"Биылғы оқу жылына арналған магистратура дәрежесі бойынша гранттарды тағайындау конкурстық комиссияның соңғы отырысы өтті. Магистратура бойынша грант иегерлері анықталып, конкурстық комиссияның ресми жұмысы аяқталды. 2020-2021 оқу жылына магистратургаға 12 829 грант бөлінді. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 12 119, бейіндік магистратурға 710 грант бөлініп отыр. Кешенді тестілеу 17 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтті. Кешенді тестілеу алғаш рет компьютерлік форматта электронды түрде өткізілді", деді ол.
БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының айтуынша, биылғы жылы тестілеуге 38 199 адам өтініш берген.
"Кешенді тестілеу аясында алынған баллдар негізінде конкурс болды. Тестілеуге 38 199 адам өтініш берді. Олардың ішінде 34 746 талапкер қатысты. Осы талапкердің арасында 13 051 үміткер мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Демек, 13 мыңнан астам талапкер кешенді тестілеуден 75-тен жоғары балл жинаған. 5 қыркүйекке дейін конкурсқа қабылдау жүргіздік. Гранттарды тағайындау конкурсына 12 179 адам қатысты. Конкурс 2 күн жүргізілді. Нәтижесінде комиссия шешімімен 10 202 адам грант иегері атанды. Оның 128 үміткер бейіндік магистратура негізінде грант алды", деді Ә. Тойбаев.
Сондай-ақ, ол бүгін кешке дейін министрліктің ресми сайтында, әлеуметтік желілерде және БАҚ-да грант иегерлерінің нақты тізімі жарияланатынын айтты.