Спорт • 04 Қыркүйек, 2020

Алексей Луценко топ жарды

204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Францияда өтіп жатқан "Тур де Франс" көпкүндігінің алтыншы туры "Астана Про Тим" клубының мүшесі Алексей Луценконың айқын жеңісімен аяқталды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Алексей Луценко топ жарды

Қазақстандық велошабандоз 191 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 32 минут 34 секундта жүріп өтті. Екінші және үшінші орынды испаниялық Хесус Эррада («Cofidis, Solutions Crédits») мен нидерландтық Грег Ван Авермат («CCC Team») иеленді. Бір айта кетерілігі, бұл Алексей Луценконың «Тур де Франстағы» алғашқы жеңісі. Ал отандастарымыздың арасынан айтулы жарыстың белгілі бір кезеңінде тек Александр Винокуров қана топ жарған болатын. Ол осыдан 10 жыл бұрын сол нәтижеге қол жеткізді.

Жалпы есепте Адам Йейтс («Mitchelton-Scott») көш бастап келеді.  Ұлыбритания өкілінің көрсеткіші – 27:03:57. Екінші және үшінші орындарда Словенияның қос сайыпқыраны – Примож Роглич («Team Jumbo-Visma») пен Тадей Погачар (UAE-Team Emirates). Ал «Астананың» велошабандоздары арасынан ең үздік көрсеткіш Мигель Анхель Лопеске тиесілі. Ол әзірге10 орынды еншілеуде.