Бұған дейін құрылған мемлекеттік және қоғамдық тетіктер, сондай-ақ дайындалған «қауіпсіздік белбеуі» жаһандық індет дағдарыстың бірінші кезеңін жұмсартуға мүмкіндік берді, бірақ бүгінгі таңда қиындықты еңсеріп қана қоймай, одан әрі даму векторына шығуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар қажет.
Сондықтан Қазақстанның барлық азаматтары осы Жолдауды әлемдік нарықтардағы экономикалық күйзелістен, ауыр пандемиядан және әлеуметтік-экономикалық мәселелерден кейінгі одан әрі дамудың маңызды сұрақтарына жауап табуға үміт артып күтті.
Әрине Жолдау халық пен елдің ең маңызды, өзекті және өткір мәселелеріне жауап беретін ерекше мәнге ие болды.
Біріншіден, Жолдауда елдегі жағдайға барынша айқын және егжей-тегжей талдау жасалған және елдің экономикалық және әлеуметтік саладағы, мемлекеттік басқару, қаржы саласындағы дамуын тежейтін барлық нақты себептер көрсетіл-
ген.
Екіншіден, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы – реформалар туралы жолдау. Реформалар мемлекеттік басқарудың институционалдық саласына айналғаны маңызды, бұл олардың жан-жақты есептелуі мен тиімділігін көздейді.
Бұл ғана емес, реформалар институттарын құру – 2020 жылғы Жолдау тек бастамасы ғана екенін және басты өзгерістер әлі алда болатыны туралы айқын белгі. «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу» – бірінші кезектегі міндеттер, бірақ одан кейінгі бағдарламалар да ұмыт қалмайды.
Үшіншіден, Президент Қ.К.Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын әлеуметтік әділеттілік, тиімділік және бәсекеге қабілеттілік басымдықтарына негізделген сапалы жаңа вектор мен дамудың жаңа қағидаттарына шығару жөніндегі іс-қимылдың біртұтас стратегиясын белгіледі.
Бұл ретте қоғам өмірінің барлық салалары – экономика, әлеуметтік сала және елдің саяси өмірі терең реформалауға ұшырағанын ұғыну қажет. Бұрынғыдай жайбарақат тірлік енді ешқашан болмайды.
Мемлекет басшысының нақты және алдын алу тапсырмалары ғана емес, сондай-ақ реформалаудың тәсілдері мен жолдарын өзгертуге деген ең байыпты көзқарасы да назар аударуға тұрарлық. Заңның үстемдігі, адам құқықтарының сақталуы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі мен азаматтардың мүддесін қорғайтын әділетті мемлекет арқылы жүзеге асырылады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» үлгісі мемлекетті басқаруға азаматтық атсалысумен толықтырылады, бұл ретте жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға, яғни азаматтардың өздеріне тікелей қатысты мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігіне баса мән беріледі.
Осы жерден Жолдаудың тағы бір терең мәні – оның тағы бір бағыты – адам капиталға, елдің әр азаматына деген көзқарасы туындайды.
Төртіншіден, Жолдау Елбасы Н.Ә.Назарбаев саясатының терең стратегиялық сабақтастығын көрсетеді. Бұған «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен нақты үйлесетін және «жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» үштұғырлы жүйесінде қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа координаттарын білдіретін «Ұлттың жаңа сапасы» бөлімі дәлел бола алады.
Сондықтан қоғам мен халық алдағы реформалардың құрылымдық күрделілігі мен тереңдігі Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуын талап етеді деген тезисті белсенді ұғынуы тиіс.
Реформалар синергиясы оларды жүзеге асыру арқылы революциялық нәтиже береді, демек, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік қағидаттары Жолдаудың мақсаттарына қол жеткізудің – тұрақты дамыған, гүлденген Қазақстанды құрудың басты шарты болып қала береді.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі