Қоғам • 08 Қыркүйек, 2020

Моноқала: Дамудың кілті қандай?

1412 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жалпы қала халқының 16 пайызы қоныстанған моноқалаларды дамыту қолға алынғалы он жылдың жүзі болды. Осы аралықта біраз дүние оңалды. Шешілмеген шаруа да аз емес.

Моноқала: Дамудың кілті қандай?

Биылғы Жолдауда Президент айтқандай, моноқалаларды дамыту ісіне тың серпін беру аса маңызды. «Бұл ретте, қала құраушы кәсіпорындарға зор жауапкершілік жүктеледі. Олар барынша араласпаса, бұл міндет орындалмайды», деді Мемлекет басшысы.

Еліміздегі 27 моноқалада шамамен 1,5 млн-ға жуық адам тұрады. Деректерге сүйенсек, шаһарлардағы халық санының өсімі аса жоғары емес. Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметінде моно және шағын қалаларды қоса есептегендегі халық саны 2009-2019 жылдар аралығында бар-жоғы 52,5 мың адамға көбейгені көрсетілген. Бұл қала кәсіпорындарындағы өн­ді­рістік қуаттың кемуіне, ірі және үлкен қалалармен салыс­тырғандағы тұрмыс сапа­сы­ның төмендігіне тікелей қатысты.

Әдетте моноқалалардың мәселелері бір-біріне ұқсас келеді. Ондағы кешенді проблемалар да негізінен бұрынғы қала­құраушы кәсіпорындармен байланысты. Бірақ мұндай кәсіпорындарды дамытуға мемлекеттің көрсеткен қол­дауы, дәлірек айтсақ өндіріс орындарын тікелей және жанама субсидиялауы анау айтқандай экономикалық тиімділік көрсетіп отырған жоқ. Эко­но­микалық ынты­мақтастық және даму ұйымы­ның зерттеуінде моноқа­лалар­­дағы кәсіпорындарды субси­дия­лау немесе басқа да мемле­кеттік қолдау ша­ралары уақытша ғана болуы керек деп көрсетілген. Керісінше, оның бәрі жаңа, өзін-өзі ақтайтын, табысты өнді­рістерге бағытталуы керек. Өз кезегінде бұл мемлекеттің экономиканы әрта­раптандыру саясатымен ұштасады.

– Қазақстанның жер көле­мі үлкен бол­ғандықтан, моно­қалаларды дамы­ту айырықша маңызға ие. Бірді-екілі шаһар­ларға ғана назар аудару алға жете­лейтін жол емес. Сондықтан Үкіметтің моноқалалардағы аталған жағдайға көңіл бөлуі, әрдайым назарда ұстауы орынды. Мұндай шаһарларда кем дегенде бір үлкен жүйе құраушы кәсіпорын бар. Алайда жалғыз кәсіпорын мәселені түбегейлі шешпейді. Мейлі, үш-төрт кәсіпорын болған күннің өзінде жағ­дайдың жақсару мүмкіндігі шамалы. Себебі компаниялардың өз шаруасы, өз бағыты бар. Олар өндірісті ілге­рі­летуден артылған қаржының белгілі бір мөлшерін ғана қаланың дамуына жұмсайды. Жергілікті халықты жұмыс­пен қамтып отыр ғой дерсіз. Бірақ кә­сіп­орындарда негізінен ер адамдар еңбек етеді. Сонда жұмыссыз әйелдер, тәжі­рибесі толыспаған жастар не істеуі керек? Мұның шешімі бар, – дейді экономист Бейсенбек Зиябеков.

Оның пікірінше, өндіріспен ғана шектелмеу керек. Кейбір моноқалаларда ауыл шаруашылығын дамытуға мүм­кіндік мол. Екеуін қатар қолға алса, тіптен жақсы.

– Бір кездері қолға алынып, алай­да соңы сұйылып кеткен ауыл шаруа­шылығы кооперативтерін құру ісіне басымдық беру керек. Моноқалаларда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар көбірек салынуы тиіс. Бұл қаланың дамуына серпін беретін маңызды фактор. Бірден ірі кәсіпорын орнатуға күш салудың қажеті жоқ. Кі­шігірім өндірістер, шағын зауыттар кө­бейсе де жаман болмас еді, – дейді экономист.

