Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2020

"1 минут" тележобасының таныстырылымы өтті

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілін насихаттауға бағытталған "1 минут" танымдық тележобасының онлайн таныстырылымын өткізді. Танымдық тележобақыркүйек айының алғашқы күндерінен бастап Астана телеарнасынан көрсетіле бастайды, деп хабарлайды Egemen.k.

"1 минут" тележобасының таныстырылымы өтті

Шараны Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба құттықтау сөзімен ашты. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін" деген сөзін еске сала келіп, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай көрсетілетін жобаның еліміздің мәдени өмірінде елеулі оқиға болатынына тоқталып: "Халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің алтын ұясы – ана тіліміз. Бүгінгі шара қазақ тіліне деген қамқорлықтың белгісі. "Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды" деп жатамыз, керісінше, тіл майданында аймақтардағы Тіл басқармалары, тіл патриоттары, тілі үшін шырылдап жүрген жеке тұлғалар үлкен рөл атқарады. Көрерменге жол тартып бара жатқан бұл жобаның басы-қасында болған барша әріптестеріме алғыс айтамын", деді.

Астана телеарнасынан көрсетілетін "1 минут" жобасының мақсаты – кейбір сөздердің дұрыс айтылып, дұрыс жазылуына көңіл аударту, жалпы қазақ тілінде сауатты жазуға, сөйлеуге машықтандыру, тіл мәртебесін көтеру екен.

Жоба жетекшісі белгілі журналист Нартай Аралбайұлының айтуына қарағанда жұмыс тобы, дүние жүзіндегі осы мазмұндас бағдарламалардың біразын шолып шығып, ақыры брейн-ринг ойыны тәсілін таңдапты. Атау қояр кезде поэтикалық атаулардан саналы түрде бас тартып, ел ішінде "1 минуттан кейін келемін" деген секілді жиі қайталанып айтылып жүрген сөзге тоқтам жасаған.