Спорт • 07 Қыркүйек, 2020

Жеребе жеңіл түсті ме?

310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда Швейцарияның Ньон қаласында футзалдан 2022 жылы Нидерландтың Амстердам мен Гронинген қалаларында өтуге тиіс Еуропа чемпионатының жолдамалары сарапқа салынатын іріктеу турнирінің жеребесі тартылғаны жайында біз бұған дейін де хабарлағанбыз.

Жеребе жеңіл түсті ме?

Алдағы іріктеу турнирі мынадай форматта өтеді: 32 елдің өрендері төрт-төрттен сегіз топқа бөлініп, «үйде» және «түзде» жүйесі бойынша өзара шеберлік байқасады. Әр топта көш бас­та­ған ұлттық құрамалар қарт құр­лықтың басты жарысының жолдамасына бірден иелік етеді. Екінші орын алғандар арасында ең көп ұпай жиған алты команда да дәл сондай құрметке бөленеді. Қызғалдақтар еліне сапар шегетін тағы бір команда қосымша кездесу арқылы анықталады. Оған жарыс қожайындары – Нидерландты қосыңыздар. Барлығы – 16 команда!

Іріктеу бәсекелері үстіміздегі жылдың қараша айында басталып, келесі жылдың көктеміне дейін созылады. Ал Еуропа чем­пионатының өзі 2022 жыл­дың 19 қыркүйегі мен 6 ақпа­ны аралығында өтеді. Амстер­дамдағы ойындарды 17 000 адамды сыйдыратын «Ziggo Dome» және Гронингендегі матч­тарды 4 500 көрерменге есептелген «MartiniPlaza» ареналары қабылдайды.

Қазақстанның футзалшылары 5 топқа түсті. Әзірге екі қарсыласымыз белгілі. Олар – Мажар­стан мен Беларусь. Бұл топта өнер көрсететін та­ғы бір команда Израиль мен Кипр арасындағы кездесуден кейін анықталады. Қай жеңгені іріктеу сынына қатысады. Осы төрттіктің арасында Қазақстан құрамасы басты фаворит екені еш дау туғызбаса керек. Өйткені жерлестеріміз осы күнге дейін Еуропа чемпионатына екі мәрте ғана қатысқанына қарамастан, екі ретінде де үздіктер қата­рынан көрінді. Нақтылап айтсақ, 2016 жылы Сербияда өткен доп додасында қола медальды иелендік. Топтық турнирден іркілмей өткен соң ширек финалда Италиядан (5:2) басым түстік. Жартылай финалда Испанияға (3:5) есе жі­берсек, үшінші орын үшін тартыста алаң иелерінен (5:2) айламызды асырдық. Ал 2018 жылы Словенияда ұйымдастырылған жарыста төртінші орынға табан тіредік. Сол турнирде өз тобымызда көш бастап, плей-офф сайысының алғашқы ойынында Сербияны (3:1) сан соқтырғанымызбен, жартылай финалда Испанияға (5:5, пенальтиден – 1:3) жол бердік. Қола медаль үшін кездесуде Ресейден (0:1) ұтылдық. Оның сыртында Қазақстан футзалшыларының Азия біріншілігінде екі мәрте (1999 жылы – қола, 2000 жы­лы – күміс) жеңіс тұғырына көтеріліп, 2016 жылы әлемдік доданың плей-офф сайысында өнер көрсеткені тағы бар.

Ал қарсыластарымыздың қауқары қандай? Енді осы сауалға тұщымды жауап іздеп көрейік. Өз тарихында Беларусь құрамасы Еуропа чемпионатында бір рет қана бақ сынады. 2010 жылы Мажарстанда жалауы желбіреген жарыста Испаниядан ұтылып, Португалиямен тең ойнады. Доп айырмашылығы – 6:14. Өз тобында соңғы орында қалып қойған олар плей-оффқа шыға алмады. Ал әлем чемпионатына белоруссиялықтар мүлде қатысқан емес.

2017 жылы Беларусь өкілде­рінің Қазақ елі өрендерімен екі мәрте жолы қиысқанын жанкүйерлердің есінде болар. Алматыда өткен сол жолдастық кездесулердің алғашқысында алаң иелері 0:1 есебімен есе жіберген еді. Есесіне қарымта бәсекеде жерлестеріміздің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Есеп – 3:0.

Мажарстан құрамасы қарт құрлықтың басты додасына үш мәрте қатысты. Үшеуінде де сәтсіз өнер көрсетіп, плей-офф додасының жолдамасынан қағылды. Мәселен, 2005 жылы Италия (0:5), Испания (2:4) және Португалиямен (3:5) бір топқа түсіп, аталған командалардың барлығынан да жеңілді. 2010 жылы Әзербайжан (1:3) мен Чехиядан (5:6) ұтылды. 2016 жылы Испания (2:5) мен Украинаға (3:6) қарсылық көрсетіп жарытқан жоқ.

Сөз орайы келгенде, 1989 жылы Нидерландта ұйым­дас­тырылған тұңғыш әлем чемпио­натында күш сынасу құрметіне ие болған мажарстандықтар сол жарыста көпшіліктің қошеме­­тіне бөленгенін айта кетуге тиіспіз. Топтық турнирдің тұ­саукесер кездесуінде олар әй­гілі Брази­лиядан (3:2) басым түсті. Бұл ешкім күтпеген нә­тиже еді. Келесі матчта атақты Ис­панияға (3:5) жол бергенімен, одан кейін Сауд Арабиясының (11:2) тас-талқанын шығарды. Бұл осы турнир барысында тір­­келген ең ірі есеп еді. Әлем­дік доп додасының екінші кезеңінде Мажарстан футзалшылары Нидерланд (3:3) және Бельгиямен (2:2) тең түскенімен, Италиядан (1:3) ұтылды. Осы­лайша олар жарыс жолынан шығып қалды.

Ал Израиль мен Кипр құра­малары осыған дейін футзал­дан өткен жарыстардың бірде-біреуінде ауыз толтырып ай­тар­лықтай көрсеткішке қол жет­кізе алған жоқ. Олар не әлем­дік, не құрлықтық бірін­шілік­терге қатыспаған. Сол себепті де біздің топқа қайсысы түссе де, олардың жерлестерімізге жарытып қарсылық көрсете алмайтыны анық.

Іріктеу кезеңінің топтық турнирінде өнер көрсететін командалар

1 топ: Сан-Марино/Дания, Хорватия, Албания, Украина

2 топ: Болгария/Армения, Франция, Грузия, Ресей

3 топ: Түркия/Грекия, Әзер­байжан, Словакия, Молдова

4 топ: Англия/Солтүстік Македония, Румыния, Сербия, Босния мен Герцеговина

5 топ: Израиль/Кипр, Қазақ­стан, Мажарстан, Беларусь

6 топ: Швейцария/Германия, Испания, Латвия, Словения

7 топ: Черногория/Литва, Ита­лия, Бельгия, Финляндия

8 топ: Польша, Португалия (чем­пион), Норвегия, Чехия