Сарапшының меңзеп отырғаны инвестициялық бағыттағы зәкірлік жо­балар. Ұлттық экономика министр­лігінің ресми сайтындағы дерекке сүйен­сек, моноқалалардың экономикасын әртараптандыру мақсатында 2013-2019 жылдар аралығында 48 зәкірлік жоба жүзеге асырылған. Бірақ оның бәрі толық қуатпен жұмыс істеп тұрған жоқ.

EMCG консультанты, экономист Ақмарал Қамалиеваның хабарлауынша, 2017 жылы пайдалануға берілген 36 зәкірлік жобаның 24-і 50 пайыздық қуатпен ғана жұмыс істеген. Қаржының аздығынан 12 жобаны жүзеге асыру тоқтатылған.

– Моноқалалардағы зәкірлі жоба­лардың тізіміне көбіне бұрыннан бар жо­балар кіріп жатады. Дені жұ­мыс істеп тұрған өндірісті одан әрі ке­ңей­тіп, жаңа жұмыс орындарын ашу­ды негізгі критерий етіп алады. Бірақ бұл моноқалалардың экономика­сын әртараптандыруға жатпайды. Мәсе­лен, жез­қазғандықтар 2012 жылға дейін мемлекеттік мекемелер, базар мен «Қазақмыс» компаниясынан бас­қа жерде жұмыс орны болмағанын, өңір­лерді да­мыту бағдарламасы қабыл­данғаннан кейінгі жағдай да сол күйі өзгермегенін айтып жүр, – дейді Ақмарал Қамалиева.

Шынында да, осы күнге дейін жү­зеге асырылған зәкірлік жобалардың барлығы дерлік инновациялық сипаттан ада әрі моноқалалардың экономикасын әртараптандыру ұзақмерзімді әлеуетке арналмаған. Демек мәселенің түйінін тарқату үшін басқа жолдарды да қарастырған дұрыс.

– Меніңше, моноқалаларды олармен іргелес жатқан ауылдардан жеке бөліп алып қарастыруға болмайды. Барлығы кешенді түрде қамтылып қарастырылуы керек. Мысалы, моноқалалардың бірінен сүт өңдейтін зауыт ашылсын. Ал оған қажетті шикізат әлгі шаһардың іргесінде жатқан ауылдардан жиналуы керек. Немесе ауылдарда көкөніс өндірілсе, қа­лада өңделуі тиіс. Сонда ауыл мен қала арасындағы үзіліп қалған жіп қайта жал­ғанады. Моноқала да, ауыл да қатар дамиды. Бизнес саласы біраз шаруаны реттеп береді деп ойлаймын. Бізде үлкен, шағын және орта бизнестердің әрқайсысы өз қазанында ғана қайнап жатыр. Араларында байланыс жоқ. Осыны реттеу керек. Сонда ірі бизнес орта бизнеске, орта бизнес ірі бизнеске қызмет көрсететін болды. Ауыл мен қа­ланы да осылай жалғастырамыз, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Экономистің пікірінше, жаңа жұмыс орындарын құру кезінде әйелдер мен тәжірибесі толыспаған қыз-жігіт­тер на­зардан тыс қалып жатады. Моноқа­лаларды дамыту барысында назар ауда­рар дүниенің бірі осы.

– Көп жағдайда жұмыс орындары еразаматтардың ыңғайына қарай құрылады. Алайда жұмысқа қабілетті әйелдер мен тәжірибе жинап үлгермеген жастар да қамтылуы керек. Біз осы дүниені ескере бермейміз. Қоғамдық меншік деген ұғым бар. Бұл – барлық адамды ортақ іске ұйыстыру. Ортақ іске жас та, жасамыс та, әйел де, ер де қатар атсалысуы керек, – дейді ол.

Экономиканы әртараптандыру – моно­қалалардың дамуына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың негізгі индикаторы. Бірақ әзірше бұл үдеріс баяу жүруде. Үкіметтің ірі өндірістен бөлек, агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік, жеңіл өнеркәсіп секілді салаларға ден қойып жатқаны да сондықтан. Бәлкім, моноқалалардағы туристік әлеуеттің де тамырын басып көрген жөн шығар.