушылар сарайында 9083 баланы қамтитын 500 топта 135 үйірме жұмыс жасайды. Оларға педагогтар, үйірме жетекшілері, әдістемешілер, педагог-ұйымдастырушылар мен елімізге белгілі ғалымдар, мамандар, музыканттар, ғылым, мәдениет және спортқа еңбегі сіңген қайраткерлер дәріс береді. Оқушылар сарайы базасында интерактивтік технологияның арнайы құралдары көмегімен белсенді оқуды дамытуды жүзеге асыратын балалар мен жасөспірімдерге арналған Ұлттық интерактивтік парк жұмыс жасайды.
Осындағы диаметрі 16 метр келетін, қазақтың отыз қанатты киіз үйіндей дөңгеленген күмбез бөлме – көрсетілімі 3D технологиясымен жүзеге асырылатын панорамалы және планетарлық проекциялы Планетарийдің алатын орны ерекше. Оның дөңгелек қабырғасының екі қапталына астрономиялық көрсетілімдерді жүзеге асыратын екі проектор орнатылған. SRX-T110 проекторына 11 000 люмен жарық беретін 2 киловаттық екі ксенон шамы, SRX-T105 проекторына 5 500 люмен жарық беретін 1 киловаттық екі ксенон шамы бекітілген. Ксенон шамдары Планетарий күмбезін толыққанды біртегіс жарық етеді. Проекторда қажетті түрлі мақсат үшін екі шам жүйесі қолданылады. Электр қуатын үнемдеу қажет болғанда немесе бір шам кенеттен күйіп кеткен жағдайда проектор бір шаммен де жұмысын жалғастыра береді.
Шамамен 8 850 000 пиксел құрайтын үш SXRDтм (жылдам әрекетті шағылыстырғылы сұйықкриталды матрица) бар жаңа бірегей Sony панелі 4096 х 2160 нүктеде айқындығы жоғары бейне түсіруге мүмкіндік береді. Бұл түсірілім айқындығы HDTV (айқындығы жоғары телевидение) айқындығынан төрт есеге асып түседі. Проектор осындай жоғары айқындылықта бір бейнені бір, екі және төрт экранда немесе түрлі бейнені бір мезгілде төрт экранда қатар көрсете алады. Планетарий ішіндегі жұмсақ орындықтарда отырып біз жұлдызды әлеммен жанасқандай әсер аламыз, тіпті, бір мезетте өзімізді Планетарий күмбезімен бірге жұлдызды әлем кеңістігін шарлап ұшып кетіп бара жатқандай да сезінеміз.
Планетарийдің бейнеқорынан тек жұлдызды әлем ғана емес, оған бағытталған ғарыш сапарларының жетістіктері жөніндегі бейнекөріністерді де тамашалай аламыз. Күн жүйесі, оны құрайтын Олпан (Меркурий), Шолпан (Венера), Жер, Ай (Луна), Қызыл ғаламшар (Марс), Асқақ ғаламшар (Юпитер), Қоңырқай ғаламшар (Сатурн), Уран, Нептун, Плутон мен кіші ғаламшарлардың, құйрықты жұлдыздардың, Сүмбіле (Сириус), Сұлусары (Альдебаран), Үркер (Плеядтар) жұлдыздар шоғырының, Үшарқар-Таразы (Орион), Босаға шоқжұлдыздарының, галактика, метагалактикалардың және тағы басқа да аспан шырақтары мен денелерінің экрандық бейнелерін анық көріп, олар жайлы мол мағлұмат аламыз.
Астрономия бөлмесі қабырғасындағы монитордан аспан шырақтары мен денелерін тікелей көріп бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған Обсерватория мұнарасы Планетарий күмбезімен қатарлас Оқушылар сарайының шатыры үстіне орналастырылған. Мұнараның ең жоғарғы қабатында үлкен айнасының диаметрі 410, жарықтылық аймағы 65, қосымша көмекші айнасының диаметрі 158, тұла бойының ұзындығы 1238 миллиметр, салмағы 41 килограмм келетін, 14 шамадағы жұлдыздарға дейін жақындатып-ұлғайтып, автоматты-компьютерлі жүйелер арқылы астрономия бөлмесіндегі мониторға анық етіп беретін RK 16 телескопы жұмыс жасап тұр. Телескопқа кездейсоқ аспан құбылысын дер кезінде суретке түсіріп алатын цифрлы фотоаппарат бекітілген.
Обсерваторияның «Астрономиялық бақылаулар» үйірмесінде мамандар балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, ізденістік ой-толғамдарын, ғылыми дүниетанымдық қабілетін қалыптастыру, табиғатты танып-білуін дамыту мақсатында олармен бірге жұлдызды әлемге бақылау-зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. 2012 жылғы қазан айынан бергі уақыт ішінде Шолпан, Қызыл ғаламшар, Асқақ ғаламшар, Уран, Нептун мен Веста, Церера кіші ғаламшарлар монитордан менмұндалады. Алдағы уақытта Қазақстан, Байқоңыр, Абай, Сәтбаев есімдерін алған ғаламшарлар бақыланып зерттелсе, нұр үстіне нұр болмақ.. Олардың бел ортасынан Астана ғаламшарының жарқырайтын күні де алыс емес.
Жүніс САХИЕВ,
жазушы-фантаст.